Латын әріптері – өмір талабы

Латын әріптері – өмір талабы

Ұлттық жаңғыру бағытында атқарылатын шаралардың бірі ретінде Елбасының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы айтқан ойлары жұртшылықтың, әсіресе, тіл мамандарының ерекше қолдауына ие болып отыр. Бұл мақала қазақ әліпбиі мен жазуын латын графикасына көшіру арқылы елімізді рухани жаңғыруға бастайтын маңызды құжат. Қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі туралы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ғылыми ортада сөз қозғала бастаған еді. Ғылыми қауыммен кездесулерде, басқа жағдайларда да тіл мәселесіне ерекше назар аударып жүретін Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік»,- дей келіп, «біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Одан кейін 2012 жылғы «Қазақстан - 2050» «стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - деп тағы да атап көрсеткен еді. Ал осы жылғы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек»,- деп, нақты тапсырма берген болатын. Латын әліпбиі туралы алғаш сөз қозғалғаннан бері ғылыми ортада латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен оны қазақ әліпбиіне көшіру мәселесі жөнінде түрлі дәрежедегі талқылаулар болып, көптеген ғылыми зерттеу мақалалар да, түрлі авторлардың құрастырған әліпбилері де жарияланды.

«Қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп Елбасы атап көрсеткендей, қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты - бұл қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазіргі орфографиямызды жетілдіру, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету болып табылады. Заман ағымына сай тіл де үнемі дамып, сөздік құрамы толыға түседі. Күнделікті өмірде танылған барлық заттар мен құбылыстар сол тілде сөз арқылы қолданыс табады. Егер осы сөздер өз ана тілінде, немесе ана тілдің заңдылығына бейімделіп қолданылмаса, онда кез-келген тілдің сөздік қоры жұтаң тартып, ол тілдің табиғи заңдылықтары бұзыла бастайды. Барлық уақытта да тілдің өзіндік заңдылықтарын ескеріп, үнемі жетілдіріліп отыруы керек. Қазіргі жазуымызда басшылыққа алатын негізгі емле ережелеріміз 1983 жылы қабылданды, одан бері тілімізге енген сөздер де көбейді. Сондықтан сөзіміздің қазақ тілінің басты заңдылығы-үндестік заңына сай жазылуына назар аударған жөн. Мысалға, қазақтың Жанар, Айнұр, Өтеміс деген аттарын Жанара, Айнура, Утемис деп айтуға үйреніп кеттік. Қазақтың үндесе айтылатын сөздерін Ысмайыл-Смайл, Ысқақ-Сқақ, Ырысты-Рысты деп тіліміздегі дыбыстар тіркесін, айтылым заңдылығын бұзып жүрміз. Мұндай мысалдар өте көп. Қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін, қазақ сөзін сол дыбыстармен айтып-жазу керек екендігін де сақтамай, кейінгі ұрпақты шатастыра бастадық. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде «х» дыбысы жоқ. Сондықтан қабар-хабар, қош-хош, қат-хат, қан-хан деген сөздерде қазақтың «қ» дыбысының орнына орыс тілінің «х» дыбысын жазғаннан сөздің мағынасы өзгеріп тұрған жоқ. Бұл бір дыбысты екі әріппен жазу деген сөз, басқаша айтсақ, бір адамның екі түрлі төлқұжаты бар дегенмен бірдей болады. Бұл тіл заңдылығын бұзу болып табылады, яғни грамматикалық және орфоэпия-орфография заңдылығы бұзылды.

Қазақ тілі - мемлекеттік тіліміз болып табылады. Осы тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор деп білеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік тіліміз керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып, мемлекеттік тілге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазір шетелдермен әр түрлі саладағы байланыстардың күшеюіне байланысты осы шараларды рәсімдеу құжаттарын жазуда латын әріптерінің қажеттілігі анық байқалады. Сондай-ақ Елбасының мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы сарабдал саясаты, оның шетелге барған сапарында БҰҰ мәжілісінде қазақ тілінде сөйлеуі қазір мемлекеттік қызметтегі адамдарға ерекше ықпал етті деп айта аламыз. Қазір шетелден келушілер саны көбейіп, Қазақстанға әлемнің назары ауып отырған тұста еліміздегі өзге ұлттармен қатар, шетел азаматтарының да мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы артып отыр. Мысалы, кешегі Қытай жерінде өткен ән додасында жерлесіміз Димаш Құдайбергеновтың қазақ тілінде ән айтып, елді аузына қаратуы, әншінің шетедік жанкүйерлерінің қазақша ән айтуға, қазақ тілін үйренуге деген ықыласын оятқаны баршаға аян. Қазіргі Қазақстанның дамып, әлем көз тіккен талай маңызды шаралардың ұйтқысы болуы, оның мемлекеттік тілі мен жазуының да осы биіктен көрінуіне түрткі болып отыр. Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, жаңа технологиялар заманы қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты.

Сонымен бірге қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі ел болашағы - жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазіргі заман - жазу заманы, ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас іс қағаздары, компьютер, интернет, агент т.б. арқылы хабарласулар - бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білеміз. Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді де меңгеру, оны жазу да бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Осындай жағдайда білім алып, мамандығын шыңдап жатқан жастарға әлемнің қай жерінде жүрсе де кедергі келтірмей, жұмысын жеңілдете түсуге ықпал етеді. Ендеше латын әліпбиінің болашағы да зор.

Латын әріптері туралы айтқан кезде латын халқы, оның тілі және әліпбиі туралы да айта кеткеніміз жөн. Латын тарихы өте терең, оны қысқаша айтсақ, Италия жерінде Этрусс, Лациум және Кампан деген үш жазықтық жатыр. Лациумнің орталығы б.з.д. VIII ғ. латын тайпасы негізін қалаған Рим қаласы болды. Б.з.б. I ғасырдың аяғында көп жерлерді жаулап алған Рим үлкен мемлекет боп V ғасырға дейін өмір сүрді, бүкіл Жерорта теңізі, Испаниядан Грецияға, Кіші Азия мен Египетке дейінгі және қазіргі Франция территориясы, Англия мен Германияның кейбір бөліктері т.б. жерлер Римнің қол астында болып, римдік мемлекеттің тұрғындары латын тілінде сөйлеген. Осы уақытта билік жүргізген империялық Рим мемлекетінің ресми тілі де латын тілі болғандықтан оның тілі мен жазуы бүкіл антик әлеміне тарап, еуропалық өркениетінің негізі болған. Кейіннен Рим мемлекеті ыдыраған кезде оның құрамындағы түрлі ұлттар да бір-бірінен алшақтап, олардың тілдері де өз жолдарын тапты. Сондықтан қазір латын халқы жоқ, лингвистикалық классификация бойынша латын тілі өлі (яғни, қазіргі кезде қолданылмайтын) италийлік тілдерге жатады. Латын тілінің негізінде ұлттық тілдер, яғни романдық тілдер - итальян, француз, испан, португал, румын және молдаван т.б. тілдері өз алдына қалыптасқан екен. Латын алфавитінің қазіргі бізге жеткен таныс түрі б.з.д VI-ІІІ ғ.ғ. қалыптасқан. Орта ғасырда Латын әліпбиі Еуропаға тарады, Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды.

Классикалық латын әліпбиі 26 әріптен тұрады, олар 6 дауысты, 20 дауыссыз дыбысты таңбалайды: Аa, Bb, Cc, Dd, Ee, Ff, Gg, Hh, Ii, Jj, Kk, Ll, Mm, Nn, Oo, Pp, Qq, Rr, Ss,Tt, Uu,Vv,Ww, Xx,Yy, Zz. Латын әріптері роман, герман және басқа да тілдердер жазуына негіз болған. Бірақ барлығы да латын әріптерін алғанмен, әр халықтың әліпбиіндегі әріптердің бәрі де бірдей фонемаларды таңбалай бермейді, әр әліпбидің өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар. Әріптің аз болуы әр тілдің дыбыстар санына сай келмегендігінен, бір дыбысты бірнеше әріппен біріктіріп таңбалау қажет болған. Бір дыбысқа бір таңба ұстанымы толық сақталмады. Әріп тіркестері алынып, бір дыбысқа екі әріп ұстанымы қоса жүрді. Барлығы да латын әріптерін қолданса да, Европа халықтарының әліпбиінде өзгешеліктер бар. Мысалы: «Х» фонемасы: неміс тілінде - Ch, ағылшын тілінде -Kh, француз тілінде - Kh, ал «Ш» фонемасы; неміс тілінде - sch, ағылшын тілінде - Sh, француз тілінде – sz таңбалары арқылы жазылады. Француз тілінде 17 дауысты, 18 дауыссыз, неміс тілінде 16 дауысты, 21 дауыссыз, ағылшын тілінде 15 дауысты, 15 дауыссыз және дифтонг бар.

Латын әліпбиіне түрік тілі 1928 жылы, әзірбайжан тілі 1991 жылы, өзбек тілі 1993 жылы көшірілген. Әліпби жасалған тұста дыбыс саны толық анықталмауы салдарынан түрік тіліндегі үш дыбысты таңбалайтын «қ», «ң», «ә» әріптері түрік әліпбиіне енбей қалған екен. Ал өзбек тілінің әліпбиін жасауда тілші ғалымдарға қарағанда компьютерлік техника саласы мамандарының ұсыныстары басымдық алып кеткен, сондықтан қазіргі өзбек әліпбиі интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар бар. Өзбек тілінің әліпбиінде «ң» дыбысы латын әліпбиінің «ng» әрпінің тіркесі арқылы белгіленуі де кей жағдайда дұрыс оқымауға әкеліп соқтырады екен. Ал әзірбайжан әліпбиінде классикалық латын әліпбиінен тыс, кирилл әліпбиінен де алынған әріптер бар екен. Әзірбайжан тіл мамандарының айтуынша, тілдерінде өте жиі қолданылатын «Ә» дыбысын кирилл әліпбиіндегі осы графемамен таңбалаған, себебі өте жиі қолданылатын болғандықтан оны латынның «А» әрпінің үстіне екі ноқат қойып таңбаласа, жазу кезінде мәтін үстінде нүкте таңбалары жыпырлап, мәтінді оқу - жазу қиындап кетеді екен. Қазір біздің ғалымдарымыз бауырлас түрік халықтарының латын жазуына көшу кезіндегі жетістіктері мен жіберілген кейбір кемшіліктеріне назар аудара зерттеп отыр.

Жұртшылықпен кездесулерде: «Қазақтың жаңа латын әліпбиінде неше әріп болады, қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен ауыстыра саламыз ба?» - деген сұрақ көп қойылады. Орынды сұрақ. Көпшілік жұрт әліпби ауыстыру дегенді бір таңбаны екінші таңбаға алмастыра салу деп түсінеді. Ол дұрыс емес. Біз үш мәселеге назар аударуымыз керек, алдымен тілдегі дыбыстар санын анықтау, одан кейін сол дыбыстарға сай әріптермен таңбаланған әліпби жасау, одан кейін осы әріптермен жазудың емле ережелерін жасап бекіту қажет. Біз қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен сол қалпында ауыстыра салатын болсақ, оның пайдасы болмайды. Біз алдымен таза қазақы әліпби жасауымыз қажет. Ол үшін алдымен тілімізде қанша дыбыс бар деген сұраққа жауап беру керек. Қазір көпшілік ғалымдарымыз алғашқы кезекте, жаңа қазақ әліпбиіне қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) алып, бұған қоса, кірме сөздердегі «в», «ф», «һ» сияқты әріптерді де қоса алу керек деген көзқарасты ұстанып отыр. Ал одан кейінгі кезекте, орыс сөздерін жазуға қажет болатын әріптерді таңдап алынып,содан кейін қазақ жазуының емле ережелерін қайта қарастыру керек болады. Ал екінші бір ғалымдарымыз қазіргі әліпбиіміздегі 42 әріпті латын әрпімен сол қалпында ауыстыра салу керек деген көзқарас танытып, сөзіміздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, қазіргі әліпби құрамындағы қыруар әріпті жат дыбыстарға жатқызып, әліпби құрамынан шығарып тастасақ, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдырамыз деген пікір айтады. Сонымен қатар, қазір компьютер заманына сай қазақ жазуын латын әріптеріне көшіруде автоматтандыруға ыңғайлы латын әліппесінің нұсқасын жасаушылар да бар.

Кейбір адамдар халықтың жаңа әріптерді меңгеруі, әсіресе, қарттардың оқып-жазуға бейімделуі қиын болатынын алға тартып жатады. Қандай іс қылсаң да, ол оңай бола қоймайды, оның қиындығы да қоса еріп жүреді. Сондықтан «Шегірткеден қорққан егін екпейді» дегендей, қиындықтан қорықпау керек. Тілдің болашағы - елдің болашағы. Жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес, ол осы жазуымызбен қатар жүріп, елдің көзі үйреніп, көңілі орнына түсіп, жаңа әліпбиді әбден меңгеріп кетуіне мүмкіндік жасайды. Қазірдің өзінде жастар ұялы байланыс кезінде бір-біріне осы латын әріптерімен хабарлама жібереді. Айналадағы түрлі мекемелер, банктер, машина маркалары, көше жарнамалары, т.б. латын әріптерімен жазылған сөздерді барлығымыз да жатсынбай оқып, түсініп жүрміз. Ал жастарымыздың барлығы да мектептегі ағылшын сабағынан латын әріптерін жақсы меңгергенін білеміз. Әр істің өз қиындығы бар дегендей, орыс мектептерінде оқитындар бұрынғы жазумен жүретін болса да, көштен қалмай,олар да осы елдің азаматтары ретінде латын әріптерін меңгеруге ұмтылады. Ал кейбір пікір айтушылардың латынға көшкен кезде «орысша оқығандар латын әріптерін меңгермей қалады, қазақша оқығандар орыс тілінен алыс қалады» деген сөздері ешбір қисынға келмейді. Қазір біздің жастарымыз ағылшын тілін аз уақытта қалай меңгеріп алса, орыс тілін де солай тез меңгереді. Себебі қазіргі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өте жақсы, елімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқуға ерекше қамқорлық жасалып отырғаны да баршаға аян.

Қорыта айтқанда, кез-келген әліпбидің міндеті графикалық (әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазуға оңтайлы болуы), лингвистикалық (тілді дәл жеткізуі), техникалық (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) талаптарға сай болуы керек. Қазіргі таңда латын әліпбиі осы талаптар биігінен көрініп, үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Қазіргі әліпбиімізге байланысты жазуымызда орын алған қиындықтарды түзетіп, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіріп келген ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыра салуға мүмкіндік туды. Латын әліпбиін кезінде профессор Қ.Жұбанов та қолдап, осы әліпбиді қазақ тіліне бейімдеу бағытында белсене жұмыс жасаған еді. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет.