«Абай оқулары» өтті

«Абай оқулары» өтті

Керекуде көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, Абай шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мұрындық болды.

Абай Құнанбаев шығармаларын оқу арқылы көркемсөз шеберлігін, тіл мәдениетін шыңдау бағытында өткен шараға 17-29 жас аралығындағы қалалық, аудандық жарыстың жеңімпаздары қатысты. Байқау шартына сәйкес үміткерлер Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыбындағы поэзиялық шығармасы мен қара сөзін мәнерлеп оқудан, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа және әндерін нақышына келтіріп орындаудан бақ сынасты.

Қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді таңдау және оқу, әнді орындауы мен актерлік шеберліктеріне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап, таза сөйлеуіне және сахна мәдениетіне баса назар аударды.

Нәтижесінде бас жүлдені Марина Харчук жеңіп алды. I орынды Екібастұз қаласынан келген Дмитрий Угрюмов, II орынды Ксения Ронде, ал жүлделі III орынды Румиса Мержоева иеленді. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар, жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.