Термин – тіл таразысы

Термин  – тіл таразысы

Термин – төл тіл қорғаны

Әлемдік лингвистикалық жүйеде термин, терминжасам мәселесі елдің саяси–әлеуметтік, экономикалық деңгейінің, білімінің, ғылыми-техникалық өрісінің, ұлттық тіл қорының көрсеткіші, сонымен бірге қазіргі жаһандық бәсекеде ұлт тілін қорғау құралы ретінде қалыптасып отыр. Ал кейбір мемлекеттер өз қауіпсіздігінің мәселесі ретінде ұлттық терминдік жүйені күшейту қажетін де айта бастады. Мысалы, ФРГ Канцлері Ангела Меркель 2014 жылы Гете институты және әлемелдеріндегі өкілдіктерінің беделді лингвист ғалымдарын үлкен жиынға шақырып: «Неміс тілінде ағылшын терминдері қаптап кетті, соның салдарынан неміс тілі күннен -күнге түсініксіз болып бара жатыр», - деп қатты сынға алды. Содан кейін А.Меркель «Гете тілі - керемет тартымды тіл, ал жаһандық жағдайда неміс тілі бар қабілетінен айырылса не болады?» - деген сұрақты Неміс үкіметінің мүшелеріне қойып, неміс тілі курстарында оқитындар санының күрт төмендеуіне қатысты шұғыл шаралар қабылдауды, Гете институтының ғалымдарына тапсырды. Мемлекетаралық қатынастарда, кәсіпкерлік байланыстарда неміс тілінің басымдығын күшейту міндеттелді.

Сондай-ақ француз тілі мемлекет қамқорлығындағы тілдердің бірі. Француздардың тілдерін қорғауға, сақтауға бағытталған бірнеше заңдары бар, соның арқасында француз тілі көркемдігін, үйлесімділігін жоғалтқан емес. Әлемдегі сөйлеуге икемді, көркем тілдердің бірі болып қалуда. Тілдік қысымнан француз тілін қорғау үшін 1997 жылы «Терминология және неология (жаңа сөздер) Бас комиссия» деген үкімет тарапынан қаржыландырылатын мемлекеттік орган (назар аударыңыз: ғылыми –зерттеу мекемесі емес) құрды және оның мақсаты мынадай болды:

1. Франция үкіметінің әртүрлі министрліктері мен ведомстволары жанындағы мамандандырылған терминологиялық және неология (жаңа сөздер) комииссияларымен тікелей қарым-қатынаста жұмыс жасау;

2. Министрліктер мен ведомстволар жанындағы мамандандырылған комиссиялар ұсынған терминдерді қаралып, содан кейін франция мемлекетінің тіл саясатын жүзеге асыратын негізгі институт Француз Ғылым Академиясына бекітуге ұсыну.

Француз Ғылым Академиясы терминдерді қолдағаннан кейін ғана Франция Республикасының мемлекеттік ресми (le Journal officiel) газетінде жарияланды. Барлық мемлекеттік қызметкерлер үшін (министрліктер мен ведомстволар, ғылым және білім мекемелері, оқу орындары, БАҚ құралдары) бекітілген терминді қолдану міндеттеледі. Франция үкіметінің Терминология және неология (жаңа сөздер) Бас комиссиясы жүргізіп отырған бұл іс-шара қаптаған шет тілдегі терминдерді француз тілі баламасымен, жаңа сөздермен ауыстырып француз тілін байытудың тетігіне айналды.

Қытай Халық Республикасы да халықаралық терминдік жүйе бірізділігінен қашуды ұлт тілінің лексикалық қоры мүмкіндіктерімен реттеу қажет деп шешті. Шетелге шығарылатын өнім атауларын қытай графикасымен жазып қана қоймай, шетке шығарылатын қандай болмасын жаңа технологиялық тауар атауына, терминге қытай тілі қосымшаларын сөздің алдында, не артына тіркеуді тез игеріп алды. ҚХР барлық аумақтарында тауар, сауда және сыртқы сауда, ғарыш және ақпараттық технологиялар, медицина, нанотехнология салаларында қытай лексикасы қарқынды дамуда.

Ресей Федерациясының терминологиялық ахуалына тоқталсақ, әуелден кірме терминді орыс тілі баламасымен тең ұстаған Ресей ғылыми -зерттеу жүйесінде орыс сөзін қолдануға баса назар аударады. Лексикасына еуропа елдерінен термин сөздерді көп сіңірген орыстардың өзі де термин мәселесіне алаңдай бастағанын көреміз. Ғасырлар терминжасам дәстүрі қалыптасқан Ресей Федерациясы Кеңестер одағы кезінде, 60 жылдардың басында ғылыми –техникалық терминологияны стандарттау жүйесі жасалды. Ол мемлекеттік стандарттық жүйенің ажырамас бөлігі саналды. Сондықтанда Кеңестер одағының аумағындағы базалық ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық, технологиялық институттарға, жоғары оқу орындарына бейіндері мен бағыттары бойынша терминологиялық стандарттарды реттеу жүктелді.

Бүгінде терминжасам мен терминді бекітумен Ресей Федерациясында Ресей мемлекеттік стандарты (Росстандарт – агенттік деңгейіндегі мемлекеттік орган) Бүкілресейлік классификациялау және кодтау ғылыми зерттеу институтының Терминология комитеті, Ресей Ғылым Академиясы іргелі ғылымдар саласындағы ғылыми терминологиялық комитеті шұғылданады.

Әлем мемлекеттеріндегі қазіргі терминологиялық тәжірибесінен жоғарыдағы мысалдарды келтіре отырып, термин, терминжасам мемлекеттік маңызды мәселе екенін көреміз. ХХ ғасырдың басында пайда болған, жүз жылдық тарихы бар, қазақ терминологиясының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы және оның төңірегіндегі Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Елдес Омарұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың жазған теориялық, әдіснамалық негіздері, терминжасам қағидаттары дұрыстығына көз жеткіземіз. Демек Ахмет Байтұрсынұлының қағидаттарын бұрмалауға ешқандай негіз жоқ, ұлттық терминжасам процесстері қазақ тілінің байлығы мен қоры негізінде дамуы тиіс.

Ұлттық терминжасам жайы

Қандай болмасын ұлт тілінің орны ерекше, ұлт тілі халықтың өсу, өркендеу құралы, халық рухының негізі, ана тілісіз ұлттың саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани дамуы мүмкін емес. Бұл қағидаларды ешкімде ұмытпауы керек, бізде қайталаудан жалықпауға тиіспіз.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сарқыт Әлісжан: «Тіл білімінің басқа салалары тәрізді терминология да қазіргі кезде қарқынды даму үстінде. Бұрын лексикологияның бір шағын саласы болып келген терминология – қазір өзінше үлкен бір бағыт, зерттеу әдістері мен тәсілдері қалыптасқан, өзіндік ұстаным мен бай тілдік материалға ие, басқа ғылым атаулымен шектесетін, ажырататын тұстары бар үлкен сала болып табылады», - дейді. Ғалым сөзін растайтын қазақ терминологиясының статистикалық көрсеткіштеріне назар аударсақ.

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында терминдердің сандық көрсеткішіне жүргізген мониторинг барысында мыналар анықтады. 1971-91 жылдар аралығында бекітілген барлық 2748 терминнің 541-і (19,6%) қазақ тілінде, 1127-сі (41%) кірме (халықаралық) термин, 1080-і (39,3%) қазақ және шет тіліндегі тіркес түрінде жасалған. 1992-2016 жылдар аралығында бекітілген 15963 терминнің 6024-і (37,8%) қазақ тілінде, 1987 (12,3%) кірме термин, 7952-сі (49,9%) қазақ және шет тілдеріндегі тіркес. Салыстырмалы түрде, тәуелсіздік тұсында қазақ тілінде бекітілген терминдер екі есе көбейді, сонымен бірге қажетті кірме, халықаралық терминдер де сақталған. 1991 жылдан бастап 2016 жылға дейін 214 термин сөздік (түсіндірмелік терминологиялық, салалық терминологиялық, екі тілді, үш тілді терминологиялық сөздіктер, терминологиялық анықтамалық сөздіктер) жарық көрді, оның ішінде 2004 жылдан бастап «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламалары» аясында мемлекет қолдаумен 47 терминологиялық сөздік басылды. Жалпы бүгінге дейін барлығы 18 711 термин сөз және сөз тіркесі бекітілсе, мемлекеттік бағдарлама көрсеткішінің индикаторы бойынша 2020 жылға дейін 28 760 термин бектілуі тиісті.

Мемлекеттік маңызы бар терминология ғылымымен қазіргі таңда ғылым докторы мен елуге жуық ғылым кандидаттары кәсіби айналысуда. 2016 жылы елімізде тұңғыш рет «Терминком.кз» сайты іске қосылды.

Дегенмен қазақ терминологиясының ғылыми салаларға ықпалының жоқтығы, салалық және салаарлық терминологияның нашар қалыптаспауы, қазақ тілін жетік білетін білікті сала ғалымдарының, шет тілі мамандарының терминжасам процесіне қатыстырылмауы, ал бастысы икемді ұлттық терминжасам қағидаттарының ұсыныламуы елдің терминжүйесін тежеп отырғанын көрсетеді.

Сөйткенмен ұлттық салалық терминологияда қажеттіліктен туған сөздіктер жасау қарқын алуда, мысалға, техникалық терминдер саласында - Р. Құдайбергенов, политехникалық терминдер (қазақ-ағылшын) М.Р. Түсіпбек, А.К. Құсайынов, құрылыс терминологиясы саласында С.К. Хамзин мұнай және газ терминдері саласында - А.Қ. Махамбет, экономикалық терминдер: банк, бюджет, салық, аудит, қаржылық бақылау, сыртқы экономикалық қатынас, почта - С.Р. Тоқсанбай, дипломатиялық терминдер жүйесі (бірнеше шет тілдері) – Р.Шалғынбаева, А.Бакитов, Р.Жұманова, Г.Надирова, Ш.Құлиева, Н.Сәрсенбаев, БАҚ және телекоммуникация терминдері саласында – Қ.Тұрсын, медициналық терминдер саласы бойынша – М.Ахметов, биоморфология терминдері саласы бойынша – Г.К. Жаңабекова мен К.Жаңабековтер, экология және ветеринария саласы бойынша – Б.Жанетов пен Ф.Жанетовалар, құқық терминдері саласында – М.А. Айымбетовтер салалық терминологияға өздерінің үлестерін қосуда.

Тәуелсіздік жылдарында терминология мен аударматану бағытындағы іргелі ғылыми лингвистикалық көзғарастар нәтижесінде, билік пен орталық атқарушы органдардың мемлекеттік тілге жауапты құрылымдары ықпалымен қазақ тілінің ресми, басқару және заңнамалық тілі мен стилистикасының күрделі лексика-грамматикалық, синтаксистік мәселелері шешілді. Ана тіліміздің басқару, ресми, заңнамалық тілі қалыптасқанын айтуға болады. Әсіресе, қоғамдық- саяси, заңнамалық -құқықтық, экономикалық -қаржылық, дипломатиялық қатынастарда ұлттық терминология дамуда. Жалпы терминнің құлаш жаюына ҚР Президентінің Әкімшілігі, ҚР Үкіметі Кеңсесі, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі аппараттарының, ҚР Әділет министрлігінің Заңнама институты, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары үлес қосуда.

Десе де қолданыстағы терминдердің сапасын сынаған, термин баламасы не аударма сапасы туралы, ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссия бекіткен терминдер туралы азаматтардың сыни көзқарастары азаяр емес.

Сондай-ақ 2002-2016 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминологиялық комиссиясы бекіткен терминдердің сараптамасы қазақ тілінің лексикалық қоры, сөзжасам әлеуеті жеткілікті болғанмен ұлттық балама жасауда, жаңа термин тудыруда шығармашылық ізденістердің төмен екендігін байқатты.

Терминология саласында нақтылықтың жоқтығы 2014 жылы шыққан 30 томдық «Қазақша – орысша//Орысша – қазақша терминологиялық сөздіктен» де көрініс тапты. Оның медицина саласына қатысты 14-ші томында анофтальм – анофтальм, анофтальмия – көз алмасының болмауы; аспиратор – сорғыш аспап, аспирация – аспирация; аутоантиген – өзіндік жаттек, аутоантитело – өзіндік антидене, истерик – есірік, истерия – долылық деп ұсынылған. Мұндай мысалдар сөздіктің басқа томдарында да жеткілікті. Бұл жағдай ұлттық терминология саласында жасалып жатқан жұмыстарға теріс көзқарас қалыптасуына негіз болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында мысал ретінде жиі сын айтылып жүрген балкон - «қылтима», фонтан - «шаптырма» деген терминдер комиссияда қарастырылмаған, бекітілмеген және бекітілуі мүлдем жоспарланбаған. Сондықтан мұндай дәлелсіз, дерексіз мысалдар қоғамдық ортада қате пікір қалыптастыруға себепші болды, термин бекіту жұмыстарына деген халықтың жағымсыз пікірін қалыптастыруға жағдай жасайды.

2016 жылғы 5 қазанда қалыптасқан терминологиялық ахуалға алаңдаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері: А. Смағұлов,Н. Әбдіров, А. Базарбаев, Н. Дулатбеков, Қ. Қаракен, Ш. Өтемісов, Б. Смағұл Қазақстан Республикасының Премьер- Министрі Б.Ә.Сағынтаевқа жасаған сауалында: «Елімізде ұлттық терминологияны қалыптастыру жүйелі жолға қойылмағаны, оның ішінде әлі күнге дейін терминологияның даму бағытын айқындап ала алмағанымыз бұл саланың дамуын ақсатып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының осыған қатысты бір айқын ұстанымы жоқтығын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясына мемлекеттік орган мәртебесінің болуы керек» -деп шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

2017 жылғы 13 ақпанда Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері бойынша «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі отырысында қоғам қайраткері, Мәжіліс Парламентінің бұрынғы депутаты Оразкүл Асанғазытерминология мәселелерімен шұғылданатын арнаулы құрылым ашу туралы ұсыныс білдірді.

Осы саланың жетекші ғалымдарының бірі, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ терминологиясы» атты еңбегінде: «Терминологиядағы ретсіздік артқан үстіне артып, шешімін таппаған мәселелер қордалана түсуде. Бұл істі республикалық деңгейде ұйымдастырып, үйлестіріп отыратын мемлекеттік орган құрылған жоқ және оның қашан құрылары да белгісіз. Мәселенің бұлайша шешімін таппай күрделене беруі мүмкін» деген қорытынды жасауға мәжбүр болды.

Ғылым үнемі дамып, іштей тармақталып, жаңа салалар пайда болып жатқан кезде терминдерді шет тілдерінен қабылдау кәсіби біліктілікті, түпнұсқа тіл мен термин алушы тіл ерекшеліктерін бірдей ескеруді қажет етеді. Ал ұлттық термин жасау одан да күрделі, біліктілікті, үлкен шеберлікті талап ететін шығармашылық процесс.

Ұғымды дәл беретін ұтымды термин жасау, дөп басып тану, іріктеу және тілдік қолданысқа енгізу мемлекеттік қолдауды қажет етеді.

Стандарттау тетігі

Қандай болмасын ұлттық термин жүйесінің ғылыми құрылымдық нормативі: бірінші, терминді түгендеу (терминдерді жинау, терминге түсініктемелер мен анықтамалар беру, салаларға қатысты терминдік сөздіктер шығару), екінші, терминді реттеу және бірізділеу (кірме терминдердің баламасын табу, аудару, сондай-ақ ұлт тілінің нормаларына сәйкестендіру және біріздендіру) ал үшінші, терминді стандарттау (терминнің заңнамалық түрде оның салалық қажетіне және қолданысына қарай бекіту) болып табылады. Алдыңғы екі мәселе бойынша өткен ғасырдың 20 жылдары ортасынан қазірге дейін терминологиялық жұмыс жалғасуда, ал үшінші бағыт мемлекеттік деңгейде әлі күнге дейін қолға алынбай келеді. Осының салдарынан термин сөздердің бірізділігі қалыптаспай тұр. Термин мақұлданып, бекігеннен кейін міндетті түрде қолданылуы қажет. Қоғамда талқыға және өзгеріске түспеуі тиіс. Ол үшін терминді анықтау, ұсыну, сараптау, бекіту мен орнығу аралығын анықтайтын елімізде жүйелі терминологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру қажет.

1957 жылдан бері консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминологиялық комиссиясы функциясын елімізде сақтап, мәртебесін, мақсаты мен міндеттерін күшейтіп сала жетекші мамандарынан, терминолог ғалымдардан тұратын «Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминологиялық Бас комиссиясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны деп қайта құру керек. Сонымен бірге Бас комиссияның салалық терминологиялық инфрақұрылымдарын анықтап (базалық деңгейіне қарай еліміздің жетекші ЖОО, ғылыми-зерттеу институттарында, министрліктер мен ведомстволарда) құрып, салалық терминологияны жандандыру қажет. Бұл функцияны ҚР Білім және ғылым министрлігімен, ҚР Ұлттық Ғылым академиясымен, министрліктер мен ведомстволармен, ұйымдарымен өзара бірлесіп атқару және үйлестіру жұмыстарын тіл саясатын жүзеге асыратын құзырлы орган ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл комитетіне жүктеуге болар еді.

Сонымен бірге 2020 жылдан бастап терминді Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарт жүйесі арқылы бекіту жұмыстарын бастау маңызды. Мемлекеттік стандарттау жүйесінде терминдік стандарттарды бекіту тетіктерін анықтайтын Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік терминологиялық жұмыс және терминді мемлекеттік стандарттау тұжырымдасы туралы» қаулысын қабылдау керек.