Кінәсін мойындаған ешбір зиялы жоқ

Кінәсін мойындаған ешбір зиялы жоқ

​Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы

-Елбасы Н.Ә. Назарбаев биік мінберден үнемі "қазақ" мәселесін көтерумен келеді. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясының жиындарында тіл, бірлік, ұлтаралық татулық жайы жиі айтылады. «Ассамблеяның ең басты міндеті-еліміздегі қоғамдық келісім. Ал ұлтаралық татулық Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана»,- деп еді Президентіміз. Осы орайда не айтар едіңіз?

– Негізінен "қазақ" мәселесі биік мінберден тоқсаныншы жылдардың басынан бері көтерілуде. Өкінішке қарай, сөзден іске көшу әлі де кейінге қалып келеді. Меніңше, Ассамблеяның басты міндеті – ғасырлар бойы бодандықта болған қазақ елінің өз алдына ту көтеріп, мемлекет болғанына көмектесу, сол елдің іргетасын бірлесіп қалау. Қазақ мемлекеті – олардың да мемлекеті екендігін сезінбей жатқан диаспора өкілдеріне түсіндіру. Сондықтан болу керек, соңғы уақытта күн тәртібіне қазақтың бірлігін сақтап қалу мәселесі де ашық қойыла бастады. Оған себеп – қазақ ұлтының ішіндегі бөліну процесінің қанат жайып тереңдей түсуі. Бүгінде біздің қоғам тіл жағына келгенде «таза қазақ», «шала қазақ», «орыс тілді қазақ» болып жіктеліп, діни-наным жағынан – «салафиттер», «яссауишілер», т.б. болып бөлінудеміз. Біздің тағы бір басты қателігіміз – өзіміздің төрт құбыламыз тең болмаса да, «жердің иесі біз ғой, өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсетейік, сүйеу болайық» дегеніміз. Кеңестік психологиямен, орысша тәрбиеленген азаматтардың дені біздің жақсы ниетімізді, ақ адал пейілімізді қорқақтық, жасқаншақтық, рухы түскендік, басылып қалғандық деп түсінуде. Біреуге демеу болу үшін, өзіңнің де кеудең көтеріңкі болғаны жақсы ғой. Сондықтан болуы керек, көптеген басқа ұлт өкілдері «қазақ мемлекеті» деген сөздің мағынасын түсінбегені (түсінгісі келмегені) былай тұрсын, қабақтарын қарс түйіп, тіпті ізгі мақсаттарымызға кедергі келтіріп, қарсы шығатын дәрежеге жетті.

Тілге байланысты Елбасы Ассамблея басқосуында: "Қоғамды тастай қатырып, тұтастыратын фактор керек, ол – қазақ тілі болмақ! Қазақ жері 100-ден астам этносты біріктірді. Әрине, осынау барлық этникалық әралуандылық бір ұлтқа айналуы үшін жақсы «цемент» керек. Осы орайда бүгінде ұлтты «цементтейтін» басты фактор – мемлекеттің тілі қазақ тілі болып табылады!" - деп еді. Ана тіліміздің әлі күнге өз елінде өгей баланың күйін кешуі неліктен?

– Бәрі дұрыс! Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қызмет ететін деңгейге көтерілген жоқ. Ашығын айту керек, ширек ғасыр өтсе де, басқа ұлт өкілдерінің қазақ тіліне – өздерінің мемлекеттерінің тіліне деген көзқарасы сын көтермейді. Славян тектілерді былай қойғанда, түбі бір түркі халықпыз деп жүрген туысқан ұлт өкілдерінің өздері мемлекеттік тілдің болашағына сенімсіздікпен қарайды. Біздің қоғамның тілдік белгісіне қарап екіге жарылғаны да ешкімді таңғалдырмайды. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан орыстілді қауым мен қазақтілді қауымның оқитын кітабы да, көретін киносы мен хабарлары да, әңгімелерінің тақырыптары да әртүрлі. Бұл әралуандығымыз бір мақсат бірлікке алып келеді деп айта алмаймын. Әсіресе, қазақ ұлтының өзекті мәселелеріне, оның шешілу жолдарына деген орыстілді қауымның көзқарасы сын көтермейді. Бұл тек «Лад» не «Славян, орыс және казак ұйымдарының ассоциациясы» сияқты бірді-екілі ұйымдардың үндеулерінен емес, қарапайым адамдармен пікірлескенде де, ашық көзге түседі.

Жер-су атауларын өзгертіп, тарихи атауларын қайтару шараларынан бастап, қазақ мектептерін ашу мәселесіне дейін біздің алдымыздан түсіністік пен қолдаудың орнына үнсіз, дәлелсіз, ішкі қарсылық шығады. Әрине, мүмкін, менің бұл жеке пікірім – тым қатаң баға болар, бірақ ауруын жасырған өледі демей ме? Айта кету керек, бұдан ұлттық не ұлтаралық астар іздеудің қажеті жоқ. Орыстілді қауымның ішінде миллиондаған қазақтар да бар. Кейде олардың қазақ мәселесіне қарсылықтары басқа ұлт өкілдерін жолда қалдырады. Меніңше, орыстілді қауым қазақ тарихын, қазақ мәдениетін, қазақ идеясын, қазақ проблемасын өзінің туған елінің проблемасы есебінде түсінбесе, осы жағдай дәл осы қалпында сақталады. Ал қазақ мәселесін білу – қазақ тілін меңгеруден басталады. Демек қазақ тілін білу – мемлекеттік қызметке орналасу, немесе көршіңмен түсінісу ғана емес, әлеуметтік, ұлтаралық, ішкі саяси тұрақтылықтың да кепілі.

Бүгінгі қолданыстағы «Тіл туралы» заңның (қос тілділікті дамытатын, сақтайтын, қолдануға мәжбүрлейтын заң) күрделі қоғамдық өмірдің сұранысына сай емес екені белгілі. Сондықтан, ең бірінші кезекте, «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қазіргі өмірдің талаптарына сай етіп қабылдайтын уақыт жетті. Сол заңда, «Ел бірлігі» доктринасында көрсетілгендей, мемлекеттік тілді міндеттеу мәселесі қойылуы қажет. Екінші қадам – мемлекеттік балабақшаларды, мүмкіндігі болса, мектептерді толықтай қазақ тіліне көшіру керек.

Ұлттың жанашыры болуы тиіс ұлттық бағыттағы қоғамдық қозғалыстар немен айналысуда? Олардың үні соңғы кезде неге естілмейді? Бұған қандай уәж айтасыз?

Ұлттың жанашыры – сол ұлттың барлық өкілдері деп білемін. Ал ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдарға келетін болсақ, олардың міндеті – белгілі бір мәселені көрсетіп бастама көтеру (мысалы ономастика мәселесі немесе көші-қон мәселесі, т.б.) және сол мәселеге қоғамдық көзқарас қалыптастыру. Өкінішке орай, қазіргі ұлттық ұйымдар саусақпен санарлық. Меніңше, біздер Жамал апай сияқты «айта-айта шаршаған» кезеңге жеткен сияқтымыз. Қазақ қауымы «дұрыс, әй, атаңнан айналайын» дейді де... өмірде бітпейтін күйбең тіршіліктерін жалғастырады, ал билік «дұрыс қой, бірақ асықпайық, бәрі бір күнде жасалмайды» деп ақыл айтады. Зиялы қауым деп аталатын топ да баяғы 90-жылдардағы күйлерінен таймай, Президенттің стипендиясын қалай алсақ екен деп қалғып отыр

Екіншіден, қоғамдық-саяси қозғалыстардың көтерген мәселелері барлық көзі ашық көкірегі ояу азаматтардың санасына толықтай жетті деп ойлаймын. Енді кезек – билікте. Олар қолдарында бар тетікті пайдалана отырып, ұлттың шиқандай өршіп тұрған өзекті проблемаларын шешуі шарт. Әрине, қоғамдық саяси күштер керек десеңіз, билікті мәжбүрлеу мақсатында, пойыздарды тоқтатып, жолдарды жауып, көшеге адамдарды да шығара алады (осы айла-шарғылардың бәрін 90 жылдары тиімді тәсіл ретінде қолданғанбыз да), бірақ 70 пайыз болған қазақтың өз елінде отырып, өзінің мәселесін радикалды тәсілдерді қолданбай-ақ шешуге болады деп ойлаймын.

– Бір кездері еліміздегі бірқатар қалалардың атауын өзгерту жайында сөз қозғалғанын жақсы білесіз. Мәселен, Алматыны - Алма-Ата, Семейді - Абай, Өскеменді -Қонаев, Павлодарды - Сәтбаев деген сияқты. Бірақ сол мәселе жабулы күйінде қалды?

Біріншіден, қалаларға, елдімекендерге адамның есімін беруге толықтай қарсымын. «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы дайындаған «Ономастика туралы» заңның жобасына осындай бап та енгізгенбіз. Ертең қитұрқы саясат өзгергенде, адам көзқарасының да өзгеретінін ұмытпауымыз керек. Тарихта екі-үш адамның атын ауыстырып үлгерген қалалар да бар. Екіншіден, «Алма-Атаны» ұсынып жүргендер де бұрынғы коммунистер дер едім. «Алма-Ата» деген атауды, көрші «Әулие-Атаға» еліктеп қойғаны да белгілі. Соған қарағанда қай коммунист болса да, іштей құдайға сенетін, әулиені сыйлайтын адам болуы керек. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда осындай нұсқадағы жер-су атаулары баршылық. Ақтауда «Шопан-ата», Қызылордада «Қошқар-ата» дегендей. Біреулер «Алматы» қазақ тіліндегі атау да, «Алма-ата» орыс тіліндегі атау дейтін көрінеді. Бұл – түсінбестіктен туған пікір. Бір кездері Сейтқазы Матаев Алматыға үш атау беру туралы да пікір білдірді. Меніңше, әр заттың бір мағынасы, сол мағынаға берілген атауы болмақ. Ешкім де Сейтқазы Матаеевты орыс тілінде Станислав Матаев, ал ағылшын тілінде Скрудж Макнаб деп атамайды ғой. Басқа елдің азаматтары тілдерін бұрмаласа да, Сейтқазы деуге тырысатыны белгілі. Әрине, бізде пікір бостандығы бар, сондықтан большевик діншіл қазақтың пікірін қолдауға әркімнің де құқығы бар, ал маған осы Алматы жағады. Үшіншіден, Семейді – Абай, Өскеменді – Қонаев, Павлодарды – Сәтпаев етуге де қарсымын. Оның басты себебін басында айтып та кеттім. Меніңше, Семей де, Өскемен де қазақшаланған атау. Тек қана осыны ресми деңгейде міндеттеу жетпей жатыр. Қаланың аты бір ғана нұсқамен жазылуы шарт. Сондықтан «Усть-Каменогорск» деген атау ресми қолданыстан толық алынып тасталғаны дұрыс. Енді Павлодардың атына келейік. Бірде Павлодар қаласында «Ұлт тағдыры» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізгенде біреулер «Кереку» нұсқасын құптаса, басқалары «Ертіс» деген атты ұсынып, өзара талас тудырғанына куә болдым. Меніңше, Петропавл мен Павлодар қаласының атауын алмастырмай жатып орынсыз таласу оның өзгермей, сол қалпында қалуына алып келетін сияқты. Өйткені біздің басты мақсатымыз - қалаға қандай ат беру емес, отаршылдық кезеңнің таңбасындай болған орыстілді атауды алып тастау емес пе?! Сол жердегі халықтың басым көпшілігі Кереку мен Қызылжарды ұсынса, болмас дауды қуып не жынымыз бар?

Жалпы, ұлттық мемлекет құру үшін біз қай өркениетті елдің үлгісіне сүйенгеніміз жөн?

Нақты бір елді нұсқап айту өте қиын. Біз өзімізге сай келетін барлық тәжірибелерді пайдалана аламыз. Маған демократиялық құрылымдары жақсы дамыған Европа елдерінен Франция, Германия, Англия, Италия сияқты мемлекеттер ұнайды. Әрине, ұлттық дәстүрді ұстанудан жапон елі алдына жан салмайды, ал мемлекеттік тілдің мәселесі жөнінде Франция мен Израиль бәрімізге үлгі бола алады.

Ұлттық идея деп жатамыз. Сол «ұлттық идея бізде жоқ» деген пікірді де естіп қаламыз. Неге біз ұлттық идеяны Алаш азаматтарының еңбектерінен іздемейміз?

– Мен тарихшы да, саясаттанушы да емеспін. Алайда Алаштың алдына қойған мақсат-мүдделерінің тек біреуінің ғана жүзеге асқанын үлкен өкінішпен айтқым келеді. Ол – қазақтардың жеке мүфтият құруы туралы мәселе. Ал, өз басым, ұлттық идеяны – қазақтың мемлекетін құру деп түсінемін. Алаш арыстарының да арманы осы. Алаштың мұраларын зерттеу соңғы жылдары ғана қолға алынғаны белгілі, алайда Тұрсын Жұртбайды, Мәмбет Қойгелдінің, Дихан Қамзабекұлы мен Бейбіт Қойшыбаевтардың зерттеулері жалпы оқырманға толық жеткен жоқ деп ойлаймын. Осы мәселе шешілген уақытта Алаш азаматтарының еңбектері мемлекеттің болашағын анықтайтын идеяны жасақтайтыны анық. Біз әлі де Кеңестік идеологияның жолымен жүріп келе жатқан сияқтымыз. Тәуелсіздік алған күннен бастап, Кеңес Одағының құрамында болған республикалардың басым көпшілігі коммунистік идеология мен орыстандыру идеологиясынан арылу мәселесін алдына қойды. Тоталитарлық жүйенің әсерінен қалыптасқан аурудан толықтай құтылмайынша жаңа ұлттық идеологияны ендіре алмайтындығын олар жақсы түсінді.

Әңгіме мемлекеттік ту мен әнұранды, елтаңбаны ауыстыру емес, адамдардың мемлекетке көзқарасын, адам құқығы мен еркіндігі туралы түсінігін, ұлттың тарихы мен мәдениетіне, тілі мен дініне көзқарасын түбегейлі өзгерту еді. Өкінішке қарай, біздің еліміздің алғашқы қадамы - Қазақ республикасының атын «Қазақстанға» ауыстыру болды... 90 жылдардағы Тәуелсіздік алуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының бір құрамдас бөлігі – тоталитарлық басқару жүйесін ауыстырып, демократиялық жүйеге бет бұру болатын. Сол себепті де Кеңес одағынан ыдыраған көптеген мемлекеттер коммунистік идеологияның теориясын жасаушылар мен оны жүзеге асырушыларды биліктен аластатуға күш салды. Жаңа сипаттағы жаңа елді бұрынғы идеологтардың билеуі – сол идеологияның қайта тірілуі болып табылатыны да айдан анық мәселе.

Прибалтика елдерінде компартияның басшылары барлық мемлекеттік басқару жұмыстарынан шығарылды (көп жағдайда, азаматтық мінезі бар қайсар жандардың өздері-ақ «компартияның сара жолын» мойындамайтын жүйеге қызмет істеуден бас тартты). Бұрынғы компартия тарихынан не ғылыми коммунизмнен атақ, лауазым алған, оқытушы болған докторлар «жалған ғылымды насихаттағаны үшін» заң бойынша жұмыстан шеттетілді. Коммунистік идеологияны халықтың санасына қалыптастыру үшін жасалынған белгілер (ескерткіштер, қала, көше атаулары) алынып тасталынды. Идеологиялық мақсаттағы кино-телеөнімдер көрсетілмейтін болды т.т. Сонымен қатар Кеңес өкіметі кезіндегі сыртқы және ішкі саяси қателіктер жаңа тұрғыдан бағаланды. Ал бізде компартияның тарихынан сабақ берген ғалымдар, бір күннің ішінде «Қазақстан тарихының» маманы, ал өмір бойы құдайдың жоқ екендігін ғылыми түрде дәлелдеген атеизмнің білікті ғұламалары «Діннің тарихынан» сабақ бере бастады. Меніңше, бұл жағдай қазақ тілі маманының кванттық физикадан дәріс оқуынан бір де кем емес. Тәуелсіздік үшін тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан желтоқсандықтарға ескерткіш қоюға жарамаған облыс басшылары, басқа елге барып, басқыншылық соғыс жүргізген адамдарға арнап облыс орталықтарында ескерткіштер орнатты. Міне, біз қазақ елі болып, етек жеңімізді жинап алудың орнына әлі де бұрынғы Кеңестік жүйенің сарқыншағынан арыла алмай жатқандаймыз.

– Белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы: «Жаһандану, американдану, орыстану үрдістері үлкен қарқынмен жүріп жатқан тұста, мәдени экспансия бүгін онсыз да қазақ мәдениетіне қауіп төнгізіп тұрғанда, ұлттық тұғырымыз, тіліміз бен мәдениетімізден басқа тілге, мәдениетке өту қатері бар»,- деп еді. Латын әліпбиіне көшуге байланысты қандай уәжіңіз бар?

Орыстар бізге өзінің идеологиясын өткізу үшін, әліпбиімізді өзгертіп, өздерінің жазғанын еркін оқуға алып келді. Бұл әліпбиден құтылу арқылы 20-30 жылдан кейін орыстың бұқаралық ақпарат құралдарын біздің немере-шөберелеріміз оқи алмайтын, түсіне алмайтын жағдайға алып келсе, мен ризамын. Әрине, аз уақыттың ішінде тілдік реформа жасалмайтыны анық. Бұл тек қана дыбыстардың қабығын ауыстыру емес, соңғы уақытта қажеттілігі жеткен тіл ғылымының бірнеше саласын жаңарту, нақтылау, ашығын айтсақ, реформалау. Алайда өз басым, егер фонетик ғалымдардың қолынан келсе, жалпы түркі әліпбиіне көшкенді қалар едім. Бұл қанымыз бір түркі әлемінің рухани жақындасуының өзегі болары даусыз. Дегенмен бұл мәселе тек қана саяси тәсіл ретінде көтерілді ме деген күмәнім де жоқ емес.

Ұлт «қараңғы», «қауқарсыз», «көмбiс» болса, оған интеллигенция кiнәлi деп жатамыз? Бүгінгі қоғамда зиялы қауымның рөлі қаншалықты басым?

Қазақтар үшін аты халыққа танымал, ақын, жазушы, артист, спортшылардың барлығы – күрескер сияқты көрінеді, солай қабылданады. Оның себебі дәстүрлі қазақ өміріндегі талантты адамдардың алатын орны, атқаратын рөліне байланысты сияқты. Біржан да, Жаяу Мұса да, Балуан Шолақ пен Махамбеттер өз ойларын бүкпесіз айтып, соның зардабын тартып, зорлық көрсе де, әділетсіздікпен күресіп өткен. Бұл дәстүр 20 ғасырдың басында да сақталды. Қазақ оқымыстылары ұлттың болашағын ойлады. Ұлттық мемлекет орнату ісіне жандарын сала кірісті. Отызыншы жылдары Кеңес өкіметі оларды жаппай қырып, қудаласа да, елуінші жылдары зиялы қауым тағы да бас көтерді (Есенберлин, Бекмаханов, т.б.). Қазақ зиялыларын атып, асып тауыса алмайтындарын білген коммунистік билік осы уақытта жаңа тәсілге көшеді. Шығармашылықпен айналысатын зиялы қауым өкілдеріне сан түрлі одақтар құрғызып, қоңыр үстел, қара телефон берілді, шығармашылық үйлерде дем алдырып, кітаптарын жүздеген мың тиражбен шығарды, т.т. Содан барып, бұрын ұлты үшін жанын беретін зиялы қауым, бақуатты өмірі үшін арын ойламайтын жасқаншақ, екіжүзді тобырға айналды. Әрине, олардың таланттары жоғалып кеткен жоқ, бірақ азаматтықтарынан ада болды. Ал талантты сыйлап, оған бас иетін қазақ халқы оларды төбелеріне көтеріп, әспеттеуін тоқтатқан жоқ. Жаңа қазақ зиялыларының бет пердесі 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде ашылды ғой. Ең өкініштісі, ұлтымыздың ұландарына қырғидай тиіп, қысым жасап, қырғынға ұшыратып, түрмеге тоғытқан зиялы қауым өкілдерінің ешқайсысы әлі күнге дейін өкінішін білдіріп, кінәларын мойындамады. Меніңше, зиялы деп аталатын қауымның өмірлік кредолары сол деңгейде қалған сияқты.

Ұлтшыл болу оңай ма?

– Қазақтың барлығы – ұлтшыл. Ұлтшылдық біздің қанымызда, жүрегімізде, миымыздың қыртысында жатыр. Ұлтшылдық – ұлттың басына, болашағына қатер төнгенде ғана саяси бағыт ретінде көрініс береді. Ұлтыңа қызмет ету – сөз жоқ, қасиетті абырой, тынымсыз еңбек.

- Әңгімеңізге рахмет!