Тіл тәуелсіздігі туралы сөз айту қиын

Тіл тәуелсіздігі туралы сөз айту қиын

Осындай түсінік бар және оны өзгерту мүмкін болмай тұр. Мәселенің мәнін ұқсақ болды, тілде тұрған не бар тәйірі дейді өзге тілде оқып, тәрбиеленгендер. Бұл мәселеге бүгінде орыс жұртының қатысы шамалы. Үрей бойларын, сана-сезімдерін билеп алған ата, аға ұрпақ орысшадан кетсе, суға кетердей безектейді. Сөйтіп, безектеп балаларын орысша оқытып тәрбиеледі, келесі сатыда оның балалары өз балаларын, (атаның немерелерін), сол дәстүрмен оқытып тәрбиелеуде.

Баласын орыс мектебінде оқытқан ата-ананың, орыс мектебінде оқып, тәрбиеленген баланың көпшілігінің (бәрі емес) ана тілі туралы ұғымы толық емес. Бұл тәжірибеде дәлелденген жағдай, оның айғағы бүгінде жоғарғы деңгейдегі жиналыстардың орыс тілінде өтуі. Мысалы, Жер комиссиясының екінші отырысында 75 адамның 67-і қазақтар отырғанда 78 жастағы «ақсақал» орысша сөйлеу керек деп жар салды. Бұл сөзін «ұят» деп отырған «ақсақалымыз» жоқ. Өз пікірін дұрысқа санаған. Міне, біздің тіл мәселесіне жеткен жеріміз. Ол «ақсақалдың» уәжі мәселе тілде емес, мәселе жиналыстың мазмұнында. Иә, бәлкім бұ да дұрыс па екен?! Ойланып көрейік.

* * *

Осындай түсінік бар және оны өзгерту мүмкін болмай тұр. Мәселенің мәнін ұқсақ болды, тілде тұрған не бар тәйірі дейді өзге тілде оқып, тәрбиеленгендер.
Бұл мәселеге бүгінде орыс жұртының қатысы шамалы. Үрей бойларын, сана-сезімдерін билеп алған ата, аға ұрпақ орысшадан кетсе суға кетердей безектейді. Сөйтіп, безектеп балаларын орысша оқытып тәрбиеледі, келесі сатыда оның балалары өз балаларын, (атаның немерелерін), сол дәстүрмен оқытып тәрбиелеуде. Және олар айтады, міне, көріп отырсыңдар ғой, қазақ тілін білмей-ақ министр болдым, әкім болдым, академик болдым, бизнесмен болдым. Иә, болды, толды. Олар қазақ тілінің айтарлықтай қажеттілігін аңғармадық деседі. Шындық. Қазақ тілінсіз-ақ үйленіп, үй болып, болып-толып отырмыз. Қазақстан шекарасынан аттасақ болды қазақ тілі ешкімге керегі жоқ, – дейді тағы да олар. Бұларды қостап тіптен шетке шықпай-ақ. Қазақстанда қазақ тілінің қажетін сезініп жүргеніміз жоқ – деп те келте қайыратындар жеткілікті. Рас. Барлық жерде орысша. Жағдай солай?! Қазақ тілінсіз-ақ той-тойлап жүрген жайымыз бар.

* * *

Тәуелсіздікке жиырма бес жыл толды, ұлық мейрамды тойлауға кірісіп кеттік. Тәуелсіздік деген ұлттық идея. Бірақ, тіл тәуелсіздігі туралы сөз айту қиын. Қазақ тілінің халі осыдан жиыр­ма жыл бұрынғы қалпынан өзгерген жоқ, қайта біршама төмендеп кеткенге ұқсайды.
Бүгінде ресми кеңселерде, бас­қосуларда тілге қатысты бір дерт пайда болды. Ол қазақ тілін «аяушылық», «мүсіркеушілік» дерті. Оның мәнісін айтып берейін. Шенеунік сөзінің бес – алты жолын қазақша бастайды да әрі қарай орысшаға түсіп «рақаттанып» сала береді-ау дейсің, соңында қазақ тіліне тағы «аяушылық» дерті ұстап тағы да бір-екі сөз қазақша айтқан болады. Сөйтіп, тіліміз ана тілі емес, «мазақ тіліне» айналуда. «Мұнымыз ұят емес па екен» деп ойланып жатқан ешкім жоқ. Себебі сөзімді бәрі түсініп алсын дейді. Бұл да рас. Жиналғандар оның қазақша екі-үш ауыз сөзін емес, «жорғалап» кететін орысшасын тосып отырады.
Бұдан қандай қорытынды шығаруға болмақ. Ағайындардың бір парасы қазақ тілінсіз қазақ болу ниетінде.

* * *

Иә, байқаймын жұрттың бір парасы ана тілінсіз-ақ қазақ болғысы келеді. Ол қалай болмақ? Солай болар да еді, егер француздар француз тілінен бас тартса, немістер неміс тілінен бас тартса, жапондар жапон тілінсіз-ақ өмір сүреміз десе, түріктер түрік тілінсіз ел боламыз десе немесе үнемі үлгі тұтатын көршіміз орыс халқы орыс тілінен бас тартып «ғылым тілі» деп ағылшынға өтсе. Жоғарыда айтылған халықтардың ондай ойлары мүлдем жоқ.
Ана тілінсіз орыс болуға орыс халқы көне ме? Жоқ. Қазіргі Ресейдегі тіл саясаты жанып тұр. Орыс тілін Ресейде ғана емес, Украинада, Қазақстанда, т.б. елдердегі халі қалай, оны біз қадағалауымыз қажет деп ашықтан – ашық жар салуда. Ал біз қазақ тілінсіз қазақ болғымыз келеді, мұны қалай түсінуге болады. Мемлекеттік тіл мәселесін шешіп алмай, енді ағылшын тілін үйрену керек екен. Ағылшын тілін меңгеруге ешкімнің қарсылығы жоқ. Қажет болса кім болсын меңгеріп алады, даяшыға, шоферге қажеттісі 200 сөз. Үш мыңдай сөз білген жан сайрап-ақ кетеді, оның не қиындығы бар. Тілдегі демократия сол, кім қандай тілді білгісі келсе, қазіргі жағдайда оны білудің еш қиындығы жоқ. Мәселе – мемлекеттік тілді Қазақстан азаматтарының бәрі тегіс білуінде.
Қазақстан Республикасы азаматы­сың ба, мемлекеттік тілді білу азаматтық борышың, мәселе неге талқыға түсуі керек? Орыс тілін білудің бұрынғы замандағыдай қажеті шамалы. Бүгінде орыс тілі ағылшын тілімен бәсекеге түсті. Мұндай жағдайлар әр заманда болған, бір кезде Рим Империясы аса қуатты болғанда Латын енді, одан Еуразия өңірінде қыпшақ тілі, Араб халифаты қуатына енгенде әлем араб тілінде сөйлей бастады. Еуропа ғалымдары Р.Бэкон (1214-1294) сияқтылар араб тілін әбден меңгерді, Чернышевский, Жуковский сияқты орыс зиялылары араб тілін жетік білген. Кеңес Империясы кезінде орыс тілі негізгі тіл болды, енді ол бұрынғы қызметін әлсіретті, бұл табиғи жағдай. Ресейдің әсіре ұлтшылдарының қай елде (посткеңестік) орыс тілінің саяси, қоғамдық қызметтері әлсіреді деп, шу шығарып, сол елдерге көз аларта бастауы ескі империялық түсінік.
Әр заманның өз санасы бар, онымен санасу керек. Қазақстандықтар үш тіл білуі керек дегенде саны миллиардтан асқан Қытай елінің тілін, Еуропалық деңгейге көтерілген ағайын түрік тілін, әлемдік экономикалық дағдарыстың бір құлағында ойнап отырған араб елдерінің тілін қайда қоясың. Және бұған қоса айтарым ислам діні, тілі, теологиясы қазақ даласына әбден сіңген, олай болса Құран түскен тілді неге оқып үйренбеске. Мұның бәрін былай қойғанда кейінгі кезде қарқынды түрде өріс алып келе жатқан Латын америкасының тілі – испан тілі де қажет. Еуропа елдеріне, әсіресе Францияға барсақ, ағылшын тілін құптамайтын психологияның күннен-күнге күшейіп бара жатқанын аңғарасың. Тіл туралы Германияда сондай үрдіс жүруде.
Бүгінде тілдер бәсекесі қауырт жағдайда. Сондықтан тіл мәселесінде бәрін ағылшын тіліне тіреп қою дұрыс болар ма екен?!
Ақпараттық технология жетілген сайын тілден тілге ақпарат аудару кәдімгі іске айналуда. Бізге ақпараттық технологияны жетілдіріп, бір ағылшын емес көп тілдерден ақпарат алуды дәстүрге айналдыруымыз заман талабы.

* * *
Жәрар, ол ірі халықтар неміс, ағылшын, орыс сияқты халықтар мұндай дертке түспеген, керісінше өз тілдерін мемлекеттің басты құндылығы деп бағалап, азаматтық берудегі басты талап етіп тілдерін меңгеруді қойған. Ал өз ағайынымызға келсек: өзбектер өзбек тілінен, татарлар татар тілінен, әзербайжандар әзербайжан тілдерінен, біз сияқты бас тартып ана тілінсіз өзбек, татар, әзербайжан боламыз деп отыр ма?
Сан жағынан үшеуін қосқанда қазақ халқына жетпейтін Балтық жағалауында елдер: эстондықтар, литвалықтар, латвиялықтар өздерінің ана тілдерінен бас тартып отыр ма? Жоқ. Тіл мәселе­сінде олардың тұғыры берік. Сонда бізге не болған? Бұл болғанның себебі бар. Қазақ халқы үш жүз жылға жақын Ресей бодандығында болып келеді. Патша саясаты қазақтың тұтастығын жою, осы мақсатта қазақ елін губернияларға, уездерге бөлшектеді, «орыстандыру» саясатын жүргізді. Ильминский Николай Ивановичтің (1822-1891) қырғыз-қайсақтарды орыстандыру үшін дінін және тілін өзгерту қажет деп, өзінше отаршылдық идеологияға негізделген «педагогикалық жүйе» қолданған. Осы мақсатқа лайық сая­сат сан ғасырлар бойы жүргізіліп, нәтижелерін берді. Кеңес заманында осы саясат жаңа қарқынға өтті. Ислам діні жойылды (ол ел есінде дәстүр ретінде ғана сақталды), қазақ тілі қосымша тілге анығын айтқанда, «ауылдық деңгейдегі тіл» мәртебесіне ие болды. Бұл сая­сат­та нәтиже берді. Қазақ тілін біл­мейтін, тіптен білгісі келмейтін, ниеттері өзгерген қазақтар өсіп шықты. Бұлардың саны біршама, оларды ендігі жерде немерелері түзетпесе басқа қайран жоқ. Олар қазақ тілінсіз өмір сүре береді, оларға Абай, Махамбеттердің, қазақ тарихының қажеті шамалы.
Ең бастысы, бұлар қазақ тілін ауыл­шаруашылығының (мал шаруа­шылығын) тілі, демек ғылымға қатысы жоқ десуде. Мұндай мәнсіз түсінікке тоқталудың қажеті шамалы, бірақ соны айтып жүрген және өзге этнос өкілдерінің аузына сөз салып жүргендер өздерін «қазақпыз» деп санайтындар, оқыған қаратаяқтар, профессорлар, академиктер, қаламгерлер (орыстілді бәрі емес ішінара), сондықтан жұрт бұл сөзге құлақ түріп қалған. Астана қаласында орыс тілді мектептерде қазақ балаларының білім алып, тәрбиеленуі осы психологиялық халдың көрінісі.

* * *
Ойланайық, тілсіз халық бола ма? Мен халықтың ана тіліне қатысты айтып отырмын. Жұрттың бір парасы ана тіліне жатбауыр психологияға ұшыраған. Ана тілді қажетсінбейді, өзге елдің тілдерін меңгеріп алады. Ондайларға не уәж айтуға болады, айтсаң да тыңдамайды, тыңдағысы да келмейді. Мұндай жағдайға қайғырудың реті бар ма? Жоқ. Демократия, адам құқығы жағынан әркімнің өз шаруасы, бірақ қоғамдық қатынастарда бұл мәселеден коллизиялар туындайтыны анық. Тіл деген ұлтшылдықтың өзегі, сондықтан қазақ қауымында тіл мәселесі саяси дертке айналуда. Сақтық қажет. «Тәуелсіздік құрдастары» деп аталатын жас ұрпақ жасы 20 мен 30 аралығындағы жастар. Олар қоғамға «дін толқынын» әкелді, енді «тіл толқынын» әкелсе не болмақ. Бұл ел бірлігіне сын. Сондықтан өркениеттік, құқықтық шешімдер іздеу қажет.

* * *
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің хабарлауынша, Қазақстан халқының саны мамыр айының басында (2016 ж.) 17 млн 733,1 мыңға жетіп, енді жылма-жыл 250 мыңға көбейтіп отырса 2025 жылы-ақ 20 миллионға жетіп қалармыз деген сәулелі үміт бар. Егер, Құдай қалап, осы өсім сақталса, қазақ халқының үлесі артып, саны 15 миллионға жетпек.
Бұл қазақтардың бұрын болып көрмеген жағдайы. Шет елдік бауырларды қоссақ 20 миллионға жақындауымыз ықтимал. Мұндай жағдайда тіл ғана емес, көп жағдайымыз сапалы өзгерістерге түседі. Халықтың дарынды, талаптылар үлесі өсіп, ел еңсесі көтеріліп, тың брендттер орын алмақ.

* * *
Тіл сол тілде сөйлейтін елдегі үлес сал­мағына тікелей қатысты. Амангелді Айталы осы мәселеге мынандай деректер келтірген. 1887 жылы Ресей им­перия­сы санақ жүргізген (Түркістан өлке­сін есепке алмағанда) қазақтар 71,9 пайыз, орыстар 10,5 пайыз болған. Ал 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов елімізде 6 млн. қазақ бар деп еді. 1959 жылға дейін, осы Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткен қазақтар саны кеми берді: 1920ж. – 58,5 %, 1939 ж. – 37,8, 1950ж. – 30% 1950 жылдары қазақ саны 3 млн жетер-жетпес халде. Отыз жеті жылда (өсімді былай қойғанда) қазақ халқы 3 млн-ға кеміді. Не болды? Айтып тауыспас сұмдықтың бәрі болды. Бұл қызыл империяның (коммунистердің) геноциді.
1970 жылдан бастап аз-аздап елімізде қазақтар үлесі (өсімі) біліне бастады. 1970 ж. – 32,6%, 1979ж. – 36,8%, 1989ж. – 40%, 1999ж. – 53,4%, 2009 – 63,7%, 2013ж. – 65%.
Қазақстан Республикасында 11 млн-нан аса қазақтар бар, бірақ тіл мәселесіне келсек, мәселе басқаша. 2009 жылғы санаққа сүйенсек, 95,4% қазақ еркін оқиды, 63,2% еркін жазады деген статистика шындықтан алыс. Анығын білу қиын іс. Білетінім, қазақ тілінсіз қазақ болып жүргендер пайызы айтарлықтай. Тілсіз қазақтар легі азаяр емес. Қазақтарға бөгде тіл ана тілінің орнын басып бара жатқаны қауіпті.

* * *
Иә делік, қазақ тілінсіз қазақ бола қоялық. Сонда бізді кім құшағына алмақ. Кім болмақпыз? Жеке адамдар маргинал болып жатыр, ол бар үдеріс, ал халықтың маргинал болғанын кім көрген? Ассимиляцияға сан жағынан қазақтардан әлдеқайда аз Эстония (1,325 млн), Латвия (2,013 млн), Литва (2,956 млн) елдері түспегенде бізге не болды?
Жұрттың алдына түсіп не көрінді? Ана тілінен ада болуды қазақ «өз қағынан жеріген» дейді. Оны ғылымда «ұлттық нигилизм» деп те атауда. Мәселе, тіптен атауда ғана емес. Сөз ана тілінен безінген қазақтар туралы.

* * *
Қазақстан жағдайында қазақ басылымдарын, кітаптарын, т.б. оқымаған қазақтар және қазақстандықтарды сауатты жандар деп айту қиын. Қазақтық туралы ғылыми еңбекті мазмұнда негізінен қазақ басылымдары айтуда, жазуда. Өзге тілдегілерде: алгоритм басқа, үндестік өзге, түсіну таяз, халықты жете білуге ынта саяз. Бұл орыс тілінде ғана сөйлеп жазатындарға қатысты айтылған уәждер.

* * *
Мен орыс, қазақ тілдерін қатар меңгерген қазақпын. Көптеген әріптестерім, замандастарым неге бір-ақ тілде орыс тілінде ғана сөйлейді, тыңдайды, оқиды, білім алады, білім және тәрбие береді, неге? Олар екі тілді қатар меңгермеген осындай жағдайда, қайдағы үштілділік.

* * *
Орыс тіліне келсек, ол тілде өктемдік бар. Түсінікті. Кезінде Ресей империясының тілі болды. Оқыдық, үйрендік. Ауылдағы Абайдың өзі Александр Пушкин мен Михаил Лермонтов шығармаларын аударды. Ол рухани қажеттілік және қазақ поэзиясының өрлеуі болды. Абай қара сөзінде орыс тілін үйренсек дүние арзанға түседі деді, бірақ оның орысша оқыған адамдардан кісілікті адамдар шықпай жүр дегені бар емес пе?
Орыс тілі Кеңес империя­сының, оның идеологиясы­ның тілі, саясат тілі болды. Оқыдық, үйрендік, білім алдық, пайдасын көрдік. Қазір жағдай басқа. Егемендік бар. Ендігі жерде тіл мәселесінде өктемдіктің қажеті жоқ.


Өзге тілді меңгеру үшін алдымен қазақ болып алайық, өз ана тілімізді аялап, құрметтеп, төрге шығарып, мәртебесін өсіріп, құндылықтар жүйесіндегі орнын анықтап, өткен ата-бабаларымызбен сұхбат жасай алатындай етіп, (олар ағылшын, орыс тілін білмей өтті емес пе) ұрпақтарға қазына, мұра болатындай дәрежеге көтеру мәселесі күн тәртібінде.


Мұндай жағдайдан жалғыз біз ғана емес, өзге халықтар да өтіп келеді, әуелі ана тілінде білім алып барып, көптілділікке өткен жөн. Ол үшін (біз көптен бері айтып жүрген ұсыныс) бір ел, бір мектеп бағдарламасына өту қажет. Орта мектеп стандарты бір болса, бүгінгідей орыс, ұйғыр, татар мектептеріне бөлінбей, 1-4 сыныпқа дейінгі барша этнос балалары мемлекеттік тілде ғана білім алып, тәрбиеленсе, еліміздегі «орыстілділер» және «қазақтілділер» деген мәселе түпкілікті шешілер еді. Осы мәселені, менің көтергеніме он жылдан аса уақыт өтті. Бастауыш сыныптарынан кейін көптілділікті (мамандармен) ақылдасып жүргізсе құба-құп. «Мен білемге» салыну жақсылыққа бастамайды, жұртпен кеңескен жөн. Тіл болашағын талқылауға түскен азаматтар дұрыс айтып жатыр, физика, химия, биология, т.б. жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қазақ тілінің қолданыс аясын тарылту деген сөз шындық.
Тіл терең тамырлы құбылыс, ол халықтың тарихи рухани қазынасы, дүниетанымдық субстанциясы.