Тілге қызығушылық қайтсе артады?
Бәсекеге қабілеттілік ХХІ ғасырдың көшбасшыларын анықтайтын жол. Жаһандану заманында дамыған елдер алдыңғы қатарда, кейінгілері олардың көлеңкелерінде қала бермек. Жан-жақты дамыған елдің саяси бағыттары да, тілі мен дәстүрі де өзгелерге үлгі болары анық. Осыған байланысты «Қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін қалай арттырамыз?» деген сауалға жауап табу үшін тілімізді, ең алдымен, мемлекет ішінде дамытуымыз керек.
Ал xалықаралық деңгейге көтеру үшін, мемлекет көшбасшы елдердің қатарында болуы тиіс. Бүгінгі таңда құжаттандыру мәселелерінде ілгерілеушілік бар, баспасөз құралдары өз ақпараттарын қазақ тілінде таратуда. Дегенмен, бұның өзі тілдің деңгейін көтеруде аздық етеді. Ең алдымен, бұл мәселенің шешімін табу үшін бізге уақыт қажет. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде, тіпті қарапайым орындарда да тілдесудің қазақ тілінде болуы мақтаныш сезімін ұялату қажет. Ал ол үшін ел азаматтары, ол жас па, ересек пе – қазақ тілінің мемлекеттік тұрғыдан маңызын жете түсінуі, патриоттық сезімін көтеруі маңызды. Орыс тілі кешегі Кеңес үкіметі мемлекеттері арасында ғана шарықтау деңгейіне жеткен. Бүгінгі таңда, ол xалықаралық тіл емес екендігін, тек көршілес мемлекетпен қатынас құралы екендігін сезінген жөн. «Неге біз көрші мемлекеттермен кездесулерді қазақ тілінде жүргізбейміз, неге ел ішінде қазақ тілімен қатар, орыс тілінде де түсіндірулер жүргіземіз?». Бұл өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет деген түсініктен арылуымыз қажет. Керісінше, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жете меңгеру арқылы тұрып жатқан мемлекеттеріне құрмет көрсетуі қажет. Бұл мүлде орысша білмеу қажет деген сөз емес. Бұл – мемлекеттік тілді бірінші орынға қою, білу міндеттілігі деген сөз.
Мемлекетіміздің экономикасы, жалпы жан-жақты бағыттары өзгелерден артық болуы шарт. Біздің мемлекетте де тың жаңалықтар, алпауыт компаниялар ашылуы қажет. Сонда ғана біз әлем мойындайтын елге айналамыз. Сол кезде ғана, біздің елге, тілге деген қызығушылық артады. Әлемдік тілге айналған ағылшын тілі қалай бұл деңгейге жеткендігін талқылайтын болсақ, ең алдымен, ол үйренуге оңай, сөздік қоры біздікіндей мол емес екендігін ескеруіміз қажет. Демек, біз осы басымдылықтарды ескере отырып, жұмыс істеуіміз қажет.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, қандай жағдай болмасын, тіліміздің мәртебесін төмендетпей, керісінше дамытуымыз қажет. Тіліміз бәсекеге қабілетті болу үшін, ең алдымен, мемлекет ішінде оның деңгейін көтеруіміз шарт. Себебі тіліміз – ұлттық бейнеміздің көрінісі, айнасы.