Тіл. Тек. Тұғыр

Тіл. Тек. Тұғыр

Алмағайып уақиғалар алмасқан тұста қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Сол бір кезде бойға қуат, жанға шуақ берген достық ықылас, басқа ұлт өкілдерімен арада болған туыстық жайлы әжем көп айтады. Өзі куә болған бір әңгімесі былай басталған еді:

«...Сол жылы қыс қатты болды. Отау құрғанымызға жыл толмаған. Әуелгіде жылқы ғана бағатын едік. Былтыр тұрған көрші қыстаққа көшетін болып, темір табанды түйешанамызды жолға дайындадық. Мұның өзі қолдан құрастырылған. Зина деген татар кемпірдің арғы атасынан қалған пәуескені шана ғып жасап алғанбыз. Сыртын қалың киізбен қаптадық. Көктем келісімен шешіп тастаймыз. Екі күн жүріп, қонысымызға да жеттік. Қос бөлмелі шым үйде Рамис деген орыс тұрып жатыр екен. Зайыбы – Дилар. Үй біздік. Атаң марқұм ыңғайына келтіргісі келіп көрген. Бір жағынан, олар қайда барады? Не керек, біз солармен бірге екі бөлменің бірінде тұрдық. Бірте-бірте үйренісе бастадық. Әттең, тіл ұғысу жағы қиындау-тын. Рамистің әкесі «итжеккеннен» жер аударылып келіпті. Содан осында қалған. Рамис – қулау жігіт. Бастапқыда өз тілінен аз-мұз түсінік бергісі келіп, шалға жақындай беретін. Біздікі көнбеді. Шай үстінде олар ести берсін дей ме, өзінің түп-тамырын, ата-тегін айтып отыратын. Әйел заты көнбіс қой, Дилар екеуміз тіл табыса бастадық. Жаттауға оңай сөздерді мен үйреттім, ол маған орысша бірдеңелер «құйды». Самауыр мен кереуеттің солардан шыққанын естігенмін. «Атбекет» пен «нәшәндікті» білеміз. Екі ай зырғып өте шықты. Қара бидай мен тарыдан түрлі дәмді тағамдар пісіреміз. Қар қалың түскен жыл еді. Тіпті, мал қораның ішіне төбеден түсуші едік. Үйді жылытатын отын жоқ, өлеңшөпті отын қылдық-ау! Үй маңында шегенді құдық болатын. Сол шегенді құдықты әлгі Дилар екеуміз тазартып, ауыз суға пайдаландық. Дилар – өз ісіне тиянақты, таза әрі пысық әйел. Әлгі екеуі таңның атысы, күннің батысы бағымдағы қырық жабағыны суаруға кетеді. Осылай күн бөріп жаттық.

Көктем шыға көршілеріміз біраз қазақша сөздің «басын шертті». Рамис «жібіген» болуы тиіс, біз жаққа ығысыпты. Уақыт өте келе оларға мақал-мәтелдерді де үйреттік қой. Тура алты жыл ішіктің ішкі бауындай етене жақын араласып кеттік. Кейін Рамис өзі туралы «мәскеулікпін, Буденный деген қолбасшының жиенімін» деп, мақтана сөйлеуші еді. Кезінде бухалтер болып жұмыс істепті. Кіші қызға аяғым ауыр болып, босанатын уақытым жақындағанда Дилар келіп: «Тамырым, сен қаласаң, осы балаңа кіндік шеше болайын»,- деді. Мен қуана келістім. Орталыққа жол бар. Сауданың көзін үйреніп алған уақыт. Ол балаға қажетті деген заттарды алып келетін. Қазақ халқы кіндік шешені ерекше құрметтеп, жеке сый-сыяпат жасаған. Осы үрдіс бойынша бізде кіндік шешеге өгіз бердік. Рамистер болса, көгентүп ретінде «Зерька» деген сүтті сиырын берді. Осылайша, жай ғана көрші емес, туыстай болып кеттік. Кейін олар бізден бөлініп, қаладағы туыстарына жол тапты.

Дилар кейін бізді іздеп келіп кетіпті. Біз бұрынғы «Қайнар» совхозында тұрып жатқан едік. «Бізді табыстырған – қазақ тілі. Шалыңыздың ата-тегінен бастап, орта жүздің руларын жаттап алдық. Бірге тұрған жылдар үшін алғысымды айтамын» деп еді кетерінде. Қимай қоштастық...

Тегі басқа болғанымен тәттіні бөлісетін, қаны бөлек болғанымен жанына жақын тартатын қазақ халқы емеспіз бе?! Біртұтас халықтың көзірі – тіл, қазақ тілі, ана тіліміз. Қазақ даласының дарасы да, данасы да бірлік-берекені ту еткен қашанда. Өйткені татулықсыз, ынтымақсыз ештеңенің өнбесі анық. Еткен еңбектің де жемісі бекерге кетпек. Ауызбірлігі жарасқан елді ешқандай қиындық қыспағы ала алмайды. Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегінен орын тепкен, бір ауыздан айтылып, кең өлкені шарлаған бабаларымыздың даналық сөздері, өресі мен өнегесі ерек әңгімелері бүгінгі ұрпақ үшін, біз үшін мәңгі мұра болып қалары рас.

Тіл байлығы – әр елдің мақтанышы. Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениетінің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.

Көпұлтты ел болсақ та, ынтымақтастық пен татулықтың арқасында бүкіл дүние жүзі мойындаған іргелі мемлекетке айналдық. Біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Төле би «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп ұрпақтарына өсиет қалдырса, Қаз дауысты Қазыбек би «Біз үш жүз қазақ керіспейік, асылы бізге керіскен жөн емес» деп төңірегіндегілерді бір-бірін сыйлап, құрметтеуге шақырды. Ата-баба аманатына адал болу, өсиет-ақылдарын іске асыру – басты парызымыз.

Біз – бақытты ұрпақпыз! Себебі, ынтымағы жарасқан, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Ертеңіміздің келбетінің жарқын болуы – өз қолымызда. Тіл – тұғырда, бірлік бекем болғай!