Тілге жанашырлық жан сүйсінтті

Тілге жанашырлық жан сүйсінтті

Еліміздің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік тілдің мәселелеріне қатысты ортаға салынған мәселелер көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені бұл жолғы жиын бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қордаланған мәселелеріне жан-жақты мән берілуімен ерекшеленді.

Мәдениет және спорт министірі Арыстанбек Мұхамедиұлының жасаған баяндамасында тіл саяса­тының жемісті тұстары атап көрсетілді. Мәселен, елі­міздегі мемлекеттік тілді мең­гергендер қатары артып келеді екен. Сандық көрсеткішке жүгінетін болсақ, 2016 жылы республикада қазақ тілін мең­герген азаматтардың үлесі 82 пайызға жетіпті. Үш­тілді меңгеру көрсеткіші де жақсаруда. Ересек тұрғындар мен 12-17 жас аралығындағы оқушыларды қоса алғанда, үштілді меңгергендердің үлесі 20 пайыздан асыпты.

Ал өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы ор­гандардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесінде де ілгерлеушіліктің бар екеніне тоқталған министр ол бүгінде 91 пайызды құрап отырғанын мәлім етті. Алайда статистикалық-есептік және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге көшуі жеткіліксіз деңгейде екенін де жасырмады. «Бұл жағдай, әсіресе, ұлттық компанияларда байқалады. Мемлекеттік тілдегі ісқағаздарын жүргізу орталық атқарушы органдарда – 89%, жергілікті атқарушы органдарда – 93%. Отандық БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 71%» – деді А. Мұхамедиұлы.

Жиында, сондай-ақ мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдіс­темелері «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленгені де ай­тылды. Тілдерді дамыту бағдарламасы аясында терминология, аударма жайындағы мәселелерге де барынша мән бе­ріліп, бұл бағыттағы ат­қарылған жұмыстар туралы хабарланды.

Басқосуда сөз болған ең маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік тілді оқыту орталықтарына қатысты. Неге десеңіз, кезінде осы орталықтардың мемлекет қарамағында қалу, қалмау мәселесі туындаған еді. Елімізде 87 аймақтық мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істейді екен. Мұндай орталық­тар жекеменшіктің қолына өтсе, қазақ тілін оқытудың жай-күйі қалай болады деген сұрақ көпшіліктің көңіліне алаңдаушылық ұялатқаны сөзсіз. Бұған бейжай қарамаған азаматтар мен Парламент депутаттары да қарсылық білдірді. «Ана тілі» газеті де бұл туралы мәселе көтерді. Сонымен Үкімет оң шешім қабылдап, тіл орталықтары жекешеленбейтін болды.

– Ел Үкіметінің 2014 жылғы 30 сәуіріндегі жеке­ше­лендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулысы бойынша жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдар тізбесіне 39 орталық енгізілген болатын. Нәтижесінде, Ақтөбе, Қарағанды, ­Алматы облыстарының оқыту орталықтары жекешелендірген. Мемлекеттік бағдарлама мақсат-міндеттері мен негізгі нысаналы индикаторларының орындалу барысы осы тілді оқыту орталықтары арқылы жүзеге асырылатындықтан, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, сіздің осы мәселе бойынша берген тапсырмаңыз осы бағыттағы жаппай жекешелендіру процесін тоқтатуға ұйытқы болды. Көп рақмет айтамыз, – деді А. Мұхамедиұлы.

Мемлекеттік қызметшілерді оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне байланысты ­министр былтыр мемлекеттік басқару академиясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Жоба аясында орталық органдарда мемлекеттік тілді оқыту курсына 300 адам қатысқан. Биыл бұл дәстүр жалғасын тауып, қазақ және ағылшын тіліндегі курстарға қатысатын мемлекеттік қызметшілердің қатары екі есе артатынын атап көрсетті.

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Мемлекеттік бағдарламаның 2014-2016 жылдардағы кезеңін жүзеге асырудың тиімділігіне бағалау жүргізілгенін жеткізді. Соңғы 3 жыл ішінде Бағдарламаны жүзеге асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсеткен, балдық жүйе бойынша мүмкін болатын 4 балдан 2,66 балмен бағаланған. «3 критерий бойынша бағалаулар біршама жоғары болды. Мақсатты индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 88 пайызды құрады» - деді Ұлттық экономика министрі.

Талқылауды қорытқан Премьер-министр Б. Сағынтаев тілдерді одан әрі дамыту мәселелері жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл ­Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру аясында жүзеге асырылмақ. Осыған орай Үкімет басшысы тілдерді дамыту еліміздегі басым міндеттердің бірі болып табылатынын айтты, соған орай мемлекет еліміздегі барлық тілдерді дамытуға жағдай жасауда. Мемлекет басшысының Жолдауында үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен ауысуға ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан да Үкімет алдында осы тапсырманы қамтамасыз ету міндеті тұр. Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне, әкімдерге түсіндіру жұмыстарына барынша күш салып, халыққа қазақ тілін үйретудің тегін курстарын ұсынуды жандандыру тапсырылды. Сондай-ақ Б.Сағынтаев тілдерді үйрету үшін БАҚ-тың әлеуетін мейлінше пайдалану керектігін және арнайы бағдарламалар мен тіл үйрететін бейнеөнімдерді әзірлеу қажеттігін атап өтті.