Талап бар жерде, бәрі бар

Талап бар жерде, бәрі бар

2016 жылы «ҚАЗТЕСТ» тестілеуінен өткен 7 мың адамның 5600-і ғана өз білімін дәлелдей алған. Оның ішінде қазақтілді аудандар саналатын Ұлытау ауданынан 17 адамның 3-і, Жаңаарқа ауданынан 18 адамның 1-і, Қарқаралы ауданынан 16 адамнан 6-ы ғана тестілеуден өткен. Бұл – Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Г.Қаңтарбекованың берген мәліметі. Қазақтілді аудандардың өзінде осындай мәселе орын алып отырғанын ескерсек, бұл мемлекеттік қызметшілер арасында тіл білу деңгейінің төмендігінің көрінісі.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында өткен «Конституциялық реформа – мемлекетті одан әрі дамыту жолындағы тарихи маңызды кезең» тақырыбындағы дөңгелек үстелде қаралған басты мәселе – Елбасы саясатын талқылап, халыққа түсіндіру. Атап айтқанда, билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуіндегі негізгі мәселелерді талқылау және мемлекеттік тілді оқытудың Ұлттық стандарттарының маңыздылығы, бірүлгі бағдарламаның ерекшелігі, оны оқу барысында қолдану тиімділігі.

Қарағанды қаласының ғалымдары, облыстық департаменттер мен басқармалардың, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген 26-бапқа байланысты туындаған мәселелерге, сонымен қатар үштілділіктің енгізілуіне байланысты Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы, профессор, филология ғылымдарының докторы М.Әбдуов пен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Тілдердің үштұғырлығы» орталығының директоры Н.Әубәкіровтің пікірлері көңілге қонымды болды. Ғалымдардың айтуынша, тілді білу арқылы ғана әлем елдерінің алдында біліміңді, білгеніңді дәлелдей аласың. Сонымен қатар, жазу сауаттылығына да ден қою мәселесіне де көңіл бөліну қажеттілігі туралы айтылды. Жаһандану жағдайында ағылшын тілі әмбебап тілге айналып үлгерді. Ғылыми форумдар, саяси және экономикалық келіссөздер ағылшын тілінде өтуі, ағылшын тілінің лексикасындағы интернет бізден де соны талап етеді. Бұл жерде осы тілді үйрену арқылы қазақ тілінің мәртебесі төмендейді деген емес, керісінше,қазақ тілін жақсы білу арқылы ғана, біз өзімізді мойындата алмақпыз. Ал әлем тілдерін білу арқылы олардың мәдениетін танумен бірге қазақ мәдениетін де әлемге паш етеміз.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында бүгінгі заман талабына айналып отырған «ҚАЗТЕСТ» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесін тапсыру барысында мемлекеттік қызметшілердің тілді меңгеру деңгейінің төмендігі талқыланды.

Тілдерді оқыту орталығы биылғы жылы да 7 мың адамды тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. Ендігі талап – В1 деңгейін алу. Тесттен өтетін мемлекеттік қызметшілер үш деңгейден өтуі керек болса, облыста 5 пайыз көрсеткішке жетуі керек болатын соңғы, С 1 деңгейін алған мамандардың көлемі 0,5 пайыз ғана.

Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ж.Жақанованың айтуынша тіл талап қою арқылы дамиды. «Қазтест» — заман талабы. Тестілеуден өтетін мемлекеттік қызметшілерге талап қою арқылы ғана тілімізді өркендете аламыз. Бұл – мемлекеттік қызметшіге ғана емес, кез келген қазақстан азаматына қойылатын талап. Олай болса – біліміңіз бағаланбасы анық. Биылғы Жолдауда да тіл мәселесіне ерекше ден қойылып, қазақ тілінің әрі қарайғы дамуына зор көңіл бөлінді.

Салтанат ИЛЬЯШОВ