Орыс тілді аудиторияға қазақтың төл сөздерін оқытудың тиімді жолдары

Орыс тілді аудиторияға қазақтың төл сөздерін оқытудың тиімді жолдары

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев даму қарқыны әлемді таңырқатып отырған Қазақстанның одан әрі өркендеуіне өзінің Мәңгілік Ел идеясын ұсыну арқылы анық та айқын жолды көрсетіп берді. Мәңгілік Ел идеясының басты-басты жеті түрлі құндылығының ішінде тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы нақтылай айтылған. Сондықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқып-үйренуге де елімізде айрықша көңіл бөлініп отырғандығы баршаға мәлім.

orys-tyldy-auditoriyaga-kazaktyn-tol-sozderyn-okytudyn-tiymdy-zholdary

Әрине, тілді үйрену оңай жұмыс емес. Жекелеген сөздерді аудармасымен жазып алып, жаттау көпшілік жағдайда айтарлықтай нәтижеге жеткізе қоймайды. Мұндай тәсіл бірте-бірте үйрену үшін жалықтыруы да мүмкін. Мәселен, бар – есть, жоқ, - нет, бер – дай және тағы басқа тұрғыда жаттатқызамыз да, сөздік қор молайған кезде ұмыту, жаңылу, шатастырып ауыстырып алу байқала бастайды. Әсіресе, ол төмендегідей аудармаларда жиі кезігеді:

Орман – лес, арман – мечта;

Орал – возвращайся, арал – остров;

Отан – родина, атан – верблюд (самец);

Орақ – серб, арақ – водка;

Осындай дыбыстық өзгерістердің әсерінен сөздің мағынасы, нәтижесінде жеткізем деген ойының мағынасы түбірлі түрде өзгеріп шыға келеді. Мысалы: Болашақтың жолы арманға жетелейді – Болашақтың жолы орманға жетелейді. Ол қаладан оралды – Ол қаладан аралды. Мен Отанымды сүйемін – Мен атанымды сүйемін. Орақпен егін орады – Арақпен егін орады. Оқыту барысында мұндай жәйіттер жиі кезігеді. Себебі, неде?

Қандай да бір сөзді айтуға жаттықтыру барысында сол сөздің мағынасын зерделей отырып, мүмкіндікке және талапқа орай этимологиясына да белгілі деңгейде түсінік берген жөн. Мұндай сипаттағы үйрету сөздің есте сақталып қалуына айтарлықтай деңгейде жағдай жасайды. Әрине, кейде «Сөз төркініне үңілудің қаншалықты қажеті бар?» деген сұрақтың да ойға оралуы мүмкін. Десек те, осыған орай өз пікірімізді ортаға салғанды жөн көрдік.

Қай тілді алып қарасақ та оның түбірі тереңде жататындығы белгілі. Ал, қандай да бір құбылысты танып-білу үшін өзегіне үңілу қажет. Зерттеуші ғалымның тілімен айтар болсақ: «Демек, сөз-ой көрінісі. Кез келген ой-пікірді ауыздан шығарып, тиісті объектісіне жеткізу үшін сөз керек. Сөзсіз ой-қанатсыз құс. Сондықтан да бұрынғы ата-баба, кейінгі көп ұрпақ сөз туралы санқилы ойлар қалдырған. Оның төңірегінде пікір айтып, толғанбаған адам кем де кем. Халық «Өнер алды – қызыл тіл» деп түйген. Яғни, сөз өнерін басқа өнерлердің бәрінен биік қойған. Сөз құдыретін, сөздің сиқырлы күшін, ерекше паш еткен» [1, 3], - болып шығады. Олай болса, тілді үйрену барысында жалаң аудармамен ғана айналысу көздеген мақсатқа қол жеткізе қоймайды екен.

Жер бетіндегі ұлттардың қай-қайсысы болмасын бір-бірімен міндетті түрде байланысқа түседі. Мұндай қарым-қатынас, әсіресе, сауда-саттық саласында айрықша көрініс беретіндігі белгілі. Нәтижесінде тілде алмасу үдерісі туындайды. Яғни, бір ұлттың сөзі келесі ұлтқа ауысып, қолданылу аясына ие болады. Мұндай сөздер белгілі бір деңгейде дыбыстық өзгерістерге де ұшырауы мүмкін. Мұндай алмасу нәтижесінде келген сөздерді түсіндіру үшін оның қай ұлттан ауысқандығын, ол жақтағы мағынасының қандай болғандығын ұқтырса орынды болмақ. Мысал келтіріп көрелік.

Адам – человек. Қазақ тілінде человек сөзін кісі деп те айтады. Онда адам сөзі қайдан келген және неліктен қолданысқа түскен. Адам – арабтың сөзі [2, 11]. Қазақ тіліне аударғандағы мағынасы «жердің қыртысы», яғни, топырақ деген мағынаны білдіреді. Яғни, түп төркіні исламдағы Алла адамды топырақтан жаратқан деген ұғымның негізінде қалыптасқан. Сөз арабтікі болғандықтан арабша таңбалар болсақ үш әріптен тұрады екен. Олар: алиф, дәл, мим. Айтылуында адам, жазылуында адм болып шығады. Көптеген елдерде Адм деген кісі аттары да кездеседі. Яғни, бұл біршама халықтарда қолданылып жүрген араб сөзі екен.

Қазақта қыз балаға Айша деген ат қойылатынын да білеміз. Жалпы кісі есімдерінің төңірегінде сөз қозғағанда қазақтың белгілі бір жағдайға орай мақсатты түрде ат қоятындығы айқын. Мәселен, дүйсенбі күні туған балаға Дүйсенбай, өскенде батыр болсын деген ниетпен Қабанбай, ақын болсын деген оймен Біржан және тағы басқалары. Біз түсінік бергенде де осы жәйіттерді естен шығармауымыз керек. Айша есіміне келгенде оның сөз алмасуы нәтижесінде араб елдерінен келген ат екендігін айтқан жөн. Сөздікте былайша түсінік берілген: «Айша – жизнь – имя любимой жены Мухаммада, догери ближайшего сподвижника пророка и первого халиф Абу Бакира. Она имела большое влияние на Мухаммада что вызывало к ней неприязень многих членов общины» [2,13]. Нәтижесі Мұхаммад пайғамбардың зайыбының құрметіне қойылған есім болып шығады.

Қазақ халқындағы шежіре, рулар жайында түсінік берілгенде қожа, төре деген атаулар шығатындығы мәлім. Бұл қандай ру деген сұрақтың туындауы, әрине, заңдылық. Жауап беру барысында тағы да сөздің шығу төркініне баруға тура келеді. Қожа руын алып қарайық. Қожа бұл да араб сөзі. Қазақша мағынасы – басшы, басқару деген ұғымды аңғартады. Зерттеуші Л.З.Рустемов былай дейді: «Қожа-ходже: начальник, глава, хозяин, господин, учитель, мудрец – в узком смысле среди народов Ближнего и Средного Востока прослоика в феодальном обществе, в широком смысле – представителем правлящего класса. В социальной иерархии стоят, после саидов, потомков пророка Мухаммада. О их происхождении существуют различные толки: по одним источникам, ходжи являются потомками первых четырех халифов, по другим – считаются потомками предводителей арабских войск в их захватнических походах» [2, 61]. Дәл осы тектес түсінікті төре сөзіне де берген дұрыс болмақ. Нәтижесінде үйренушілердің санасына аталған сөздер ұмытылмастай орнығады.

Қазақ тіліндегі жиі қолданылатын келесі бір сөз – момын. Күнделікті айтылатын (Ол өзі момын студент екен. Момын шаруаның баласы не айта қояр дейсің? Момынның малы тонауға жақсы) түрлі жағдайда қолданылып, жуас деген мағынаны білдіреді екен. Сөздікте момын сөзіне қатысты былайша түсінік береді: «Момын – 1. Скромный, безвредный, 2. Правоверный это слово связано со словом иман –вера (фактический синонимом термина ислам). Халифы начиная с Омара, а затем и другие правители мусульманского мира носили титул амир-аль-муьминин-повелитель правоверных» [2, 72]. Яғни, бұл сөз де араб халықтарынан енген екен. Ақиқатында қазақ еліне ислам дінінің енуіне байланысты сөздің алмасуы белгелі бір деңгейде мың жылға жуық уақыттың ішінде жүзеге асып отырған. Бұған, әрине, ислам діннің ерекше әсері болғандығы ақиқат және мерзім де аз уақыт емес.

Қазақ тілінде тұрақты сөз тіркестерінің де қолданылу аясы кең. Бұл тіл мәдениетін, сөз әдебін дамытуға айрықша үлес қосатыны ақиқат. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша сөйлеу мәдениеті: «Бұл ауызша сөйлеу мәдениеті, яғни, сөйлеу үрдісінде орфография қағидаларын сақтап мәнерлеп сөйлеумен байланысты. Ауызша сөйлеу мәдениетінің өзі іштей ауызекі сөйлеу тілі және әдеби тілде сөйлеу тілі болып екіге бөлінеді. 1. Ауызекі сөйлеу тіліне адамдардың күнделікті тұрмыста белгілі бір ахуалдарға байланысты бір-бірімен өзара сөйлесуі жатады. Бұнда сөйлеу еркін жағдайда өтеді де, эмоциялық мән басым және тілдік элементтер ықшам түрде қатысады. 2. Ауызша әдеби тілде сөйлеуге топ алдында және жиналыстарда жасалатын баяндамалар, оқытушылардың, лекторлардың, депутаттардың, актерлардың т.б. сөздері жатады» [3, 6] болып табылады. Тұрақты тіркестердің өзіндік сипаттары бар. Құрамындағы сөздердің бір бөлігі тұрақты тіркес беретін мағынамен ұштасып келсе, енді бірінде негізгі мағынаға қатысы жоқ сөздерден құрастырылады. Мысалы, мен сенің арқаңда күн көріп жүрмін тіркесін алайық. Әр сөзді жеке-жеке аудармасымен жаттап үйренген адам сөзбе сөз аударма жасап, оны тіркестің мағынасымен байланыстыра алмай әуреге түседі. Соңынан жалығуға тап болып, ынтасынан айырылады. Аударып көрелік: мен – я, сенің – твоей, арқаңа – спине, күн – солнце, көріп – вижу, жүрмін – хожу. Жинақтай келгенде: Я на твоей спине солнце вижу, хожу болып шығады. Тіркестің беретін мағынасы: маған сен көмектесіп жүрсің. Үйренушінің таңырқауы орынды, жеке сөздердің мағынаға қатысы жоқ сияқты. Бұл тіркесте үш сөзге ерекше екпін жасап, түбірлі түсінік беру қажет. 1. Арқаңда сөзінің көмектесу мағынасын беруі арқалаудан шыққан. Мәселен, баланы көтеріп алатын болсаңыз қыз, оның шаршамауына үлкен жеңілдік жасайсыз. Осыған орай, қолға көтеру негізінде қолдау көрсету, ал арқалау негізінен арқаңда сөзінің көмектесу мағынасымен ұштасқан нұсқасы туындаған. 2. Келесі сөз күн көру тіркесі. Күн – барлық тіршілікке нәр беріп тұрған қуат көзі. Сондықтан күнді көру тұрақты түрде дамуда деген мағынамен ұштасқан. Тіршіліктің бірнеше қайнар көзі болса, соның бірі күн сәулесі. Тағы да бір мысал келтіріп көрелік. Мен сені жақсы көремін. Мұндағы жақсы көру тіркесі ұнату деген мағынаны аңдатып тұр. Ал, сөзбе сөз аударар болсақ я тебя хорошо вижу болып шығады. Тіл үйренуші тағы да таңқаларлық жағдайға тап болады. Тіркес мағынасы мен жеке сөздердің мағынасының арасындағы жайшылықта байқала қоймайтын, үндестікті ашып, айқындап беру міндет болмақ. Жақсы сөзінің мағыналық төркіні айқын, анық, нақты деген сөздермен үйлесімде жатыр. Ал, көруді сол күйінде өзгеріссіз алған жөн. Сонда жақсы көру – айқын көру деген тіркеспен мәндес. Қарама қарсы қолданысы нашар көру немесе көмескі көру. Жақсы көру – толық қабылдау да, нашар көру – шала қабылдау. Осыған орай жақсы көру тіркесінің ұнату сөзімен үндестікте қолданылуы шыққан.

Қазақ тілінде қабырғаңмен кеңес деген тіркес те бар. Бірінші мағынасы ақылдасу, сөйлесу, кеңесу. Егер аударар болсақ посоветоватся с ребром болып шығады. Тағы да орынды сұрақ туындайды. Кеңесуге қабырғаның қажеті қанша? Тіркестің төркіні діни аңызда жатыр. Исламдағы айтылым бойынша әйел адам ер адамның сол жақтағы бір қабырғасынан жаратылған. Нәтижесінде қабырғамен кеңесу – әйеліңмен ақылдас деген мағынаны мезгеп тұр. Ендігі сұрақтың «осы қазақ тілінде неге астарлап айту жиі қолданылады?» болары қалыпты құбылыс. Мұндай сұраққа жаугершілік заманды басынан көп өткерген халық, түрлі жасырын мәліметтерді өзге ауылдарға жеткізу үшін хабаршы жібергенде жолда жаудың қолына түсіп, ұсталып қалса, апара жатқан хабары жария болып кетпес үшін астарлы сөз арқылы сәлем айтатын болған. Ол сөздердің шешуін табатын арнайы адамы болған. Мәселен, «Аққайшы» деген халық ертегісінде тұтқынға түскен хан баласына хат жазып, дұшпан әскерлерінен сәлем айтады: «Шырағым, балам! Бұл елдің ханының маған берген байлығында хисап жоқ. Астыма төсегенім қара торғын, үстіме жамылғаным көк торғын, артымнан он кісі сүйеп жүреді, сондықтан осы елге бағыныңдар!» [4, 48]. Осы хатты алған баласы сөз астарын түсінбей көрші хандыққа бағынамыз деп ел жинағында, оны шешіп берген келіні Аққайшы болады. «Атам хатында былай деген екен. Бұл елдің ханның маған берген байлығында хисап жоқ дегені – үсті-басының барлығы биттеп кеткенін айтқаны. Астыма төсегенім қара торғын, үстіме жамылғаным көк торғын дегені – астымда қара жерден басқа, үстімде көк аспаннан басқа ешнәрсе жоқ деп айтқаны, артымнан он кісі сүйеп жүреді дегені – екі қолын қайырып, байлап тастаған екен, сондықтан осы елге бағыныңдар деп осы елге шабуыл жасаңдар деп айтқаны». Міне, осы тәріздес мысал-әңгімелерді қолдана отырып ұқтырса, түсіну, есте қалу, айқын білу қабылеттері жетіле түсіретіндігіне шәк келтіруге болмайды.

Қазақ тілінде не көп, көп мағыналы сөздер көп. Оларды түсіндіру барысында әр сөздің өзегі мен өрнегін айқындап отырмаса сыңаржақ қабылдаудың қалыптасқаны анық. Мәселен, айналайын сөзін алып қарайық. Әрі жақсы көру, әрі айналу тәрізді екі түрлі мағынасы бар делік. Бұл қос мағына қайдан шыққан, өзара байланысы бар ма, бар болса қандай деген сұрақтарға жауап бере отырып түсіндірсе жөн болмақ. Айналайын сөзінің негізгі мағынасы айналу сөзінен туындап тұр. Ал, айналудың жақсы көруге қандай қатысы бар? Байқап көрелік. Жаратылысқа назар аударсақ талай тамаша құбылыстарды байқауға болады. Мәселен, тоғыз планета күнді айналып жүреді. Өйткені, олар күннен нәр алып тұр. Сондай-ақ, түнде шам жарығына ұшып келген көбелек, оны айналып кетпей қояды. Әңгімелесу барысында бір адам екінші адамды ұнатып қалса, қайтадан кездескісі келіп тұрады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Түйіні, айналу сөзінің жақсы көру ұғымымен мәндесіп кеткендігінде. Олай болса, жаратылыстағы осы тектес құбылыстардан сабақ ала отырып, аталмыш сөздерді өзара үндестіріп, байланыстыра қолданған.

Екі түрлі, нақтырақ айтқанда қарама-қарсы мағынада қолданылатын сөздердің бірі – жынды. Бұл сөз адамның көңіл-күйіне байланысты жағымды да, жағымсыз да түрінде айтыла береді. Тіл үйреніп жүрген адамның ойына неге деген сұрақтың келуі орынды жәйіт. Сұраққа жауап беру үшін эпикалық туындыларға жүгінуге тура келеді. Өйткені жын эпостық шығармаларда кездесетін ғажайып бейне. Әзірет Әлидің соғысы дастанында:

Имам Әли бұл сөзге нанады енді,

Ібіліс бастап, ертіп барады енді.

Жетіп келсе қисапсыз жындар кәпір,

Алдынан шығып соғыс салады енді» [5, 239], -

деген жолдардан жынның жағымсыз бейне ретінде суреттелгенін аңғарамыз. Осы дастанның келесі бір тұсындағы:

Жүруге рұқсатын берді жындар,

Жиылысып алдына келді жындар.

-Сізге сый қып береміз қазына-мүлік,

Керегінше ал бізден – дейді жындар [5, 244], -

деген шумақтан жынның жағымды бейнесін байқаймыз. Яғни, халық ауыз әдебиетінде жын бейнесі бірде жағымды, бірде жағымсыз қолданыла береді екен. Осы қолданыстың негізінде жынды сөзінің қос мағынадағы қолданысы туындаған. Бұл, әрине, біздің пікіріміз.

Сонымен, түйіндей келе айтарымыз тіл үйрену барысында оны түбірдей түсіну тіл мәдениетінің қалыптасуына әкеледі. Зерттеуші ғалымдардың сөзімен айтсақ: «Сөз қолдану мәдениеті сөзді мағынасына сай, орынды, әсерлі, сыпайы жұмсауымен байланысты. Сөзді мағынасына сай қолдануға қажетті шарттар: сөз дәлдігі, сөз байлығы, тіл тазалығы, сөз әдебі» [3, 5]. Осы шарттарға қол жеткізу үшін сөздің төркінін де түсіне білген дұрыс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Кенжебаев Б., Қожакеев Т. Сөз туралы сөз. Алматы: Мектеп, - 1983. – 50 бет.
  • Рустемов А.З. Слово о слове. Алматы: Рауан, - 1991. – 112 стр.
  • Жақыпова Ә.А. Тіл мәнедиеті. Оқу құрады. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, - 2004. – 80 бет.
  • Бөзінген: Ертегілер. Алматы: Жалын, - 1987. – 214 бет.
  • Бабалар сөзі. Алматы: Фолиант, - 2005. Т.15: Діни дастандар. – 2005. – 344 бет.