Біз Абай туралы күнде ойланамыз…

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жетекшісі Айнұр Болатқызы Төлеу «Әдебиет порталына» сұхбат берді. Ол институттың негізгі мақсаты – қазақ тілін шетелде насихаттау, тіл үйренушілерге заманауи әдістемелік құралдар мен инновациялық оқу материалдарын әзірлеу екенін атап өтті.
Сұхбат барысында Абай шығармашылығын халықаралық деңгейде таныстыру, қазақ мәдениеті мен тарихын шетелдік аудиторияға жеткізу институттың басты міндеттерінің бірі екендігіне назар аударылды. Сонымен қатар Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталып, әлеуметтік желілерде басталған #МеніӨзгерткенАбай челленджі жайында әңгімеледі. Оның айтуынша, бұл бастама Абайдың тек қазақ халқына ғана емес, шетелдік оқырмандарға да терең әсер еткенін көрсетті. Сондай-ақ, институт ұйымдастырған ашық сабақтар мен халықаралық деңгейде өткен шаралардың маңызы ерекше аталды.
Айнұр Болатқызы Абай институтының шетелде қазақ тілін оқыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына да тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап АҚШ, Түркия, Ресей, Бельгия және Иранда қазақ тілін үйрететін мектептер ашылған. Соңғы жылдары Франция, Австрия, Венгрия сияқты мемлекеттерде де офлайн курстар іске қосылды.
Сұхбатта ерекше жоба ретінде «Димаш әндері арқылы тіл үйрену» тәсілі де айтылды. Әнші Димаш Құдайбергеннің әлемдік жанкүйерлері қазақ тіліне қызығушылық танытқандықтан, осы бағытта арнайы сабақтар әзірленгені айтылды. Алдағы уақытта институт цифрлық контентті кеңейтуге, бейнесабақтар дайындауға және заманауи IT-платформалар арқылы қазақ тілін оқытуға ерекше көңіл бөлетінін Айнұр Болатқызы атап өтті.