"Тіл шебері - 2016" байқауы өтті

​Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі  Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті  2016 жылғы 16 қыркүйекте  Қазақстан халқы тілдерінің ХVІІІ республикалық фестивалі аясында мемлекеттік қызметші жастар арасында «Тіл шебері» республикалық байқауын  өткізді.

21 - 29 жас аралығындағы жергілікті және орталық атқарушы органдарда қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылып отырған байқаудың мақсаты - жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өзінің саласында кәсіби құзырлы мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдау көрсету, сондай-ақ үштұғырлы тіл саясатын насихаттау, іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдерді мемлекеттік қызметші жастардың меңгеру деңгейін анықтау.

Республикалық деңгейде өткізіліп отырған байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғ. С. Мелдешов министр А.Мұхамедиұлының құттықтау сөзімен ашып берді.

Байқау барысында «Мәдениеттаным», «Ұлттаным», «Өнертаным» аталымдары бойынша қатысушылардың тілдерді меңгеру деңгейі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуі және сахналық мәдениеті сынға түсті.

Қазылар алқасының шешіміне сай 25 байқауға қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталса, Мәншүк Дәулетбайқызы Молдажанова (Ақтөбе облысы «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» меңгерушісі) бас жүлдені, Шыңғыс Қанатұлы Құдайбергенов (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің сарапшысы) І орын, Жомарт Болатұлы Орман (ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының басқарма басшысы) ІІ орын, Гүлнұр Даниярқызы Даниярова (Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы, емдеу-алдын алу жұмысы және лицензиялау бөлімінің бас маманы) ІІІ орынды иеленді.

Республика деңгейінде ұйымдастырылған байқау үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметкерді ынталандыру және мемлекеттік органдарда үштұғырлы тіл саясатының кең қолдау табуына ықпалын тигізеді.