Тіл тарихын түгендеген

Тіл тарихын түгендеген

Қазақ тіл білімінің түркологияда өзіндік орын алуына аға буын өкілдері Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, Т.Жанұзақов, Н.Оралбаевалармен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымовтың да сіңірген еңбегі ерекше.

Ғалым туралы айтыла қалғанда, оның баспасөз тілін зерттеуші, әдеби тіл тарихын таразылаған тіл тарландарының бірі және көрнекті түрколог- ғалым И. А. Батмановтың шәкірті екендігі сөз болады. Шынында, алғашқы қазақ газеттерінің бірі «Дала уәлаятының» тілін зерттеуден бастау алған ғылыми жұмыстардың соңы жүздеген ғылыми мақалалар мен ондаған монографияларға жүк боларын жас ғалым кезінде білген жоқ еді. Петербургтегі Салтыков- Щедрин кітапханасында, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларындағы мұрағатта тапжылмай отырып, шаң басып, сарғайған қағаздарды ақтарған тыңғылықты, тындырымды, жанкешті еңбегі «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты докторлық диссертацияға ұласты. Оның авторы бедел биігіне көтеріліп, ғибратты ғалымдар қатарына қосылды.

Профессор Б.Әбілқасымовтың өткен өмір жолына көз салсақ, ғалымның ғылым есігін есейіп барып, кештеу ашқанын байқаймыз. Мектеп директоры, институт проректоры, облыстық партия комитетінің сектор меңгерушісі сынды билік баспалдағында жүрсе де, ғылымға құштарлық оны Ғылым Ордасына алып келді. Тіл білімі институты әдебиеттен бөлініп жеке шаңырақ құрып жатқан кез болатын. Жаңа ғылыми-зерттеу мекемесі алдағы бесжылдық жоспарларын түзіп, басым бағыт-бағдарларын айқындаған кезге тұспа-тұс келген аспирантқа әлі зерттеле қоймаған тақырып – қазақ әдеби тілінің тарихын зерделеу жауапкершілігі жүктелді.

Осы тақырып бойынша XVIII-XIX ғасыр­лардағы қазақ әдеби тілі тарихын таразылаған 300-ге жуық ғылыми мақалалар, оннан астам монографиялық еңбектер, оқулық пен оқу құралдарын жариялады. Олардың бәріне тоқталмай-ақ, негізгілерін сөз етпекшіміз.

«ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты монографиясы құнды еңбектер қатарына қосылды. Еңбекте сол кездегі қазақ әдеби тілі көркем әдебиет стилі мен ресми құжаттар стилі негізінде баяндалып, олардың өзіндік ерекшеліктері нақты тілдік материалдармен дәйектелгенін байқаймыз.

Ғалымның жазба ескерткіштер тілін зерттеген монографиялық еңбектері де жеткілікті. Тарихта XVII ғасырдағы Әбілғазы Баhадүр ханның «Түркі шежіресі» кітабының алатын орны ерекше екені белгілі. Ол туралы ғалымның «Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі» атты еңбегін айтқанымыз абзал.

Сондай-ақ Бабаш Әбілқасымұлының қиссалар тілі туралы қисынды зерттеулері де назар аудартады. Қазақ лингвистикасында қиссалар тілінің арнайы зерттеу нысаны болмағанын сөз ете отырып, оларды тілдік ерекшеліктері жағынан 3 топқа жіктеп қарастырады. Біріншіден, мазмұны, негізгі идеясы жағынан дінді, діни моральді уағыздайтын, тіл жағынан түркі әдеби тілінің әсері күшті қиссалар болса, екіншіден, мазмұны жағынан шығыстық сюжетке құрылған, идеясы адамгершілік, махаббат, ерлікті жырлайтын, лексикасы негізінен, қазақ сөздерінен тұратын, бірақ орфографиясы мен грамматикалық құрылысында кейде түркі әдеби тіліне тән дәстүр кездесетін шығармалардан, үшіншіден, орфографиясында ғана жазба дәстүр сақталған, грамматикалық құрылысында бірен-саран көне пішіндер кездесіп қалып отыратын, ал лексикасы толықтай қазақ сөзінен тұратын халық ауыз әдебиеті үлгілері екенін атап көрсетеді.

«Алғашқы қазақ газеттерінің тілі», «XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары», «Қазақ әдеби тіл тарихы», «Қазақтың ескі жазба әдеби тілі» сынды монографиялық еңбектерімен қатар, қазақ әдеби тілінің тарихына арналған оқулықтар мен оқу құралдары жоғары оқу орындары студенттерінің кәдесіне жарауда.

Табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтындағы 60 жыл ішінде қатардағы ғылыми қызметкерден институт директорының орынбасарына дейін көтерілуі – ғалымдық пен әкімшілік жұмыстарды қатар үйлестіре жүргізу қабілетінің жоғары болғандығынан хабардар етсе керек. 20 жылға жуық «Түркология және қазақ тілі тарихы» бөлімін басқарған тұста да әдеби тіл тарихын терең зерттеуге ұжымды ұтымды ұйымдастырып, үлкен жетістіктерге жеткеніне куә жандармыз.

Профессор Б.Әбілқасымұлы ғылыми-педагог кадрлар дайындау ісіне де қомақты үлес қосқанын, атап айтқанда, 2 ғылым докторы мен 16 ғылым кандидатының диссертациялық жұмысына жетекшілік еткенін айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары мен Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңестермен қатар, көршілес қырғыз мемлекетінің университетінде де филология мамандығы бойынша докторлық қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Сонымен бірге Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақтың қыздар педагогтік институты мен Қайнар университетінде дәріс оқып, дипломдық жұмыстарға жетекшілік етті. Реті келгенде, ел тәуелсіздігімен бірге түлеген тұңғыш жекеменшік Қайнар университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін ұйымдастырып, оның елімізде қанат жаюына көрнекті тілші-ғалымдар Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев, С.Исаев, Ә.Әбілақов, Т.Жанұзақов, С.Омарбеков, Т.Сайрамбаевтармен бірге Б.Әбілқасымовтың да үлес косқанын айта кетсек, артық болмас.

Ерекше астын сызып айта кетер мәселе, Б.Әбілқасымұлының оқу-ғылым саласында, яғни мектепті, жоғары оқу орнын және аспирантураны үнемі үздік бітіргені. Оның «5» дегеннен басқа баға бар екенін білмей өскенін жастарға үлгі етіп айтуға тұрарлық.

Ғалымның мектептегі сүйіп оқитын пәндері қазақ тілі мен әдебиеті болған екен. Әке аузынан естіген аңыз-әңгімелер, дастандар мен қиссалар бала Бабаштың қиялын қанаттандырып, мектеп кезінің өзінде-ақ әдеби тілдің құпия сырларын ашсам деген асқақ арманы қол бұлғағанын бағамдауға болатын сияқты.

Әке демекші, «Қанша мықты болса да, тартпай қоймас негізге» дегендей, академик Ө.Айтбаевтың айтуына қарағанда, ғалымның әкесі Әбілқасым ауыл-аймаққа аса беделді адам болған деседі. Тілі өткір, табанды жан ауылдық кеңес төрағасы болған екен. Оның аузынан шыққан мақал-мәтелге бергісіз небір ұтымды сөз орамдары мен мысқыл әңгімелері әлі күнге дейін ел аузында жүргенін көз көргендер аңыз етіп айтып жүр.

Жоғарыда айтқанымыздай, мектепті үздік бітіре салысымен Б.Әбілқасымұлы өзі оқыған мектепте екі жыл мұғалім болып еңбек еткенін біреу білсе, біреу білмес. Пединститут табалдырығын ұстаздық тәжірибемен аттағанының тағылымдық мәні зор екені айтуға тұрарлық.

Бала кезден әкесінің ел басқару өнегесін көріп өскен ғалым өзінің байқампаздық, аңғарымпаздық, зеректік қасиеттерінің арқасында отызға жетер-жетпес кезінде облыстық партия комитетінің сектор меңгерушісі болып, өңірдегі оқу-білім саласын қадалағаны көпке үлгі болары анық.

Ғалымның біз білмейтін тағы бір қыры, мықты шахматшы екендігі. Ұстазым, академик Ш.Сарыбаев «жұмыстан кейін институтта қалып, шахмат ойнайтынбыз» деп айтып отыратын. «Ойын кезінде адамдардың өз мінезінен хабардар ететіні, қулық жасап, шу шығаратындар да аз болмайтын. Бабаштың сабырлылығы, ойнау мәдениетінің биіктігі бәрімізді таңғалдыратын», – деген еді Шөкең жарықтық.

Футбол ойнау, футболға жанкүйер болу, қызығушылық таныту Бабаш ағайды да айналып өтпеген сияқты. Футбол біткеннен соң автобус, троллейбустарға сыймай, үйге жаяу қайтатынын ғалымның аузынан талай естіген едік.

Тоқсаннын төріне көтерілсе де әлі тың ғалым, биылдың өзінде бірнеше ғылыми жиын мен конференцияларға, тіл – таным семинарларына онлайн форматта қатысып, тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша ой қозғап, ескі жазба тілінің әлі де зерттей түсер тұстары бар екендігіне назар аудартқаны есімізде.

«Ғалымның ғасырлық тойында кездесейік» деген тілші қауымның ыстық ықыласымен мақаланы аяқтағанды жөн көрдік.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

академик, филология ғылымының

докторы, профессор