«Tilqural.kz» АРҚЫЛЫ ТІЛ ҮЙРЕНІҢІЗ!

«Tilqural.kz»  АРҚЫЛЫ ТІЛ ҮЙРЕНІҢІЗ!

Қазіргі кезде тіл үйретудің инновациялық технологияларға негізделген, тәжірибеден өткен тиімді тәсілдері жеткілікті. Соның ішінде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың мемлекеттік тілді деңгейлеп үйренуге арналған веб-сервис – «Tilqural.kz» порталының орны ерекше.

Жоба қазақ тілін меңгермеген ересек азаматтардың белгілі бір уақыт аралығында барынша тиімді әрі жүйелі түрде А1, А2, В1деңгейінде үйреніп шығуына мүмкіндік береді. Сөздік қорын дамытып, жаңа сөздердің мағынасын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдана білуіне ықпал етеді. Сондай-ақ латын графикасын үйрету процесін тиімді етуге көмектесетін әрі пайдаланушының қызығушылығын арттыратын жаттығулар берілген.


Порталдың негізгі міндеті туралы орталықтың инженер-бағдарламашысы Саяжан Сәлімжанұлы былай деп әңгімелейді:

– Әлбетте, әуелгі кезекте, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және қолданылу аясын кеңейтуді көздейміз. Сол себепті қалың жұртшылыққа порталда және қосымша базасында қазақ тілін оқытудың үздіксіз үдерісін ұйымдастыру басты міндетіміз болып табылады. Осы арқылы және қосымша ашық қол жетімділік есебінен мақсатты аудиторияны максимальды түрде қамтуды жүзеге асырып келеміз. Контентті ұсынудың заманауи форматын қолдану нәтижесінде оқытудың тиімділігі артты.

Егер порталға кірсеңіз, маман пікірінің шындығына көз жеткізесіз.

Мобильді құрылғылардан оқу қамтамасыз етілген. Латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің әліпбиімен таныса аласыздар.

Қолданысқа енгізу сатылап жүзеге асып келеді: 2019 жыл – А1 деңгейі, биыл – А2-В1 деңгейі, келесі жылдан бастап – В2 -С1 деңгейі.

Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін порталды күні бүгін 25 мыңға жуық адам пайдаланады.