ЖЕРІҢНІҢ АТЫ – БАБАҢНЫҢ ХАТЫ

ЖЕРІҢНІҢ АТЫ – БАБАҢНЫҢ ХАТЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 30-31 шілде күндері сағат 16.00-де «Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының топонимдері» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтеді.

Ұлы Дала төсінде сан ғасырлар бойы түрлі оқиғалар легі өтті.

Солардың жаңғырығындай жер-су атаулары дүбірлі дәуірлердің тарихы мен халқымыздың көрнекті даңқты тұлғаларының есімдерін әйгілеп, ықылым заманнан қалыптасқан географиялық сипатын бейнелейді. Сондықтан, оларға ана тіліміз бен ұлттық тарихымыздың аса құнды дерек көзі ретінде қарап, жүйелі зерттеудің тарихи-географиялық, этнографиялық мән-маңызы өте зор.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдан бастап еліміздегі ономастикалық бірліктерді жүйелеудің ғылыми негіздемелерін қалыптастыру мақсатында тарихи-диахрондық тәсіл арқылы ономастикалық атауларды жүйелеу бойынша ғылыми-зерттеу іс-шарасын бастады. Аталған іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен ономаст-ғалымдар қатысады. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысы бойынша ономастикалық бірліктерді жүйелеудің ғылыми негіздемелері әзірленетін болады.

Модератор ретінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Ердембекұлы Тілешов тарихи-диахрондық тәсіл арқылы ономастикалық атауларды жүйелеудің кең қолданысы тәжірибеге енетініне тоқталып, оның ерекшеліктері және қазіргі таңда елімізде өзекті тақырыпқа айналған ономастикалық атаулар мәселелері төңірегінде сөз қозғайды.

Бұдан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық архив директоры, Сәуле Зейнуллинқызы Мәлікова «Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық өзгерістерінің құжаттары – аймақ топонимикасының қайнар көзі» туралы баяндама жасайды.


М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай 1925-1940 жылдардың мысалы негізінде Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы тарихи топонимиканың қалыптасу ерекшеліктеріне талдау жасайды.

Тарихи-диахрондық тәсіл арқылы ономастикалық атауларды жүйелеу ғылыми ізденіс іс-шарасының ғылыми жетекшісі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Құрманбайқызы Иманбердиева «Солтүстік Қазақстан облысы топонимдерінің құрылымы» мәселесі туралы баяндайды.

Жер-су атаулары – егемен ел екендігімізді білдіретін, ұлттығымызды ұлықтайтын теңдесі жоқ тарихи жәдігер болумен қатар, тәуелсіз мемлекетіміздің бір белгісі, ұлттық нышаны.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің басқа өңірлері секілді Қарағанды облысында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырыла бастады. Көптеген елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылып, халқымыздың ұлы тұлғаларының есімдері ұлықталды. Дегенмен, ұлттық сипатымыз бен елдігімізге сын боларлық атаулардың сақталып отырғаны жасырын емес. Осы мақсатта облыс көлемінде республика көлемінде алғашқы болып 2001 жылдан берi әр ауданға этнотопонимикалық зерттеулер жүргізіліп келеді. Онлайн-конференцияның басты тақырыбына болып отырған тарихи-диахрондық тәсіл арқылы ономастикалық атауларды жүйелеу бұл мәселеде жаңа серпін берері сөзсіз.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Советқызы Әділова «Қарағанды облысының гидронимдері» төңірегінде сөз қозғаса, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы Темірғали Тілеубекұлы Аршабеков өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасайды.

Ғылыми ізденістің жетекшісі – Сәуле Иманбердиева «Қарағанды облысының биотопонимдері» мәселелері бойынша өзекті мәселелерді айтады.