Тіл өгей ме, ұл өгей ме?..

Тіл өгей ме, ұл өгей ме?..

Қазір мемлекеттік құқыққа ие болған қазақ тілінің абыройы биіктеп, мерейі өсіп келеді. Бұрын жұрт алдында орыс тілін біл­мегендер қысылса, енді қазақ тілін білме­ген­дер қызаратын болды. Бұл – жақсы нышан.

Алайда бойында ар-намысы бар ­аза­маттар ана тілін ардақтап, оның болашағы үшін күресіп жатқанда, «бұл әуреден не шығар дейсің?» дегендей, селт етпей, серпіле қой­май отырған мекеме, ұйым басшылары да жоқ емес. Осыған бір ғана дәлел келтірейік. Жазда жер шоқтығы Көкшетаудағы ­«Оқ­жетпес» санаторийінде демалудың сәті түсті. Сонда мұндағы жолдастар Қазақ ССР-інің топырағында от оттап, су ішіп, өмір сүріп жат­қандықтарын ұмытқан ба, Тіл туралы заң қабылданғанынан бейхабар ма деп қалдық. Олай дейтініміз – санаторийде ана тіліне «тілдік орта» қалыптастырудың нышаны да сезілмейді. Емдеу орнындағы дәрі­герлердің дені қазақ өкілдері, ал қызмет көрсететіндердің көбі орыс ағайындар екен. Олардың өзара қатынас құралы – сол баяғы орыс тілі. Жергілікті ұлт тілін үйреніп жатқан қызметкерлерді көре алмадық. Санаторийдегі жарнама, жазу-сызудың бәрі баяғысынша орыс тілінде. Қазақша жазылған бір сөз, бір атау, бірде-бір сілтеме таппайсыз. Асхана алдынан «Уголок питания», «Служебная комната», «План культурно-массовых мероприятий» дегендерді оқысаңыз, қымызхана алдынан Режим дня в санаторий», «Информация» деген тақталарды көресіз.
Олардағы жазулар «Заказы билетов на обратный выезд производится строго за 23 дня» деген сияқты болып келеді.

Ескі ғимараттан емдеу жайына өтер ­жерде «Здоровье» қабырға газетінің жалаңаш тақтасы тұр. Онда «Орган партийной, проф­союзной и комсомольской организаций» дегеннен басқа бір ауыз сөз жоқ. Мұның қатарындағы екі тақта өздерін «Социалистические обязательства», «Экран соцсоревнования» деп таныстырады.

Емдеу ғимаратына кіргенде оң жақтан көретініңіз – «График отпусков», «Наши ­маяки» деген тақталар мен «Мы ­придем к ­победе коммунистического ­труда» (В.И.Ленин) деген ұран. Арырақтағы тақ­талар «Партийная жизнь», «Комсомольская жизнь», «Народный контроль» деп сан тізген. Ендігі бір топ тақталар «Закон и мы», «Трезвость норма жизни», «Правила внутреннего трудового распорядка для рабочих и служащих санатория», «Оқжетпес» деп сайрайды.
Әдетте театр киім ілгіштен, мәдениет босағадан басталады десек, қазақшамыз басшылардың кабинетінің есігіне ілінген жарнамадан басталуға тиіс. «Оқжетпесте» отырған жолдастар мұны да ескермепті. Олардың есіктеріндегі «Главный врач», «Зам. главного врача» дегендерді оқығанда тіл өгей ме, ұл өгей ме деген ойға қалдық!

Осыдан кейін санаторийдің бас дәрігері Амантай Жақыпбеков жолдасқа қарап былай деп тіл қатқымыз келеді. Сіз:
Сарыарқа – сары дария қиыры жоқ,
Көз болсын қандай қыран талады да.
Ішінде Сары дария көз тоқтатар
Көкшетау – Сарыарқаның аралы да, – деп Мағжан жырлаған «Жер шоқтығы» Көкшетауда отырсыз.
Оқжетпес – найза қия, қыранға ұя,
Қарасаң жанның шері тарамай ма!
Солардың ортасында Бурабай көл
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды айға,
– деп жырланған атышулы жақпарлы жартас­тың етегінде, толған айдай толқыған Бурабай көлінің жағасында отырсыз.
Ерлер бар бітістері жасыл, құрыш,
Ерлер бар айтса, қайтпас, алмас қылыш.
Ақын бар алмас садақ, тілдерінен
Кейде бал ағызады, кейде бұрыш, – деп Сәкен паш еткен ерлердің қонысында отырсыз. Казақ тілінде өлең, жырдың ақығын ақтарып, алаш атын шығарған, айналасын әнге кенеп, жұртты аузына қаратқан ­Ыбырай мен Балуан Шолақтың, Біржан сал мен Ақан серінің мұрагері болып отырсыз. Осындай қазақтың жыр туын тіккен қасиетті жерінде отырып халқымыздың діліне, тіліне көңіл бөлмегеніңіз қалай? Тіл туралы заңға осынша бойкүйездік көрсетуіңізді қалай түсінеміз? Ең болмаса, заң күшіне кірген 1 шілде күні селт етпегеніңіздің сыры неде? Түсінбедік.

Көкшені, Оқжетпесті жанының ­жай­­ла­у­ын­­­дай көрген Мағжан сонау 1919 жылы: «Ерлік пен елдіктен бірлік пен қайраттан, бақ пен ардан айырылып ­бара­мыз. Енді нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың» деп жырлап еді. Сол ата-­бабадан қалған қымбат белгі – ана тілімізді ардақтайық, аялайық деп аманат айтып еді. Біле білсеңіз, осы аманатты айтқызбай орындауға алдымен атсалысатындардың бірі Сіз болуға тиісті едіңіз.

Оның үстіне «Оқжетпес» – республика­мыздағы орны бөлек, басқаларға барлық жағынан үлгі болар емдеу орны. Тіл ­туралы талаптарды «Оқжетпесте» отырғандар орындамаса, кім орындамақ? Әрі бұл ­санаторий бұрынғыдай аппараттағы ­ақсүйек­тердің емес, егде тартқан еңбек, соғыс ар­да­герлерінің демалыс орнына айналды. ­Демек, онда келушілердің бәрі бірдей орыс­ша ­сайрап тұрған адамдар емес. Олар қанына сіңген қазақшасымен өзара қатынас ­жаса­ғысы келеді.

Амал қанша, осының бәрі назарыңызға ілінбепті, өкінішті-ақ! «Ештен де кеш жақсы» деген, енді ескерерсіз. Ұл тілді, тіл ұлды өгей көрмесе керек-ті.