Тілімізді ғылым мен технология ғана сақтайды

Тілімізді ғылым мен технология ғана сақтайды

Арабия түбегінде орын тепкен Біріккен араб әмірліктері де біздің қазақ халқы сияқты сыртқы отарлаушылықтан көз ашпапты. XV ғасырдың орта шенінен бастап біресе Партугалияның, біресе Голландияның қол астында қалып, ақыр аяғы 1750 жылдан былай қарай Англияның билігіне мойынсұнған. Ағылшындар әуелі інжу саудасына араласса, кейінірек мұнай өндіріп, өздеріне тасып әкетумен айналысқан. Ағылшын үстемдігінен бұл ел 1968 жылы ғана құтыла бастаған екен.

Сол ағылшын үстемдігін еріксіз еске салатын белгілерді түбектен ара-тұра ұшырастырып қалуға болады. Сондай бір белгіні Дубайға барған сапарымда Жумейра жағажайынан кездестірдім. Ол 1950 жылдары Америкада жасалған әлемге әйгілі Шевролет жүк машинасы. Бұл туралы сәл кейінірек…

Әбу-Даби, Дубай, Шаржа, Ажман, Ум-әл Кувейн, Рас-әл-Хайма және Фужейра атты әмірліктердің ағылшын үстемдігінен құтылып, өзара бірігіп тәуелсіз мемлекет болғанына биыл 49 жыл. Кезінде мұхиттан інжу жинаумен, түйе бағумен ғана күнін көрген мешеу ел тәуелсіздік алған соңғы елу шақты жылда әлемдегі алдыңғы қатарлы бай мемлекеттің біріне айналған. Әсіресе, жер иесі – арабтардың әлеуметтік жағдайлары өте жақсы. «Құдай, Ұлт, Президент!» деген ұранмен президентін ұлттан кейін қоятын бұл ел жайындағы деректерге сүйенсек, әрбір елу бесінші тұрғылықты араб миллионер көрінеді. Жергілікті араб жігіті отбасын құрса оған 119 мың доллар көмек көрсетіледі, үй алу үшін өсімсіз несиесі тағы бар. Ол несие, егер үшінші сәбиі дүниеге келсе, өздерінде қалады. 21 жасқа толған араб жігітіне үй тұрғызу үшін жер телімі тегін беріледі. Босанған жергілікті араб әйеліне әрбір бала сайын қомақты ақша төленеді. Біреу оның көлемін 20 мың доллар, енді бірі 60 мың доллар дейді. Әйтеуір аз емес.
Ал сырттан жұмыс іздеп келіп, осында тұрақтап қалғандар бұндай игілікке ешқашан қол жеткізе алмайды. Тіпті олардың құқықтары да шектеулі. Біз сияқты «…ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы жекеменшікке қазақстандықтар ғана ­сатып алады» деген жалпақшешейлік жоқ. Қазақстандық деген қазақ деген сөз емес, бұған біздің елімізге әртүрлі жағдайда қаңғып келгендер де еніп кетіп тұр. Оларда тек жер иесі жергілікті арабтың ғана мүддесі көзделеді. Ал Әмірліктегі бүкіл халықтың бестен бір бөлігі ғана жергілікті арабтар екен. Бизнес­пен айналысу үшін шетелден барғандар сол бизнесін тек жергілікті арабпен бірігіп жасайды,­ әрі заң бойынша басымдық жергілікті араб жағында болуы тиіс.
Осылайша, байлығы шалқыған әрі халқы өз елінде ықпалды ел бола тұра Біріккен араб әмірлігі ағылшын тілінен әлі күнге дейін құтыла алмай келеді екен. Көшелердегі, есіктердегі жазулардың барлығы екі тілде. Дәл біздегі сияқты, әуелі арабшасын, оның астына­ ағылшыншасын жазуға мәжбүр. ­Метрода да солай, арабша-ағылшынша хабарлап жатқандары. Сатылып жатқан газет-журналдар мен кітаптардың да шамамен тең жартысы (одан да көбі-ау) ағылшынша. Жалпы бұл елде мемлекеттік тіл араб тілі болғанымен, қолданылуы жағынан төртінші орында екен. Арабтың кейінгі толқын ұрпағы ағылшын тілді болып барады дейді ресми ақпарат. Бұл қалпымен БАӘ арабтары енді елу жылда да ағылшыншадан құтыла алмайтын сияқты.
Араб түбегіндегі арабтардың осындай мүшкіл тілдік жағдайы қазақ ұлтын да қатты ойландыруы керек. Дүниежүзіне әйгілі Арабияның өзі тіл жағынан осылай ақсап жатқанда қазақ тілінің қауіпті болашағына үрейлене қарауға тура келеді.
Қазіргі БАӘ портты мемлекет болғаны себепті экономикасының басты тірегі ежелгі ата кәсібі – сауда болып тұр. Онда да олар өздері шығарған өнімін емес, көбінесе біреудің өндірген затын сыртқа сатумен, қазіргі тілмен айтсақ, реэкспортпен айналысады. Түбектің мұхит жағалауында орналасқаны себепті дүниежүзінің алпауыт елдерінен кемемен ­толассыз келіп жатқан заттар әуелі осылардың қолына түседі. Туризм индустриясының да пайдасы ересен. 2020 жылға қарай тек Дубайға ғана келетін саяхатшылар саны жылына 20 миллионға жетпек дейді сарапшылар.
Өндірісте мұнай алдыңғы орында. Болат пен алюминий өндірісі де бар. Дегенмен, метал құймалары шикізат күйінде экспортталатын сияқты. Ауылшаруашылығы құрма ағашын өсірумен ерекшеленеді. Арабтың өз заты дейтін жалғыз бренд осы. Құрмаға «пайғамбар оразасын ашқанда жейтін еді» деп елде жоқ ерекшелік жамап, әлемнің еліккіш мұсылмандарына көптеп сатып отыр. Әрине, құрманың құрамында адам ағзасына қажетті нәрлі заттектер баршылық. Бірақ бұл құрмада бар заттектер басқа жемістерде жоқ деген сөз емес. Ораза кезінде ауызды тек құрмамен ашу керек деген заң да жоқ. Пайғамбар құрма жесе, оны басқа жейтін жемісі болмаған соң жеген. Егер түбекте жүзім өсетін болса, ол құрма емес, жүзім жеген болар еді. Өйткені құрмаға қарағанда жүзім сулырақ қой. Сондықтан құрманы дінге араластырып, арабтардың әлгіндей жалаулатқан жарнамасына­ бола бағасына қарамай есіміз кетіп сатып алудың қажеті шамалы. Ауызды қолда бар, өз жерімізде өсетін кез келген жеміспен аша беруге болады.
Біріккен араб әмірліктерінің жаңа технологиямен өнім өндіріп жатқан дерегі тым аз, тіпті жоқ деуге болады. Дүкендегі заттардың көпшілігі біздегі сияқты басқа елдердің өнімдері. Мысалы, қымбат тондар Греция мен Италиядан, алтын әшекейлер Қытайдан, Малайзиядан, алтын құймалар Швейцариядан және тағы сол сияқты сырт елдерден әкелінеді. Оларға бір тиімді жері осы сырттан әкелінген заттардың дерлік барлығын сырттан келген туристер сатып әкетіп жатады.
Көшелерінде Жапонияда, Оңтүстік ­Кореяда, Еуропа мен Америкада жасалынған көліктер өріп жүр. Өздері көпшілікке арнап көлік шығару өндірісін өрістете алмаған. Мұндағы зәулім ғимараттарды жобалаушылар да, тұрғызушылар да шетелдік мамандар көрінеді. Сөйте тұра Марста көлемі Чикаго сияқты (Алматы қаласынан сәл кішілеу) алты жүз мың адам тұратын «Mars 2017» атты қала саламыз деп, болуы күмәнді жобаны елден бұрын мәлімдеп тастаған. Бұл енді біле білген адамға күлкілі жағдай.
Жаңа технологияға қолы жетпеген, ­заманауи ғылымын дамытпаған елді, қанша бай болса да, дамыған елдер қатарына жатқызуға болмайды. Біріккен араб әмірліктері, оның ішінде Дубай да дәл қазір ұлттық ғылымы мен жаңа технологиясы дами қоймаған, басқалардың технологиясына тәуелді аймақ.
Демек, басқаның ғылымына, басқаның технологиясына тәуелді ел, басқаның тіліне де тәуелді болмақ. Ендеше, қазақ ұлты болашақта да орыстың, ағылшынның, қытайдың тіліне тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің ұлттық ғылымымызды, өзі­міздің жаңа технологиямызды қалай да дамы­туымыз керек. Сонда ғана тіліміз шын мәнінде тәуелсіздігін алады. Онсыз тәуелсіздік жоқ.
Ағылшын үстемдігінің бір белгісіндей болып Дубайда қалып қойған ескі «Шевролет» жүк машинасы орыстың «ЗиЛ» маркалы «көкқасқасына» қатты ұқсайды. Бір-біріне ұқсаған сол екі машина сияқты тіліміздің де жағдайы тәуелсіздігін алғанына елу жыл болған Әмірліктердің мемлекеттік тіліне ұқсап, соның кебін киіп қалып жүрмесін.