Дала фольклоры мен музыкасының антологиясы

Дала фольклоры мен музыкасының антологиясы

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5-томының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 1-томының, сондай-ақ «Ұлы дала жауһарлары» бестомдығының 1-томының тұсаукесер рәсімін өткізді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры Кенжехан Матыжанов «Дала фольк­лорының антологиясы» жоба­сын дайындау барысында институт ғалымдары сирек қорлар­дағы қолжазба мұраларды сараптай келіп, халық әдебиетінің барлық жанрлық түрлері бойынша ең таңдаулы үлгілерін 10 томға жүйе­леп, бүгінгі аудиторияға қол­же­тім­ді ету үшін цифрлы фор­мат­пен кешенді түрде баспаға дайындау, сондай-ақ топтамаға енген шы­ғар­малардың сюжеттік же­лісін орыс және ағылшын тіл­д­еріне маз­мұндап аудару жұ­мыс­­тарын қолға алғанына тоқтал­ды.

«Дала фольклорының анто­ло­гиясы» онтомдығының алғашқы 5 томын баспаға дайындауда ұлттық эпостың таңдаулы үлгілері алғаш іріктеліп, олар түпнұсқаларымен, басылымдарымен салыстырылып, текстологиялық зерттеулерден ке­йінгі таңдаулы нұсқалары жі­бе­­рілді. Оның 1-томы – көне эпос пен батырлар жыры, 2-томы – «Қы­­рымның қырық батыры» жыр­лар топтамасы, 3-томы – тарихи жырлар, 4-томы – ғашықтық жыр­­лар, 5-томында дастандар қам­тыл­ды.

Жұмыс барысында Құрман­ға­зы атындағы Ұлттық консерва­то­рияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқыту­шылары мен өнерпаздар, қа­жетіне қарай өңірдегі дәс­түр­лі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар тар­тыл­ды. Аудиожазба мен цифр­лан­дыру жұмыстары арнайы студия­ларда жүзеге асырылды. Оның баспаға дайындау жұмыс­та­рын инс­титуттың ғалым маман­да­рынан жасақталған арнайы шы­ғар­машылық топ жүзеге асыр­ды және олардың жұмысына редак­циялық алқа, жобаның ғылы­ми жетекшісі, ғылыми және жа­уап­ты редакторлар, ғалым-сарап­­шылар, сондай-ақ инс­титут­тың ғылыми кеңесі басшылық жасады. Басы­лымдарға белгілі отан­дық ғалым­дар­мен қатар алыс-жақын шетел оқымыстылары да сарап­тама-пікір жазды.

«Ұлы даланың көне сарында­ры­ның» бірінші томындағы «Музы­калық фольклор» бөліміне ежелгі наным-сенімге қатысты «Бақсы сарындары», ғұрыптық әндерге жататын үйлену ғұрпының сарындары – «Жар-жар», «Сыңсу», «Көріс», «Беташар», азалау ғұр­пы­на байланысты «Жоқтау», «Жұбату», «Дауыс», «Көңіл айту», «Көрі­су» үлгілері институттың мұра­ғат материалдарынан іріктеліп алынды. Сондай-ақ 2012-2014 жыл­дардағы іссапар кезінде Қытай және Моңғолия республикаларын мекендеген қазақ диаспорасынан жазылып алынған тұрмыстық ән­дерге жататын, балалар фольк­лоры «Бесік жыры», «Тұсау кесу жыры», «Жұмбақ өлең», кәсіптік өлең-жырлар «Төйгелеу», «Шөре­леу» үлгілерінің сарындары енгізіл­ді.

– «Дәстүрлі ән өнері» бөліміне Арқа, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Сыр өңірі және Батыс Қазақстан аймақтық дәстүрлі мектептері бойынша халық әндері мен кәсіби әнші-композиторлардың туындылары топтастырылды. Дәс­түрлі ән өнерінің өкілдері, қазақ музыка мәдениетінің классиктері, ұлт тарихында алтын әріптермен жазылған кәсіби-композиторлар – Біржан сал, Ақан сері, Абай, Шәкәрім, Жаяу Мұса, Мұхит, Балуан Шолақ, Әсет, Мәди, Естай, Жамбыл, Кенен, Нартай, Тайжан, Бораш, Қайыптардың шы­ғар­­машылығындағы таңдаулы ән­дер мазмұндалды», – дейді жоба жетекшісі, өнертану ғылым­да­ры­ның кандидаты Айнұр Қазтуғанова.

Бұл әндердің сақталуы мен наси­хатталуына үлес қосқан әнші­лер­дің репертуары сараланып, аға буыннан бастап, сахнаға енді қадам басып келе жатқан жас орын­­даушылардың 140-тан астам өмірбаяны үш тілде ұсынылды.

Таңдамалы 335 әннің ноталық жаз­басы тұңғыш рет аудио нұс­қа­­сымен қоса қазақ, орыс, ағыл­шын тілдеріндегі ғылыми-та­ным­дық түсініктемесімен бірге жа­­рияланды. «Ұлы даланың фольк­­лоры мен әуендері заманауи цифр­лы форматта «жаңа тыныс» алуы тиіс» екендігі ескеріле отырып антологияның кітап басылымы элек­тронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы арнайы QR кодпен, CD дискпен жарыққа шығарылды.

Елімізде алғаш рет жүйелі түрде іске асырылған «Ұлы дала жауһарлары» сериясының басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтап, жүйелеп, зерттеп, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін неғұрлым толық жарыққа шығару.