Жер-су атаулары атласының тұсаукесері өтті

Жер-су атаулары атласының тұсаукесері өтті

Ақтөбе облыс әкімі жанындағы облыстық ономастика комиссиясының кезекті №4 отырысы онлайн режимде өтті. Күн тәртібінде Әйтеке би ауданының Комсомол ауылдық округі Комсомол ауылын Темірбек Жүргенов ауылы, Комсомол ауылдық округін Темірбек Жүргенов ауылдық округі деп қайта атау туралы ұсыныстары оң қорытынды алды. Құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау туралы Әйтеке би, Темір ауданы әкімдіктерінен келген 8 ұсыныс қаралып, 7-еуі қолдау тапты. «Тың игерушілер» атауы қайта қарау үшін Әйтеке би ауданы әкімдігіне кері қайтарылды.

Сонымен бірге тілдерді дамыту басқармасының 2019 жылы ономастика саласында атқарған жұмыстарының қорытынды есебі тыңдалды.

Отырыс соңында «Ақтөбе облысының жер-су атауларының атласының» тұсаукесері өтті. Ақтөбе қаласының, облыс аудандарының әкімшілік-аумақтық бірліктерінің түрлі-түсті атласы бұдан бұрын 2009, 2012 жылдары басылып шыққан еді. Жаңартылған түрлі-түсті атласта облыстың әкімшілік-аумақтық бірліктері (аудан, қала, елді мекен) және олардың құрамдас бөліктері (көшелер, тұрғын үй алаптары, шағын аудандар) 2012 жылдан бері атау берілген немесе қайта аталған атауларымен кескінделген. Осылайша облыстағы ономастика саласының ғылыми қоры тағы бір еңбекпен толықты.