Үздік оқытушылар анықталды

Үздік оқытушылар анықталды

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің құрылымдық мекемесі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық оқытушы-ұстаздар байқауы өтті.

Байқаудың алғашқы кезеңдері бұған дейін сатылы түрде барлық өңірлерде ұйым­дас­тырылып, осы сыннан сүрінбей өтіп, үздік деп танылған 15 оқытушы-ұстаз биыл екін­ші рет өткізіліп отырған республикалық сайыс­тың соңғы турына жолдама алған.

Жиналған көпшілікті бұл реткі байқау­дың маңызы жайлы хабардар еткен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Әлібек Асқардың айтуына қара­ған­да, аталған байқаудың берері көп көрінеді. Нақ­тырақ айтсақ, қазақ тілін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін анықтау, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің тың әдістемесін жүйелеу, сондай-ақ өңірде жеңімпаз атанып республикалық байқауға қатысып жатқан қазақ тілі оқы­ту­­шыларының сабақ берудегі озық үлгі­лерін насихаттау екен.

«Аталған шараны өткізудегі мақсат – қазақ тіл білімінің атасы А.Бай­тұр­сын­ұлының еңбектеріндегі ғылыми-педа­гогикалық сабақтастықты жал­ғастыру; қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қол­даныс аясын кеңейту; қазақ тілі жанашырлары мен мамандар арасындағы үздіктерді анықтап, олардың тіл оқытудағы жаңашыл әдіс-тәсілдерін кең көлемде тарату» дейді қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы.

Өйткені қазақ тіл білімінің қайнар бұла­ғы осы Байтұрсынұлынан басталады. Ғалым­ның қазақ тілін меңгертудегі әдістемесі бүгінгі ұрпаққа баға жетпес мұра. Ұлы ұстаз еңбек­тері бүгінге дейін әдістемелік және тіл­та­нымдық тұрғыдан өз мәнін жойған жоқ.

Сонымен ұлы ғалым атындағы сайыс үш кезеңге жіктеліпті. Оның алғашқысы – қа­тысушы өз күшімен дайындаған оқу мате­риал­дары мен жетіс­тіктері жайлы бейне таныс­ты­ры­лымын көрсетсе, екінші кезең – педаго­гикалық-психологиялық жағ­дай­ларға байланысты тапсырма орын­дау, үшінші кезең – 20-25 минут көле­мінде сабақ беру үлгісін көрсету.

Бір қуанарлығы, жоғарыдағы рет бойынша өздерінің білімі мен тәжіри­бесін ортаға салып, сайысқан ма­ман­­дардың дені 90-жылдары өмір­ге келген жастар.

Білім мен білік, тәжірибе мен талпыныс сынға түскен бәсекеде қостанайлық ұстаз, Рудный қалалық тілдерді оқыту орталы­ғы­ның қызметкері Жанат Досы­бае­ваның жұлдызы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал І орынға астаналық оқытушы, Руха­­ният орталығының бөлім басшысы Еркебұлан Ерболатұлы лайық танылып, ІІ-ІІІ орындарды Қарағанды облы­сы Тілдерді оқыту орталы­ғы­ның ұста­зы Мұни­ра Ағымбаева мен Шығыс Қа­зақстан облысы лингвистикалық ор­та­­­лы­­ғы­ның маманы Әсем Мамы­ра­но­ва бөлісті. Сондай-ақ қызыл­ор­да­лық Әсел Бақытова, жам­был­дық Ақбота Тұрсынбекова және Шымкент қа­­ласынан келген тіл маманы Айсұлу Оспановаға ынталандыру сыйлығы табысталды.