«KITAP FEST 2019» тұңғыш рет елордада өтті

«KITAP FEST 2019» тұңғыш рет елордада өтті

25 тамыз күні ел астанасындағы Арбатта оқырман мен авторлардың, баспагерлердің басын қосқан «KITAP FEST 2019» кітап фестивалі өтті.

Кітап жәрмеңкесіне 20 дүкен, баспа және интернет-дүкендер қатысып, кітапсүйер қауымға фестиваль аясында арнайы жеңілдіктер ұсынды. Сондай-ақ, шара барысында «I BOOK YOU» кітап алмасу жобасы жүзеге асырылып, қонақтар өздерінің оқыған кітаптарын оқымаған кітаптарға ауыстырып алып жатты.

«Орталықтандырылған кітапхана жүйесінен тегін кітаптар ұсынылады. Олардың саны шектеулі болғандықтан, алып үлгеру керек. Өз кітаптарыңызды әкеліп, оқымаған кітаптарға алмастыруға болады», деді «KITAP FEST 2019» жобасының бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.

Есіл жағалауындағы жас жеткіншектерге көрсетілген ойын-сауық бағдарламалары мен шеберлік сыныптар бала-оқырмандардың көңіл аулап, ерекше атмосфера сыйлады.

Оқырмандар «Жазушылар шатырында» қазіргі авторлармен танысып, жаңа кітаптардың тұсаукесеріне қатысты. Онда пианиношы, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова «Вариации на темы» кітабы туралы айтса, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбаева «Төрт бұлт» атты еңбегін таныстырды. «100 жаңа есім» жобасының лауреаты Айдие Айдарбекова «Менің теңізім – сенің аспаның» атты өлеңдер жинағының тұсауын кесіп, ақын Айжан Тәбәрәкқызы «Сен жыламашы» кітабы хақында көрерменмен ой бөлісті. Сценарист Зәуре Төреханова «Амина Тұран номадтар елінде» романын ұсынып, саяхатшы Тинкай Кретова көпшілікке «Қазақстандық» атты жаңа кітабын баяндады.

«Жазушылар шатырының» арнайы қонағы – Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінде ойнаған актриса Альмира Тұрсын жазушы Болат Жандарбековтің «Томирис» шығармасынан үзінді оқыды.

«Оffline кітаптар туралы» атты шатырда қоғам қайраткерлері, журналистер, кәсіпкерлер, атап айтсақ, блогерлер Өркен Кенжебек, Айна Досмұхамбетқызы, Динара Болат, политолог, Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Талғат Қалиев түрлі өзекті тақырыпта сөз қозғады.

Биыл елорда халқына алғаш рет ұсынылған «KITAP FEST» жобасы бұған дейін Алматыда бес жыл қатарынан өткізілген болатын. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осы уақыт аралығында аталған шара қарапайым кітап алмасу акциясынан жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген мәдени-танымдық шараға айналған. Бес жылдың ішінде осы алаңда авторлар мен баспалардың қатысуымен 130 кітаптың тұсауы кесіліп, 20 мың кітап қонақтарға сыйланған. 70 кітап дүкені жәрмеңкеге қатысып, 45 блогер сүйікті кітаптарымен бөліскен.

«Шараның мақсаты – жұртшылықты кітап оқуға шақырып, қазақстандық авторлар мен баспаларға қолдау көрсету. Бұл жас және аға буын авторларлардың өз кітаптарын ұсынатын жалғыз алаң деуге болады. Мұнда олар кітаптары туралы айтып, қызығушылық танытқан баспалар мен кітап дүкендерін таба алады», деп атап өтті Майра Әлжанова.

Жастар жылы аясында өтіп жатқан аталмыш кітап жәрмеңкесін қалалық әкімдіктің қолдауымен «Астана жастары» мемлекеттік мекемесі, «BAURZHAN» жеке қоры, «ABAYbooks» баспа үйі ұйымдастырып отыр.