Әдебиеттің әлемді бағындырудағы күші

Әдебиеттің әлемді бағындырудағы күші

​Аударма саласында қарымды еңбек етіп жүрген әріптесіміз Тұрсынбай Жандәулеттің қазірге дейін жеті кітабы, «Қазақ ұлттық идеологиясының мәселелері» атты ғылыми монографиясы жарық көрген. Қаламгер орталық телеарналарға арнап мыңнан астам фильмді, сондай-ақ отызға жуық туындыны қазақ тіліне тәржімалаған. Ол аударған кітаптардың ішінде Нобель сыйлығының лауреаты, испан жазушысы Камило Хосе Селаның романдары, Карл Поппердің екі томдық «Ашық қоғам және оның жаулары» атты күрделі философиялық шығармасы бар. Т.Жандәулеттің осы жылы «Творение цифры: Атлантида – Казахия» атты ғылыми-фантасти­калық романы орыс тілінде жарық көрді. Шағын сұхбатымызда автор осы және отандық әдебиеттің басқа да толғақты мәселелері туралы ой қозғайды.​

– Ғылыми-фантастикалық роман жанры – жалпы біздің әдебиетімізде сирек кездесетін дүние. Тың туын­дының әуелі сюжеті туралы айтып өтсеңіз.

– Менің романымның қысқа сюжеті үш қазақ жігіті – Жанғабыл, Аспандияр және Барақ Байбота ғаламның шалғай түкпіріндегі Галактикааралық орта­лықта он жыл бойы жұмыс істеп жүреді. Кейін оларды өздерінің туған жеріне, Жер планетасына бір тапсырмамен іссапарға жібереді. Онда үш қазақ алдымен Атлан­тида мем­лекетіне барып тапсырманы орындайды. Кейін Қазақстанға, елордаға ұшып келеді. Мұнда олар Қазақстан мемлекеті бас­шы­сының қабылдауында болады.

Бұл роман қазіргі адамзат қоғамын орасан зор өзгерістерге ұшыратқан цифр­лан­д­ыру проблемасына, цифрлы революцияға арналған. Шығармада цифр­ландырудан туындаған Қазақ­стандағы өзгерістер ғана емес, бүкіл адам­заттың алдында тұрған мәселе­лер қозғалады. Соның ішінде сан­дық жүйе үдерісінің мемлекетті бас­қа­­руға, өндіріске, құрылыс саласына, көлік жүйесіне, ауыл шаруа­шы­лығына, тамақ өнеркәсібіне, білім беруге, медицинаға, тағы басқа сала­ларға ықпалы жайында әңгіме қозғалады. Цифрландырудың кино мен әде­биетке, мүсін өнеріне, жалпы адамзат шығармашылығына әсері баяндалады.

Ол адамға тек жақсылық қана емес, үлкен күрделі, шешімі қиын мәселелерді де алып келді. Мен өз шығармамда «Сол мәселелерді қалай шешуге болады? Адамға керекті тұстарын қалай дұрыс пайдалануға болады?» деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстым. Романымда бұрын еш жерде айтыл­маған, жазылмаған көптеген тың ғылыми-техникалық, жобалаушылық идеялар бар. Солардың бірқатары жұрт­шылыққа пайдалы болатын шығар деп үміттенем.

– Кітап жазғаннан кейін оны жариялау, көпшіліктің арасына тарату, насихаттау... т.б. мәселелер туындайды. Осы тұрғыдан келсек, романның болашақ тағдыры қалай болады деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Өте керемет, терең шығарма жазсаңыз да, оны халыққа таныстыру, жарнамалау, насихаттау жұмыстарын жүргізбесеңіз, ол белгісіз күйінде қала береді және оны ешкім оқымайды. Мен осы романымды келешекте ағылшын, қытай, француз, неміс, испан тілдеріне аударсам деп армандаймын. Шетел оқырмандары қызығып оқуы үшін сол елдердің менталитетіне сай келетін, қазіргі бүкіл адамзатты тол­ғандырып жүрген көкейкесті проб­лемаларды қозғайтын шығармалар керек. Шетелге ұсынатын шығарма өте сауатты жазылған, парасат деңгейі жоғары, көркемдік дәрежесі биік болуы тиіс. Осындай талаптарға жауап беретін шығарма ғана оқырман жүрегіне жол табады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шығармалары миллиондаған тара­лыммен шетелге шығып жатқан қаламгерлеріміз болмай тұр...

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында: «Мың жылдық тарихымызда төл мә­дениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады» – деп атап көрсетілген. Қазіргі әлемдік әдебиет­тің ең озық салаларының бірі – ғылыми-техникалық ақыл-ойдың көшбасшысы болған қазақтың ғылыми-фан­тастикалық шығармаларының да дүниеге танылатын кезі келді деп ойлаймын.

– Әдебиеттің шетелге танылуы бірін­ші кезекте аударманың сапасына байланысты екені даусыз. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Түпнұсқасында терең мағыналы көркем шығарма нашар аудармашының қолына түссе, жарамсыз, оқылмайтын, мән-мағынасыз дүбәра дүниеге айналады. Талантты, шебер аудармашылардың еңбегі қымбат тұрады. Мысалы, менің романымды ағылшын тіліне сапалы ауда­ру үшін 15-20 мың доллар ақша керек екен. Бір ағылшынның аудармашысымен сөйлескенімде солай деді. Мұнан соң шығарманы сапалы аударып қою жеткіліксіз, әрине. Оны насихаттап жарнамалау керек. Әйтпесе ол өлі дүниенің кейпін киеді.

Дегенмен «аударма – шығыны көп, татымайтын жұмыс екен» деген сыңаржақ пікірмен келіспеймін. Мы­салы, әлемге таралуы жағынан ағыл­шын жазушысы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» романдар топтамасы 300 миллион таралымнан асып жы­ғы­лыпты. Бұл қар­жылық жағынан да, ұлттың, мемле­кеттің имиджі тұр­ғы­сынан да орасан зор пайда әкелген шығарма.

– Шығарманы жазғандағы ең бас­ты мақса­тыңыз не?

– Мен романымда Нұр-Сұлтан, Алматы қала­лары туралы көп жаздым. Шетел оқыр­мандары оқыса, құла­ғына сіңе берсін деп ойладым. Кейін бәлкім осы жазғандарым арқылы Қазақ­станға келіп, көркейген, гүлденген шаһарымызды көргісі келе­тіндер табылып қалар деген үмітті сәу­ле болашаққа сендіреді. «Увидеть Париж и умереть» деген ұғымның фран­цуздың Оноре де Бальзак, Виктор Гюго, Эмиль Золя, Стендаль сияқты атақты жазушыларының арқасында пайда болғанын ұмытпайық. Қазақ жазушысы шығармасының шетелде жариялануы бұл – Қазақ елінің, халқымыздың оң имиджі ғана емес, елімізді, жерімізді әлемге танытудың, елге туристерді тар­ту­дың бас­ты амалдарының бірі.

– Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Бұл романыммен шектеліп қал­маймын. Он шақты романнан тұратын ғылыми-фантастикалық топтама жазамын деп жоспарлап жүрмін. Әрине жағдайым болып жатса. Келесі романымның сюжеті дайын тұр. Онда қазақтың жігіттері Жер планетасын және жер бетіндегі бүкіл адамзатты аса қатерлі қауіптен құтқарады. Планета құрып кетейін деп тұрғанда аман алып қалады. Оқиғаның бір бөлігі киелі Маңғыстау жерінде, Шерқалада өтеді. Ғаламды тек үнемі басқалар ғана қауіп-қатерден құтқара бере ме екен? Мен оған қазақтың да қосар үлесі толайым екеніне күмәнсіз көз жеткізгім келеді.

Режиссёр Ларри Чарльздың атышулы фильмінен кейін қазақтар тура­лы жат пікір қалыптасқаны көңілге түрлі ой салады. Мен романдарымда батыстық оқырмандарға қазақ халқының өте білімді, парасатты, интеллектуал ұлт екенін көрсеткім келеді. Бұл мақ­саттарымның қаншалықты орындалатынын уақыт көрсете жатар.

– Сөйте тұра неліктен романыңыз орыс тілінде?

– «Творение цифры: Атлантида – Казахия» атты романымды орыс тілінде жаздым. Оның ең басты себебі – орыс тілінен ағылшын тіліне, басқа тілдерге аударатын тәжірибелі аудармашылар көп. Жер бетіндегі бір жарым миллиард адам ағылшын тілінде сөйлейді екен. Бұл – жазушы үшін орасан зор аудитория. Кезінде бүкіл Батыс әдебиетін орыс тілінде оқып едік қой. Яғни, шығарма сапалы аударылса, өте қызықты оқылады. Ал қазақшадан әлемдік тілдерге тікелей аударатын келешекте мықты кәсіби аудармашылар шығып, сондай мектеп қалыптасып жатса, кейіпкерлерімді қай кезде де ана тілімде сөйлетуге дайынмын.