Низами Мамедов: «Қобыланды» жырын он бес жыл аудардым

Низами Мамедов: «Қобыланды» жырын он бес жыл аудардым

Әзербайжан ғалымы, филология ғылымының докторы, Баку славян университетінің профессоры, Әзербайжан Жазушы­лар бірлестігінің мүшесі Низами Тагиоғлы ­Мамедовпен (Тағысой) Бакуге сапарым кезінде танысқан едім. Мені оның «Қобыланды батыр» жырын өз тіліне түпнұсқадан тәржімалауы қатты қызықтырды.

Міне, араға екі жыл салып Низами беймен ғаламтор арқылы сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Бұл сұхбаттың ерекшелігі – төрт адамның арасында өрбуінде. Яғни ғалыммен арадағы әңгімемізге екібастұздық ақын Жұмағали Қоғабай мен баянауылдық ардагер ұстаз Нұрмұқан Жүнісұлы да ортақтасты.

Жанаргүл Қадырова:

– Құрметті Низами бей, сіз осыдан­ екі жыл бұрын «Қобыланды батыр» жырын түпнұсқадан әзербайжан тіліне аудар­дыңыз. Аударма ісінде түпнұсқадан ауда­рудың маңызы зор. Қазақ тілін қайдан білесіз?

– Мен мектеп қабыр­ғасында жүріп мақалалар мен өлеңдер жазып, шығармаларымды аудандық «Ени сöз» газетінде жариялап тұрдым. Мектеп бітірген соң Әзербайжан мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжат тапсырып, конкурстан өте алмай, Бакуде қалдым. Слесарь және сылақшы болып жұмыс істедім. Келесі жылғы қабылдауға дейін мені әскерге алып кетті. Әскерде менімен бірге қазақ жігіті борышын өтеді. Онымен дос болып кеттік, тегі Смағұлов болатын. Әскерден келген соң М.Ф.Ахундов атындағы орыс тілі және әдебиеті педагогикалық институтына түсіп, үздік дипломмен тамамдадым. ­Институтта қалуға ұсыныс түскенімен, әкем туған ауданыма ­оралып, жұмыс істеуімді талап етті. Түркі халқында әкеге қарсы келу деген жоқ қой, айтқанын орындауға тура келді. Осылайша, 1975-1983 жылдары мектепте еңбек еттім. Ауылда жұмыс істей жүріп, «Орыс кеңес әдебиеті» мамандығына институттың аспирантурасына сырттай түстім. 1984 жылдан бастап өзім білім алған институтта еңбек етіп, 1986 жылы кандидаттық, 1992 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Зертханашыдан профессорлыққа дейінгі жолдан өттім. Қазіргі уақытта өзім 1975 жылы қанат қаққан, бертін Баку славян­ университеті болып қайта құрылған сол білім ордасында қызмет етудемін. ­Сонымен бірге Низами Гәнжауи атындағы әдебиет институтының түркі халықтары әдебиеті бөлімінде қосымша еңбек етемін.
Өзімнің қазақтарға және қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымды ерекше атап өткім келеді. Әрине, бұл қызығушылық әскердегі күндерден ­бастау алды. Өзім жоғарыда атап өткен қазақ жігіті екеуміз түркі халқының өкілі ретінде өзге достарымызбен талас-­тартыс кезінде бір-бірімізді қолдай кететін едік. Екеуміз де әскери-саяси дайындық үздігі болдық. Тым жас болсақ та, біріміз қазақ, біріміз әзербайжан болып қатты сыйластық. Кейін М.Ф.Ахундов атындағы орыс тілі мен әдебиеті педагогикалық институтында оқығанымда, біз «КСРО халықтарының әдебиеті» пәнінен дәріс алдық. Сол дәрістерден қазақ эпостарымен, фольклорымен, ақындар жырымен, классикалық әдебиетімен, ХХ ғасыр әдебиетімен жақын таныстым. Сіздердің қаһармандық жырларыңыз – «Қобыланды батырды» сол кезде оқығанмын. Дастан мені бірден баурап алды. Жырдан дала халқының ­шынайы өмірін, қоғамдық тартысты, қазақ батырларының әлеу­меттік-саяси күресін, олардың халық мұраты жолындағы арман-мүддесін көрдім. Тағдырдың жазуы­мен диссертация қорғағаннан кейін маған «Орыс әдебиеті» курсымен бірге «Түркі халықтарының әдебиеті» пәнін жүргізу жүктелді. Бұл жетекшім – профессор, ғылым қайраткері Ғабиб Байрамоғлы Бабаевтың маған білдірген сенімі еді. Қазақ халқын, оның әдебиетін аса жақсы көрген осы бір ғажап адамның З.Ахметов, З.Кедрина, Е.Лизунов сияқты қазақ әдебиетін оқыту және насихаттау үшін көп тер төккен профессорлармен тығыз шығармашылық байланыс­та болғанын атап өткім келеді. 80-жылдардың аяғынан бүгінгі күнге дейін Баку славян университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында осы пәннен дәріс оқып келемін. Эпосты түпнұсқадан әзербайжан тіліне аударуға деген құштарлығымның себебі де осы. Тәржіма ісі ұзақ әрі қиын болды. Әу баста­ «Қобыланды батыр» жырымен орыс тілінде танысқан болсам, тәржіма түп­нұсқадан жасалуы керек деп шештім. Бұл орайда маған 1975 жылы «Восточная литература» баспасынан екі тілде: орысша, қазақша жарық көрген «Қобыланды батыр» (қазақ халқының батырлық эпосы) көмекке келді. Қос нұсқамен таныса келе, түпнұсқамен арадан көп сәйкессіздік көрдім. Қазақ тіліндегі нұсқа жаныма аса жақын тиді, жекелеген сөздерді зерделей келе, мағыналарын жете түсіндім.

Нұрмұқан Жүнісұлы:

– Сіздің «Қобыланды батыр» жырын таң­дауыңыз өз халқыңыздың ұлы ойшылы, әйгілі ақын Низами Гәнжауидың жары Аппақтың қыпшақ сұлуы екендігіне де байланысты шығар?

– Сөзіңіздің жаны бар. Классик ­Низами Гәнжауидің қыпшақ (қазақ) сұлуы Аппаққа деген бақытсыз махаббат баянынан мектеп қабырғасынан хабардармын. Сонау 1174-1177 жылдар Низамидің ең бақытты жылдары болғанын атап өткім келеді. Себебі осы бір ұмытылмас кезеңде Низами мен жары Аппақтың жалғыз ұлы Мұхаммед дүниеге келді. Низами мен Аппақтың арасындағы әдемі қатынас екі халықты жақындастыра түскендей. Қазақ ақыны Қалижан Бекхожинның «Аппақнаме» дастаны сөзіміздің куәсі іспетті. Осының бәрі – әзербайжан және қазақ халқының этникалық тамыры оғыз, қыпшақ тайпалары мәдениетінен бастау алатындығының дәлелі. Бағзы заманда қазақ жерінде пайда болған Қорқыт ата жырлары әзербайжан топырағында пісіп-жетілген. Қазақ реалистік әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаев Низами,­ Физули мұрасын айрықша құрмет­тесе, Мұхтар Әуезов С.Вургуннің, ­О.Сүлей­менов­ Анар шығармашылығы ­туралы жылы пікір білдірген. Ал Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әнуар Әлімжанов, Оралхан Бөкеев әзербайжан оқырмандарының ең оқылымды, сүйікті жазушылары болып қала бермек. Олардың шығармашылығы қызы­ғушылықпен зерттеліп, диссертация­лар қорғалуда. Осының бәрі қазақ фоль­клорының, эпосының, классикалық және заманауи әдебиетінің Әзербайжан елінде әрдайым құрметтелетінін аңғартса керек.

Жанаргүл Қадырова:

– Қазіргі уақытта Қазақстан оқушы­ла­рының арасында «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан республикалық байқау басталды. Озып шыққан жеңімпаз миллион теңгеге ие болмақ. Байқауға қатысушылар Марабай жырау нұсқасын жаттауы тиіс. Ал сіз аударма барысында қай нұсқаны таңдадыңыз? Бірнеше нұсқаны салыстыра алдыңыз ба?

– Иә, Қазақстан оқушылары арасында «Қобыланды батыр» эпосына арналған «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық бай­қауы басталғанын білемін. Менің білуімше, республикада байқау 50 000 оқушы, 25 000 ұстазды және 5000 мектепті қамтитын болады. Бас жүлдесі 1 000 000 теңге болатын бұл байқау этникалық мұ­ра­ны қастерлеуге деген маңызды қадам деп білемін.
Мен үйдегі кітапханамдағы ­«Қобы­ланды­ батыр» жырын (1975 жылғы) аудардым.
Жырдың ақтөбелік ақын Нұрпейіс Байғаниннен жеткен 9000 тармақтық нұсқасы бар. ХІХ ғасырдың 90-жылдары Қостанай уезінің Қарабалық болысында ақын Біржан Толымбаев жазып алған, 1914 жылы қазанда мұғалім Махмұдсұлтан Тұяқбаев араб әліпбиімен басып шығарған то­лық нұсқалы «Қара қыпшақ Қобылан­ды» – бұл эпостың алғашқы жарық көрген нұсқасы. Сондай-ақ өз жанынан ештеңе қос­пастан, жырды өзі естіген күйінде жаттап алған Біржанның нұсқасы мазмұны мен құрылымы жа­ғынан фольклор жинау­шы Шапай Қалмағанбетов нұсқасына жақын.
Менде дастанды ХІХ ғасырдың атақты тұлғалары Мергенбай жырау мен Марабай Құлбайұлы жырлағаны туралы да ақпараттар бар. Марабай айтқан нұсқасын Әбубәкір Диваев 1922 жылы Ташкентте араб қарпімен басып шығарды, бұл нұсқаны 1933 жылы Сәкен Сейфуллин, 1939 жылы Сәбит Мұқанов қайта басты. Осы нұсқа оқулықтар мен хрестоматияларға енгізіліп келді. Ал мен қолданған нұсқаға Марабай жырау мен Шапай Қалмағамбетов жазып алған жыр негіз болды. Зерттеу авторлары мен құрастырушылар Н.Кидаш-Покровская мен О.Нұрмағамбетовтің пікірінше, барынша көркем әрі толық нұсқасы да осы. Аударма кезінде жырдың түрлі нұсқаларын салыстыруға мүмкіндігім болған жоқ. Дегенмен, орысша аудар­маның түпнұсқадан ал­шақтығын, сәйкессіздігінің көптігін байқадым. Аудармашылар халық ақындары шығар­машылығының ғылыми-әдеби аударма принциптерін негізге алғанымен, жырдың түпкі мазмұнын бере алмаған. Ешбір жерде ұйқас өлшемі, ырғақ пен ұйқас ерекшеліктері сақталмаған.

Жұмағали Қоғабай:

– Аударма жұмысына қанша уа­қыт жұмсадыңыз?

– Аударма жұмысы аса күрделі жүрді. Бұл күрделілік менің әр сөздің, әр ұғымның алдындағы жауапкер­шілігімнен туындады. Жұмыс ­барысында көптеген сөздіктер мен анықтамалықтарға, топонимикалық, этнонимдік, фольклорлық-этно­графиялық дереккөздерге жүгіндім. Қазақ халқының батырлық эпостарына ғана үңіліп қоймай, «Айман-Шолпан»,­ «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларындағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық қырларын ой елегінен өткіздім және әзірлеген материалдарымды Черкасскіде өткен халықаралық конференцияда ортаға салдым. Осылайша, жан-жақты қаруланып, Әзербайжанның әдеби-көркем журналдарының біріне «Қобыланды батыр» жырының аудармасы туралы мақаламды жарияладым. Егер мен әзірлеген кітапты көрсеңіздер, онда «Қобыланды батыр» дастанын әзербайжан тіліне аудару кезінде ұлттық ерекшеліктердің сақталуы» атты арнайы тарау бар. Онда менің аударма туралы пікірлерім толық берілген.
«Қобыланды батыр» эпосын аударуға 15 жылдан аса уақытымды жұм­са­дым. Мен эпикалық мәтін­нің таби­ғатын сақтап, түпнұсқаға «сти­листи­калық кілт» табуды міндет еттім. Мүмкін­ді­гінше жолма-жол аудармадан қашып, шығармашылық тәржіма жасауға тырыстым. Жырдағы төрт, алты тармақпен түй­дектеліп келетін тұстарды әзербайжан тілінде түп­нұсқадағы сипатына нұқсан кел­­тірместен жеткізуге күш салдым. Жалпы менің екі диссертациям да (канди­даттық және докторлық) әдеби бай­ланыстарға, нақты айтқанда, тәржіма саласына қатысты. Бұл салада жиған білімім де аудармамның сәтті шығуына ықпал еткен болуы керек.
Өз тілінде тамаша сөйлейтін кез келген адамның жазушы бола алмайтыны сияқты, екінің бірі аудармашы бола алмайды. Аударма жасау үшін кәсіби деңгейде өз ана тіліңді білуіңмен қатар, арнайы білім мен машық, бай тәжірибе жи­науың керек. Бұл білім мен машық менде жеткілікті деп ойлаймын. Мен ондаған жылдарымды аударманың теориясы, тарихы, тәжірибесі, әдіснамасы саласына арнадым. Екі ғалыммен бірігіп «Аударма терминдерінің түсіндірме сөздігін» басып шығардым: бұл еңбекті әзербайжан тәржіматану саласындағы алғашқы қарлығаш деуге болады. Аударма мәселелері жайында 4 кітабым мен 60-тан астам мақалам бар.
Абай А.Пушкиннің «Евгений Оне­гин»­ романынан жекелеген үзінділер аудар­ғаны белгілі. Және бұл аудармалар Абайдың өмірінде зор маңызға ие болды. Себебі екі тұлға да өз халқының ұлттық руханиятының өкілі еді. Сол себепті өлеңмен жазылған романның жекелеген бөліктері Абайдың еркін аудармасымен қазақ халқының мәдениет тарихындағы маңызды құбылыс болды. Мен, әрине, өзімді Абаймен салыстыра алмаймын, десе де «Қобыланды батыр» жырын тәржімалау менің өмірімде өшпес із қалдырды.
Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің ­«Қа­ралы сұлу» повесін аударғанымды атап өткім келеді.

Нұрмұқан Жүнісұлы:

– Эпостық туындыны аударуда қазақ және әзербайжан тіл­де­рінің қаншалық ұқсастық, айырма­шы­лықтары барын айтып өтсеңіз.
– Өздеріңіз білетіндей, бұл тілдердің әрқайсысы түпнұсқа ретінде де, аударма түрінде де өзінің ұзақ та күрделі даму жолынан өтті. Әрқайсысында өзінің сөздік құрамы, морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктері, стилис­тикалық құрылымы, шартты оралым­дары бар. Әрқайсысы өзінің фразео­логизмдерімен, мақал-мәтелдерімен бай. «Қобыланды батыр» жырын тәржімалай отырып, осы бір ұлы ескерткішті әзербай­жандық оқырманның қазынасына айнал­дыр­ғым келді. Және одан біздің батырлық эпосымыз – «Көрұғлымен» көп ұқ­састық таптым. «Көрұғлы» эпосы­ туралы маған ғылыми жетекшім ­Габиб Бабаев айтып берген еді. Аударма кезінде мен эпикалық ескерткіштегі халық өмірінің тұтас картинасын, салт-дәстүрін, психологиясын, ұлтқа тән сипаты­ мен көркемдігін айнытпай жеткізуге ұмтылдым. Шығармада көркемдегіш құралдар: ­метафора, эпитет, теңеу, гипербола түрлі деңгейде өте жиі қолданылған.

Жұмағали Қоғабай:

– Ақтөбе облысының Қобда ауданында­ Қобыланды батыр кесенесі бар. Ал батырдың өмір сүрген дәуірі туралы пікірлер сан алуан. Сіз қандай пікірдесіз? ­Батыр мәңгілік тыныс тапқан қазақ жеріне өзіңіз келдіңіз бе?

– Менде Қобыланды батыр мазары ­туралы бірқатар мәлімет бар. Өз пайы­мым­ша, Қобыланды батыр Жошы ханның ұрпағы – Әбілқайыр хан тұсында өмір сүрген. Тек «Қобыланды батыр» жыры ғана емес, «Китаби Деде Қорқыт», ­«Манас», «Ал­памыс батыр», «Едіге», «Жаңыл мырза», «Қыр қызы» секілді ха­лықтық-­­ба­тырлық­ дастандардың пайда болу дәуір­лерінде де айырмашылықтар бар.

Бұл дастандардың құрылуына Уәлиханов, Жирмунский, Бернштам, Әуезов, Тахмасиб, Каррыев, Х.Керұғлы және басқа зерт­теушілердің көзқарастары әртүрлі. Меніңше, қазақтың соңғы ­этнограф ғалымдарының пайымдарына тоқталған жөн сияқты. Олар «Қобы­ланды батыр» эпосы ХV ғасырда өмір сүрген Қобыланды батыр есімімен бай­ланысты, ал жырдың өзі ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда пайда болды деген пікірде.
Ал Қазақстан топырағына 1993 жылы табаным тиді, нақты айтқанда, Оралда болдым. Шынымды айтсам, мені әрдайым қазақтарға деген махаббат қатты тартып тұрады. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман»­ повесіне тарихта болған албандар көтерілісі арқау болғаны белгілі. Ертеде біздің елде де албандар тұрған, олар да біздің бабаларымыз. Бүгінгі қазақтар мен әзербайжандарды осы бір этникалық жіп байланыстырып тұр деп ойлаймын. Мен әлі де Қазақстанға жолым түсер деп сенемін. Әзербайжан еліндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшілігіне мені жиі шақырады, ол жерде қазақ жерінің бір уыс топырағы бар. Елші Бейбіт Исабаевпен және оның көмекшілерімен кездесіп тұрамын.

Жанаргүл Қадырова:

– Әзербайжан ақындарымен қарым-қатынаста ел азаматтарының қазақтарға деген ерекше сүйіспеншілігін мен де аңғардым. Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуі де әзербайжан халқының ­назарынан қалыс қалмай, ерекше қуанышпен қабылдады. Латын қарпін бұрыннан қолданып келе жатқан ел азаматы әрі ғалым ретінде осынау тарихи құбылысқа қандай баға берер едіңіз?
– Өз басым 70-жылдардан бастап қазақтың ақын-жыраулары Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, Шал ақын еңбектерімен таныс болдым. ХІХ ғасырда өмір сүрген Махамбет, Шернияз,­ ­Шортанбай, Сүйінбай, Біржан сал, Ыбырай­ Алтынсарин, Мұрат Мөңкеұлы, Ақан сері, Абай, тағы басқа тұлғалардың шығармашылығы жайлы көптеген мақалалар жазып, баяндама жасадым. ХХ ғасыр әдебиетінің өкілдері, әлемдік дәрежедегі классиктер Мұхтар Әуезов пен Олжас Сүлейменов шығармашылығын да зерттедім. Ал латын қарпіне келер болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы Жарлығын оқып қуандым. Және осы жайтқа қатысты әзербайжанның мерзімді басылымдарында орыс және әзербайжан тілдерінде мақала да жаздым. «Хабар» агенттігіне сұхбат бердім. Әзербайжан ғалым­дары мен зиялы қауымы туыс­тас қазақ халқының өміріндегі осынау қоғам­дық тарихи-мәдени құбылысты жоғары бағалады. Атап өтерлігі, біз ­латын қарпін Қарабақ оқиғалары басталған ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері қолданып келеміз. Ал латын қарпіне мемлекеттік деңгейде ресми көшу 2000 жылдан бастап жүргізілді.