ӘБЖАН ҚҰРЫШЖАНОВТЫҢ «СӨЗ АТАСЫ» ХАҚЫНДА

ӘБЖАН ҚҰРЫШЖАНОВТЫҢ «СӨЗ АТАСЫ» ХАҚЫНДА

Өткен ғасырдың советтік қазақ тілі ғылымы кезінде қазақ тілі білімі ғылымының дамуына, қазақ тілінің тарихы, кезеңдері мен жазба ескерткіштерін,тарихи грамматикалық мәселелерін ғылыми негіздеуге, қазақ түркітану саласының өркендеуіне зор үлес қосқан ғалымның бірі - филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы Әбжан Құрышжанов еді.

Әбжан Құрышжанов қыпшақ тілінің тарихы мен оның жазба ескерткіштері, құман тіліндегі араб - парсы элементтері,түркі – араб лексикасы, көне түркі ескерткіштер тілін зерттеді , Орхон –Енисей және «Кодекс Куманикус» жазу ескерткіштерінің зерттелу тарихы, грамматикалық мәселелері туралы ой қозғап, ғылыми өмірінде көптеген іргелі ғылыми зерттеулер қалдырды. Аталған ғылыми еңбектер қазақ тілі тарихының өткелдерін, қалыптасу эволюциясын, ана тіліміздің қойнауын,ұлт мәдениетінің рухани көкжиектерін зерделеген дүниелер ретінде түркітану ғылымының тарихына енді.

1987-1989 жылдары профессор Әбжан Құрышжанов Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ бөлімінде сабақ берді, түркі тілдерінің тарихы, көне ескерткіштер тарихы бойынша лекциялар оқыды. Сол кезде қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев профессор Әбжан Құрышжановтың Қарағандыға келуімен 3 курста «Түркологияға кіріспе», ал 4 курста «Түркология» арнаулы курстарын оқу бағдарламасына енгізді. Аталған курстарды Әбжан ағай жүргізді, үлкен ғалымның студенттік аудиторияға жаңа ғана келген кезі болса керек, лекция оқығанды мүлдем ұнатпайтын, лекциясын бастап, сәлден кейін ысырып тастап, еркін әңгімеге көшетін. Профессор Ә.Құрышжанов түркі елдерінің тарихы мен тілдері, жазба ескерткіштері, рухани, ғылыми, әдеби туындыларына қатысты ғылыми танымдық дүниелерді, сондай-ақ түркі әлемінің даналары:Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Яссауи, Қадырғали Жалайри және тағы басқалар туралы қызықты ғылыми тарихи мәліметтердіайтатын. Студенттер сабақта бос отырмасын деп сөздің этимологиясы, шығу тарихы, сөздердің қазақ тілі және түркі тілдеріндегі қолданысы туралы практикалық салыстырмалық жаттығуларға арнайтын, әрине, ол кезде өзінің ассистенттерін, не аспиранттары сабақ өткізетін, біздер үшін профессор Ә. Құрышжановтың әңгімеге құрылған лекциялары әлдеқайда қызықты еді.

1987 жылы Қарағанды қаласында жұмыс істеп жүргенде профессор Әбжан Құрышжановтың«Жазушы» баспасынан «Сөз атасы» аттыV-XVII ғасырлардағы жазба ескерткіштерінің негізінде құрастырылған қанатты сөздерден тұратын жинағы жарық көрді. Қанатты сөздер қазір жанрлық сипат алып келеді, өмірдің мәселелеріне қатысты (адам, адамгершілік, адалдық, байлық немесе қарым - қатынас, өмір, отбасы, мемлекет, билік туралы және толған т.б) нақты жауап іздегенде адамдар дана тұлғалардың, ұлы адамдардың ойларына, олар тудырған ұлағатты сөздерге жүгінеді. Ойдың тұжырымдалған шағын мәтін формасындағы қанатты (нақыл) сөздер (афоризмдер) адамдардың сан алуан сұрақтарына жауап беріп, ой салып, түсініктері мен көзқарастарын өзгертіп жатады,адамдар «анау бұл жөнінде былай айтып еді»,– деп дәйексөзге айналдырып, біріне –бірі айтып жүреді. Бұл дұрыс, өйткені «афоризм» грек сөзінен ἀφορισμός «анықталған», яғни нақты деген мағына береді,қанатты сөздер рухани дүниемізді байытатын, адам жанының және ақыл-ойдың «иогасына» айналды.

Қазақ түркология ғылымында Ә. Құрышжанов ескі түркі жазба ескерткіштерін қазіргі қазақ тіліне текстологиялық ғылыми аударма жасаған ғалым, ол Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы», Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» (Құтадғу білік) еңбектерінің ғылыми басылымдарын жасады. Ал 1987 жылы жарық көрген «Сөз атасы» афоризмдер жинағының алғы сөзінде: «Қазақ тілінде бұл алғаш рет түзіліп отырған жинақ. Бір айта кететін нәрсе - бұл жазба жәдігерліктер бұрын – соңды қазақ тіліне аударылып көрген емес, әрине, бір ғана «Ертедегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы» деген еңбектің жарық көруі, ол қаншалықты бағалы болса да, ескі түркі ескерткіштерінің қазақ тіліне аудару туралы күрделі мәселені түбегейлі шешіп бере алмайды. Көне түркі жазба мұраларында кездесетін мәйекті сөз тіркестері осы жинақта түгел қамтылды деп те айту қиын», - деп жазды. Бұл Әбжан ағайдың өзінің еңбегіне берген тым қарапайым бағасы еді. Ақиқатында сол кезде Ә.Құрышжановтың «Сөз атасы» кітабы рухани тәрбиелік мәні зор, түркі әлемі даналарының інжу-маржандарын тізген, қазақ тілінде жарық көрген қанатты сөздер жинағына айналды. Өмірдің сан - алуан мәселелерін: адам мен адамгершілік, ар мен ұят, атақ пен абырой, қадыр - қасиет пен заңдылық, мінез - құлық: ерлік пен ездік, жомарттық пен сараңдық; тәкаппарлық пенкішіпейілділік, мақтаншақтық, ашушаңдық, күншілдік, айып пен күнә, көңіл күйлер: көз бен көңіл, қуаныш пен қайғы; ғылым мен білім, тіл, билік пен ел туралы және тағы басқа осындай 60 –қа жуық категорияларға жіктеліп, 2 мыңға жуық қанатты сөздерді жинап, аударып, әр қанатты сөздің қасына авторларын көрсеткен, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы түсініктемелерімен берілген кәсіби жинақ еді. Қанатты сөз авторлары: А.Йүгінеки, Ю.Баласағұни, Рашид –әд-дин,Ә.Науаи, Әбілғазы, Әл- Фараби, Әбу Хаяан, Қ.Жалайри, Қ.Яссауи, Қорқыт, Құтып, Лутифии, М.Қашқари, С.Сарайи және тағы басқалардың нақыл сөздері, «Алтын жарық», «Алтын шежіре», «Орхон жазу ескерткіштері», «Моңғолдың құпия шежіресі», «Көне ұйғыр жазу ескерткіші» жазбаларынан қанатты сөздер іріктеліп, түркі тілдер тарихының V-XVII ғасырлар аралығын қамтыды. Бұл жинақ түркітанушы Әбжан Құрышжановтың аудармашылық қырын көрсеткен, көп жылдар бойғы ыждағатты еңбегінің жемісі еді, қазір де халқымыздың рухани дүниесіне қызмет етуде. «Тіл әлемі» порталының редакциясы осы алғы сөзбен бірге профессор Әбжан Құрышжанов аударған және құрастырған Сөз атасы» жинағынан қанатты сөздерді бергенді жөн көрдік.


1987 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген түркітанушы ғалым Әбжан Құрышжанов аударған және құрастырған «Сөз атасы»(V-XVII ғасырлардағы жазба ескерткіштерінің материалдары негізінде құрастырылған қанатты сөздерден тұратын) жинағының мұқабасы.

Нағыз адамның белгісі – кісілік. (Ю.Баласағұни.)

Ең артық жаратылған – адам,

Ең төмен жаратылған ит, ол нан –тұздың қадірін біледі,

Ең жаман жаратылған – соны білмейтін адам. (С.Сарайи.)

Адам жүзімнің бұтағы емес, оның басын қырқып тастаудан қорқу керек. (Рашид-әд-дин.)

Ұятсыз адам иттен де жаман. (С.Сарайи.)

Бұл жалғанда бұзатын арсыз адам. ( Ю.Баласағұни.)

Тірі адам көп нәрсені көреді. (М.Қашқари.)

Еш адамды өзіңнен кем санама. (Құтып.)

Қадірсізден құт қашар. (М.Қашқари.)

Өлімнен ұят – күшті. («Орхон жазу ескерткіші».)

Ашу қысса ақылың ғайып болады. (М. Қашқари.)

Мақтаған тілге – мың бәле.(Ю.Баласағұни.)

Тәкаппарадам ұшпаққа шықпас. (Ю.Баласағұни.)

Байлыққа жомарттық жарасады.(Құтып.)

Сараң санға қосылмас.(М.Қашқари.)

Ашкөз адам өлгенде тояды. (А.Йүгінеки.)

Қашқан адам қасындағыны да көрмес. (М.Қашқари.)

Жалқауға бұлт саясы да тимейді. (М.Қашқари.)

Күншілдік деген ауруға өлімнен басқа дауа жоқ. (С.Сарайи.)

Күншілдік – көп емдейтін дерт. ( Ю.Баласағұни)

Бар бәлені туғызатын шарап.(Рашид –әд -дин.)

Қолмен қылған айыбың – басыңа жүк. («Көне ұйғыр жазу ескерткіші».)

Адам баласы айыпсыз болмас. (М.Қашқари)

Адам болған соң, онда кінә да болады. (Құтып.)

Өзі білмейтінін «білем» деген –айып. (А.Йүгінеки.)

Бәлеқор жаныңда болса, бәледен бас алмассың.(Ю.Баласаұғни.)

Құмарпаз- құл болады.(Ю.Баласаұғни.)

Жарамсақтың жолы жіңішке. ( Ю.Баласаұғни.)

Ұрының қасында -ұры жүреді. (Ю.Баласаұғни.)

Көз көрмей, көңіл тоймас. (Ю.Баласаұғни.)

Кісінің көңіліне тиетін нәрсені істеме. (С.Сарайи.)

Тілектің шегі болмайды. (Ю.Баласұғни.)

Бұл дүниенің қайғысы көп. (Құтып.)

Әр қайғының соңында қуаныш бар. (А.Йүгінеки.)

Жылуы жоқ жүрек – қуыс кеуде. ( Ю.Баласағұни.)

Махаббаттан мың түрлі сыр туады. (Р.Хорезми.)

Ажырасатын болған соң құшып сүйгеннен не пайда? (С.Сарайи.)

Жаны таза адам сұлулыққа құмар келеді.(Р.Хорезми.)

Қыз ер жігітке тию үшін өседі. («Алтын шежіре».)

Ананың хақы- құдайдың хақы.(Қорқыт.)

Ата өлсе- бала аман. ( Ю.Баласағұни.)

Ата –анадан өсіп ұрпақ таралған,

Жақсы жаман болса бала солардан. (Ю.Баласаұғни.)

Жас кезінде білім берсең қалай да –

Өсе келе қолы жетер талайға. (Ю.Баласағұни.)

Жаман әйел жақсы ерді өмір бойы қинайды. (С.Сарайи.)

Аз ғана игі іске көп рахмет айт.(Ю.Баласаұғни.)

Әдепті сөйле де-тыныш отыр. (М.Қашқари.)

Өзіңе бауыр – өзіңсің. (Ю.Баласаұғни.)

Балам бол, басқа бол- бәріңе заң біреу – ақ .(Ю.Баласағұни.)

Ел байлығы патша ниетіне байланысты. (Құтып.)

Әкім зұлым болса, елі азады. (С.Сарайи.)

Есепсіз байлық жоқ,

Азанда барың- кешке жоқ. (Ю.Баласағұни.)

Жақының да шаяндай шағады. (Рашид –әд –дин.)

Кеңесті білім озады,

Кеңессіз білім азады. (М.Қашқари.)

Құт келгенде қосақтап келеді. (М.Қашқари.)

Алғы сөзін жазған және ұсынған Салауат Кәрім,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл -Қазына»

ұлттық ғылыми –практикалық орталығының

кіші ғылыми қызметкері