Жаңғырған жаңа атаулар

Жаңғырған жаңа атаулар

​Құрметті оқырман! Тіл – халық қазынасы, ұлт шежіресі. Қазақ әдеби тілінде 106 мыңнан аса сөз бар дейтін болсақ, әрбір қазақстандық азамат сол сөздердің мән-мағынасын біліп, таныса, шіркін, деп армандаймыз! Жаһандану мен рухани жаңғыру үдерістері қатар дамыған заманда көне ұлттық мұраларымызды тереңінен тани отырып, әлемдік озық технологиялар үрдісіне бейімделу қарқыны алқымдап тұрған кезеңде жастардың жасампаздық, ізденімпаздық қасиеттері арта түссе екен дейміз. 

Құрметті оқырман! Тіл – халық қазынасы, ұлт шежіресі. Қазақ әдеби тілінде 106 мыңнан аса сөз бар дейтін болсақ, әрбір қазақстандық азамат сол сөздердің мән-мағынасын біліп, таныса, шіркін, деп армандаймыз! Жаһандану мен рухани жаңғыру үдерістері қатар дамыған заманда көне ұлттық мұраларымызды тереңінен тани отырып, әлемдік озық технологиялар үрдісіне бейімделу қарқыны алқымдап тұрған кезеңде жастардың жасампаздық, ізденімпаздық қасиеттері арта түссе екен дейміз. Ендеше тіл арқылы жеткен қазақтың көне мәдени-тарихи құндылықтарын «Сөзтаным» айдарында таныстыруды бастағалы отырмыз. Өздеріңізге белгілі, бірқатар материалдарды «Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиядан алып, жариялап жүрміз. Себебі бұл энциклопедияда көпшілікке таныс емес, әлі жаңғыртылмаған тың деректер беріледі. Мысалы, арқажатар, қызкөтерер, уықшаншыр, үзікжабар, кебіссалар, балдыз көрімдік, босағаттар, кесек лақтырар, қара қымыз, күзем шай, келін шай, «кемпірдің жағын байлау» ырымы, «желдің жағын қарыстыру» ырымы, табақ шаңырақ, шабақ шаңырақ, т.б. Міне, осындай атаулар мен ұғымдарды көнекөз қариялар білмесе, Кеңес үкіметінде өмір сүрген жастар біле бермейді. Энциклопедия авторлары кітапты жасақтау барысында жан-жақты ізденгені байқалады. Энциклопедияның өзі қазақ тілінің шексіз байлығын һәм ерекше қолданыстық икемділігін тағы да дәлелдей түсті. Ұлттың рухани асыл қазыналарын бес томдық кітаптың қойнауына сыйғызды. Демек, ұлттық мәдениетімізде бар және болған дүниелерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету – ұлтты сақтау, ұлттың тұтастығын сақтаумен тең.

Бүгінгі «Сөзтаным» айдарында осындай тың дүниелерді жинастырып, оның мән-мағынасын түсіндіріп жазған энциклопедист-ғалымдармен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Нұрсан Әлімбай, «Қазақтың этно­графия­лық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопе­диясының ғылыми редакторы, жоба жетекшісі, тарих ғылымының докторы, профессор

– Нұрсан аға, этнографиялық энциклопедия құрастыру идеясы қалай қалыптасты?
– Ғалымдардың міндеті – ана тіліміздің табиғи-тарихи қолданыстық кеңістігін қалпына келтіру арқылы оның әлеуметтік-рухани қауқарын қамтамасыз етуге қал-қадері жеткенше атсалысу. Әйтпесе, ана тілімізді «өлтіріп» алуымыз әбден кәдік. Өйткені тіл де – күтіп-баптауды қажет ететін өзінше тірі организм. Соның ішінде, этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың әрқайсысының төлтума этномәдени ортадағы болмысы мен бітімін келешек ұрпаққа сол қалпында жеткізуді арман еттік. Осындай арманның арқасында этнографиялық энциклопедия құрастырылды.
– Энциклопедияда бірата ұғымы ­туралы қызықты мәлімет берілген екен. Демек, бірата балалары – бір ауылдың тұрғындарымен тең болғаны ма?
– БІРАТА – екі-үш ұрпақтан (ата – әке – бала) тұратын патронимиялық құрылым. Иә, ертеректе ауылдың негізгі әлеуметтік ұйытқысы екі-үш ұрпақтан тұратын біратаның әулеті болған. Үлкен күшті қажет етпейтін күнделікті шаруашылық, ғұрыптық және тұрмыстық қарекетті бірата балалары атқарған. Ал ауқымды өндірістік операциялар мен рухани, тіпті саяси жағынан да аса маңызды, әрі көлемді ғұрыптық немесе мерекелік шараларды бірнеше біраталар бірлесе атқарып отырған. Деректер бойынша біраталы бай әулеттер ауылы орта есеппен 9-15 шаңырақтан, орташа ауыл – 5-8, біраталы кедей ауыл – 2-3 шаңырақтан тұрады екен. Алайда жылдың жылы мезгілі – жаз айларында жайылымдағы шөптің құнарлылығы мен өсімталдығы ерекше артқан кезеңде бірнеше біраталар уақытша бірігіп, үлкен ауылға айналып отырады. Қазақта асарға шақыру, асарлату деген түсінік бар. Қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары асарға шақырылады. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы талап етілмейді.
Асарға шақырушы адам оларға жақсы ас әзірлеп, дастарқан жаяды. Бұл – ұжымдасып жұмыс істеудің үлкен бір көрінісі. Асар – біраталардың бірлесе ат­қаратын қарекеті. Демек, бірата – ұғымы ауылдас, рулас ұғымдарымен пара-пар. Сондықтан бірата – жетіаталық эк­зо­гамиялық ру-қауымның негізгі құрамдас бөлігі деп саналады. Бұл деректер арқылы жастарға руға, біратаға бөлініңдер деп жатқаным жоқ. Керісінше, қазақы дәстүрде ұжымдасудың бастамасы қалай болғанын, ауыл бірлігінің мәні неде болғанын, біратаның жалғасы территориялық, демографиялық жалғас­тығына қарай жетіаталық қауымға, рулық қауымға, мемлекеттік қауымға дейін ұласып, жердің кеңдігі, жайылым­ның кеңдігі, ауылдың көптігі қалай сақталғанына дәйек болады деп есептеймін.
– Құлақкесті құл ешқашан бостан­дық берілмейтін, еркі жоқ құл деп танылады. Не себепті құлақкесті деп аталады?
– Көшпелі ортада құлдардың еңбегін пайдалану тиімді болған жоқ. Осыған байланысты құл мен күңнің еңбегі «ошақ басы, от қасы» деңгейінде ғана болды. «Жеті жарғыдағы»: «Қазақ қазаққа құл, күң болмайды. Қазақтың мұсылман-сүнниттерді құл болғызуға хақысы жоқ» деген заң қатаң сақталған. Ал жаугершілікте қолға түскен немесе шеттен әкелінген діні мен ұлты басқа құлдарға ертеде малға ен салған тәрізді құлағын кесіп белгі салған. «Құлақкесті құл» деген ұғым осы жайтқа байланысты қалыптасса керек. Дәстүрлі қазақы ортада өте мұқтаж немесе отбасына жақындарына төнген әлдеқандай қауіп-қатер жағдайында өзі кіріптар болып отырған біреуге сөзі өтуі үшін құлағымды кесіп берейін деп айтатын ант ретінде жүретін тұрақты сөз орамы басыбайлы құлың болып кетейін дегенді білдірсе керек.
– Энциклопедияда қазақтың дәстүрлі әдет-құқығына қатысты ұғымдарға, яғни көне дәуірде айыпкерге тағылатын жаза атауларына сипаттама беріпсіз. Оқырмандар үшін бұл да қызық болар.
– МОЙНЫНА ҚҰРЫМ ІЛУ – қазақтың дәстүрлі әдет-құқығында масқаралау жазасының бір түрі. Ар жазасының мұндай түрі моральдық-этикалық нормаларды бұзған, ата-баба жолына жат ерсі қылық жасағандарға қолданылған. Шектен шыққан тентектің бетіне күйе жағып, мойнына құрым ілген соң есекке немесе қара сиырға теріс мінгізіп, ауылды аралатады. Мұндай жазадан соң жазықты болған адам көбінесе басқа жаққа қоныс аударып кететін жайт жиі орын алған.
– МЫҒАУ / МЫҒАЙ ЖАЗАСЫ – сат­қындық немесе опасыздық жаса­ғаны үшін берілетін жаза түрі. Көбінесе жақыны мен досына опасыздық жасағанға, елін сатқан сатқындарға қолданылған. Мұндай жаза кесілген адамның аяқ-қолы байланып, ағашқа немесе керегеге таңылады. Егер ол адам сарбаз, жауынгер болса үш жерден шаншылған найза астына тізерлей отырғызылып, мықшита баса отырып, найза басын буып қояды. Жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағынет айтып, қарғыс жаудырады, қариялар теріс бата оқиды. Қолданылуы жағынан «етегін кесіп (тіліп) елден қуған» деп аталатын жаза түріндегідей туыc-туғанынан ғана емес, елі-жұртынан да аластатылып, адам қатарына қоспай, қаңғытып жібереді. Содан көз көріп, құлақ естімейтін алысқа кетіп, басқа атпен (есім) бөгде ортаға барып, ол жақта жоқ бір рудың атын жамылып, кірме болып сіңіп кетеді.

Нұргелді Уәли, энциклопедия авторларының бірі, филология ғылымының докторы, профессор

– Нұргелді аға, сөз ұстағандар мен ырыс баққандар деген кімдер?
– СӨЗ ҰСТАҒАНДАР – дәстүрлі қазақы ортада күллі би атаулының жалпы атауы. «Аталы сөзге тоқтауды» өз тіршілігінің қағидасы ретінде ұстанған қазақы орта сөз ұстағандарды ерекше құрмет тұтатын. Сонымен бірге бұл категорияның әдет-ғұрыптық іс-тәжірибеде өзіндік про­цессуалдық функциясы да болады. Көрнекі мысал ретінде дауласушы белгілі бір жақтардың сөзін сөйлеуге өкілдік алған билердің сөз ұстаған деген өзіндік бейресми құқықтық статусқа ие болғандығын айтуға болады. Яғни рубасы ақсақалдар, билер даудың түріне, сипатына қарай кеңесе келіп, сөз ұстаған би етіп кімге өкілдік беруді шешеді. Өйткені билердің де құқықтық қатынастың белгілі бір қырына аса жетіктері болады. Мысалы, жер дауына өз заманындағы ел мен жер тарихын әріден қозғайтын, ондағы даулардың құқықтық тәжірибеде қандай жолдармен шешілгенін жетік білетін билер өкілдікке лайық деп танылса, жесір дауында осы саланың мән-жайына аса қанық билердің біріне тоқталып, сөз ұстауға өкілдік береді.
Сөз ұстаған билер, негізінен, жер дауы, жесір дауы, мал-мүлік дауы сияқты рулық, руаралық қатынастағы көлемді дауларды шешуге қатысады. Белгілі бір даудың билер төрелігінде қаралуынан бұрын алдымен қарсы мәлім болады. Қайсыбір сөз ұстаушы билер төрелік кезінде қарсы жақтың тосылар тұсын қалт жібермей, қапысын дәл аңдиды. Ұстанған дәйектері мен бұлтартпас дәлелдері мықты сөз ұстағандарды шөгел табан би дейді. Төрелік шешім жасауға түрлі дәлелдер мен деректер, берілген куәліктер мен айғақтар толымды әрі жеткілікті болған жағдайда, төрелік жасаушы төбе би немесе ара би «сөзге көлденең беріңдер» дейді. Сөзге көлденең беру қолданысы «сөзге тоқтау» деген ұғымды аңғартатын сыңайлы.
Сөз ұстағандар, негізінен, қарсы жақты мұқатып «жығу» емес, ең алдымен, ата-баба жолын негізге ала отырып, ел ішін бүтіндеуді, дау-шарды өршітпеуді көздейді. Сөйтіп, олар жеке бастың немесе жеке бір рудың намысы мен атағына жығылмай ел мүддесін жоғары қойып, ұлы үш би – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидатын берік ұстанады.
ЫРЫС БАҚҚАНДАР – адамның, ел-жұрттың күнкөрісіне деген ең қа­жетті, аса керекті заттарды өндірушілер. Ырыс – «игілік», «береке», «байлық» ұғымымен астас болып бір өріске жататын мәдени-тілдік бірлік.
Қазақ тұрмысында адамның ішіп-жемін «азық-түлік» деп жинақтап айтады. Мұндағы азық – егіннен алынатын, ал түлік – төрт түлік малдан өндірілетін өнім. Ырыс баққандар (ұстағандар) деп, ең алдымен, халық қойшы, жылқышы, түйеші, сиыршы, егіншілерді атаған. Бұлардың еңбегі еш кемсітілмеген. Күнделікті тұрмыста олар қатардағы қарапайым жан болып көрінгенімен, қазақтың байырғы ертегі, әпсаналарында малшы да, егінші де ақылды, адал, әділ жан түрінде сипатталады. Өйткені олар – өмірлік ең қажетті игілікті өндірушілердің бірі. Сондықтан да «қой семізі – қойшыдан» деп, оның еңбегіне оң баға береді. Ондай игілікті еңбек иесін шопан деп бағалауыш атаумен атайды. Жылқышы, түйеші, сиыршы жөнінде де осыны айтуға болады.
Азық өнімдерін өндірушілерді, егіншілерді ырыс баққан деп, олардың бейнеті ауыр еңбегін жоғары санап, диқан деген бағалауыш мәнді атаумен арнайы атаған. Егінші, малшы қауымның таңның атысы, күннің батысы тыным таппай жасаған бейнетті еңбегі елдің ырысына айналып отырған, сондықтан халық оларды ырыс баққан, ырыс ұстаған жандар атандырған.
– Тілімізде замандас, замандас болу деген сөз қолданыс бар, ал тұрғылас, тұрғы­ластық ұғымы осымен мағыналас атау ма?
– ТҰРҒЫЛАСТЫҚ – қазақ халқын құраған ру-тайпалардың, оларды басқарған тұлғалардың атақ-дәрежесіне қарай деңгейлестігі. Қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүр бойынша, жас мөлшері қарайлас адамдарды олардың атақ-дәрежесіне, лауазымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, құрдас, құрбы деген. Ал ру, тайпада тұрғыластық жас, жыл, сан мөлшерімен өлшенбейді. Мысалы, қазақтың ру-тайпалары кейбір деректерде Алаша хан тұсында Ұлы жүзге, Орта жүзге, Кіші жүзге біріктірілген. Ұлы жүзді Үйсіннің, Орта жүзді Арғынның, Кіші жүзді Алшынның билігіне берген, яғни Үйсін, Арғын, Алшынның атақ-дәрежелері – тұрғылас. Сонымен қатар олардың басты билері болған: мысалы, Үйсіннің басты биі Жалайыр, Арғынның басты биі – Найман, Алшынның басты биі – Жаппас делінеді. Бұл ретте дәрежесі жағынан Жалайыр, Найман, Жаппас өзара тұрғылас.
Негізгі билік Үш жүздің тұрғылас басты бектерінде болған. Олар жылына екі мәрте хан алдында елдің ахуалы жайында есеп беріп отырған. Бір жағы тарихи деректерді, сондай-ақ ел ішіндегі әңгіме-әпсаналарды бір-бірімен ұштастыра қараған белгілі тарихнамашы Құрбанғали Халиди Үйсін ұлдарының ішінде аршындысы ­Жалайыр, Алшын балаларының ақылдысы ­Жаппас болған соң, атағанда балаларымен қатарластыра «Үйсін-Жалайыр, Алшын-Жаппас деп қосарлана айтылады» дейді.
Күллі қазаққа Әз Тәукенің үлгілі үш биі атанған үйсін Төле би, арғын Қазыбек би, алшын Әйтеке би жас мөлшеріндегі айыр­ма­шылыққа қарамастан, ел басқарушы­лыққа тұрғылас болған.
Сонымен, жас шамасы қарайлас адамдарды, атақ-дәрежесіне, ру-тайпасына қарамай, құрдас, құрбылас десе, ру-тайпалық қатынас жүйесінде атақ-дәреже деңгейінің қатарластығына қарай тұрғылас дейді.
– Нұргелді аға, энциклопедияда «Қасам ішу» ұғымы туралы мақала жазған екенсіз. Қасам деген не, қасам ішу деген не? Көпшілікке таныс емес бұл ұғым туралы айтып берсеңіз.
– ҚАСАМ ІШУ – әдеттік құқықта кінәлі деп күдікке ілінген адамның айыпты емес екендігіне кепілдік беруі, ант етуі. Атаудың түптөркіні араб тіліндегі хасам – ант, серт деген мағынадан туындаған, яғни қасам ішу ант беру немесе әдеттік құқықтағы жан беру, жанға салу немесе жансадақа деген ұғымдардың баламасы ретінде айтылады. Күдіктінің қылмысты екенін дәлелдейтін куәгер болмаған жағдайда оған және оның үстінен арызданушыға қасам ішу мүмкіндігі беріледі. Оны ел арасында адалдығымен танымал адам мойнына алады. Бұл рәсімді жауапқа тартылған адам мен арызданушының біреуі немесе оларға кепіл беретін адам атқарады. Қасам ішудің ерекшелігі Жаратушы атын және иманы атынан ант береді. Кейбір ауызша деректерде жылқының терісінің астында болатын безден алынған сұйықты ішкізген дейді. Жалған кепілдік жасап, ондай қасамды ішкен адам, Жаратқанның қаһарына ұшы­рап өліп кетеді немесе ұрпағы бақыт­сыздыққа душар болады деп есептеген.

Рүстембек Шойбеков, энциклопедия авторларының бірі, филология ғылымының докторы, профессор

– Рүстембек аға, киіз үйге қатысты қандай қызықты деректер анықталды?
Мысалы, ЖАБЫҚ – киіз үйдің уығы мен керегесінің түйіскен жерінен жоғары, туырлық пен үзіктің беттескен ғұрыптық мәнді тұсы. Дәстүрлі ортада жиын-той болғанда, құрметті қонақ, әнші, сал-серілер келгенде, үйге сыймаған адамдар жабық арқылы олардың өнерін тамашалайтын болған. Алыстан ит даусы немесе аттың тұяқ дүбірі білінсе, үйден шықпай-ақ жабықтан қарай салып, бақылау жасаған. Қазақтың танымы бойынша жабық өзіндік және өзге екі әлемді біріктіруші немесе жіктеуші шекара іспеттес. Осыған орай оның дәстүрлі тіршілік цикліне байланысты өзіндік ғұрыптық функциялар атқарды. Мәселен, үйлену жосын-жоралғысында ұзатылатын қалыңдықтың құрбылары сыртта тұрып түрілген жабық арқылы іште отырған қалыңдықпен қоштасып, жар-жар айтқан. Сондай-ақ қалыңдық жеңгелері қалыңдығын алып кетуге келген күйеуді үйге кіргізбей, жоралғы жолымен кәдені мол сұрап қинаған жағдайда, күйеу жігіт алдын ала дайындалған жабықтың саңылауынан ішке енеді. Бірақ қалыңдығын міндетті түрде есіктен ғана алып шығуына рұқсат етіледі. Өйткені кез келген адамның үйдің есігінен басқа тұстан шығуы жамандыққа баланады. Сонымен бірге жабық саңылауы арқылы кіріп-шығу ерекше жағдайда ғана болып тұрды. Мысалы, отбасында бір жылда екі қыз ұзатылғанда немесе екі келін түскенде, екіншілері осы жабық арқылы ұзатылып-түсетін болған. Бұл үрдістің семантикасы әлі күнге дейін зерттелмеген тың тақырыптардың қатарына жатады.
ҮЗІК ҮЙ – киіз үйдің үлкен түрінің батыс қазақтары тіліндегі атауы. Этнографиялық деректер бойынша, үзік үй – үзігі мен туырлықтары бөлек жасалатын үй. Үзік үйдің шаңырағы көтерме туырлықты үйден әлдеқайда үлкен және уықтар саны одан екі еседей көп болады. Үйдің бұл түрі батыс, орталық өңірлер мен Қырғызстан мен Моңғолияда кездеседі.
ТУЫРЛЫҚТЫ ҮЙ – төрт қанатты, уықтары кішігірім шаңыраққа қадалатын, тек туырлықтармен жабылатын жол үй түрі. Кейде малшылар мал соңынан көшіп-қонып жүргенде екі керегенің басын қабыстырып, жалғыз туырлықпен жауып баспана еткен. Кей жерде туырлық үй деп 3-4 қанат керегеден кішкентай шаңырақтан тұратын, уық пен керегесі туырлықпен толық жабылып, сыртынан екі жерден белдеу арқанмен тартып байланатын үйді айтқан. Кей аймақтарда туырлықты үйді көтерме туырлықты үй деп атайды.
ТУЫРЛЫҚСЫЗ ҮЙ – туырлықсыз тігетін 5-6 қанат үй. Туырлықсыз үйдің төбесіне үзік пен түндік қана жабылады. Туырлық тұтылмайды. Оның орнына қамыстан тоқылған, бойра деп аталатын ши тұтылады. Туырлықты үй жазда ыстық болады, сондықтан ыстық өңірлерде туырлық орнына ши ұстағанда, самал соғып, үйді салқындатып тұрады. Уық пен шаңырақтан тұрғызылған үйді Алматы, Жамбыл облыстарының кейбір аудандарында алтаяқ деп атаған. Мұндай үйде кереге болмайды. Оның құрылысы зерттеушілердің айтуынша, кейде абылайша аталатын үйге, кейде кеуде үй дейтін үй түріне ұқсайды.
КЕУДЕ ҮЙ деп, киіз үйге қатысты зерттеулердің дерегі бойынша, кейбір өңірде шаңырақ пен уықтан тұратын, туырлық бөлігі тігілмейтін үйді атаған. Кеуде үйдің бір ерекшелігі: шаңырағы кішірек, уықтары ұзын болады. Күнделікті тұрмыста кеуде үйдің жатаған кеуделі үй, еңселі кеуделі үй деп ажыратылатын түрлері қолданылған. Жатаған кеуделі үйдің шаңырағы үлкендеу, уықтары­ның ұзындығы орташа болады, ал еңселі кеуделі үйдің шаңырағы кішкене, уықтары ұзындау болады.
Торкөз керегелі үй – кереге көзі жұдырық сиярлықтай ғана үй.
Желкөз керегелі үй – керегесінің көзі қос жұдырық сиярлықтай көлемдегі киіз үй.

Бейбітқали Қақабаев, энциклопедия авторларының бірі, этнограф

– Бейбітқали аға, төрт түліктің ішінде жылқы малына қатысты тың деректерді айтып берсеңіз.
– ЖЫЛҚЫ – дәстүрлі қазақы ортада төрт түліктің төресі деп ерекше қастерленген атауы. АТ – алты жасқа келген, денесі толысып жетілген, піштірілген, қолға үйретілген, мініс пен шаруашылықта қолдануға жарамды жылқы. Оны салт мінуге, арба-шанаға жегуге, әртүрлі шаруашылық жұмыстарға көлік ретінде пайдаланған. Мініс көлігі болатын арнайы атты құлын кезінен бастап баптап өсірді. «Ердi аттың естiсi теңейдi» деген ұстанымды қастерлеген көшпелілер Аттың есте сақтау қабілеті мен сезімталдығын ерекше жоғары бағалады. Расында да, жақсы ат ауа-райы мен жер рельефiнiң өзгеруiн, өзі үйренген жайылымды, елді мекендi адаспай ­тауып алатын естi жануар ретінде үлкен құрметке бөленді. Дәстүрлі ортада аттарды қолданыстық және этномәдени мәніне қарай төл ат, сүндет ат, бетжүздік ат, тұл ат және т.б. түрлерге бөлген (қазақтар бір киер киімді де бетжүздік киім деп атаған). Қазақы ортадағы әскери категориялар – қолбасшылар, батырлар, тіпті қарапайым сарбаздардың өздері де әбден сұрыпталып, сыннан өткен аттарды мінген. Яғни «томаға бойлы қасқа азбан, ерте шапса кешке озған» сынды асқан жүйрік, алыс жүріске мықты да, төзімді, иесінің «тілін білетін» епті де елгезек, шайқасқа төселген жануарлар болды. Абылайдың жирен қасқа арғымағы, Қанжығалы Бөгенбайдың үкілі торысы, Қаракерей Қабанбайдың Қубас торысы, Шапырашты Наурызбайдың торы аласы, Уақ Бармақтың қанаткері, Керей Ер Жәнібектің көк дөнені, Райымбектің Көкмойнағы сияқты талай жорықтар мен жортуылдардың куәсі болған «ер серіктерінің» атақ-даңқы аңызға айналып, қазақ даласына жайылды. Ат төзімділігіне, күштілігіне, мықтылығына, жүйріктігіне, жүрісінің сипатына және дене тұрқына байланысты бағаланды.
АТМАЙЫ – кедей-кепшіктің ауқатты адамдардан мініске, көші-қонға, арба-шанаға жегуге, т.б. жұмыстарға уақытша пайдалануға алған ат үшін төлейтін ақысы. Қайтарған кезде ат күйсіз, арық болуы да мүмкін, оған иесі ешқандай уәж айта алмайды. Себебі алған адам атмайын төлеп отырған. Ең бастысы, атты мертіктірмей, сау күйінде қайтару керек. Қазақ жылқысының басты қасиеті – тез ет алып, күйлі болып кетеді. Ауқаттылардың малын не жұмыс күші ретінде, не сауын малы ретінде сұраушылар, әсіресе ел жайлауға қонғанда көбейеді. Осы кезде байлар атмайын беріп, кедейлердің көштен қалмауын қадағалайды.
БЕКІ – шiлдеде орман-тоғайда жайылған жылқыларда кездесетін ауру. Жаздың ыстығында қозып, түнде толас­тап, күндiз ауыртатын, шоқтық, қол, арқа, сауыр тәрiздi еттi бөлiгiнен қан тамшылап білінетін ауру. Жылқышылардың айтуынша, тай-құнандар сақаумен, кәрi жылқылар бекімен ауырған. Мұны кейбiреулер қанның тазаруына жорыса, емшiлер оны ой жердегi бөгелектен, қара ала шыбыннан жұғатын ауру дейді. Оны дауалау үшiн қабыршақтанған жараның аузын тiлiп қанын ағызып, айранның сары суымен жуып тазалайды да, тезектiң ыстық күлiн сеуiп отырған.
БУНАУ – жылқы күзегенде ойып-ойып керте күзеу тәсілі. Жылқының жал құйрығын күзегенде сәнін кетірмес үшін ара-арасынан сиретіп, селдірлетіп қана алады. Құйрықтың ұзындығын шартты түрде төртке бөледі де, аламайының қыл түбінен бастап, ұзындығы екі-үш қа­рыстық әр бөлікті ұшына қарай алдың­ғысынан жіңішкерте күзейді. Ең ұш жағындағы қылды сәукеленің шоғындай күлтелендіріп, «шыбынқағар» қалдырады.
БҰРЛЫҒУ – жылқыны мініске дұрыс пайда­лан­баудан пайда болатын ауру. Бұрлығу, топқазы және қарта түйiлу деген аурулар жылқы малында тез өршитін аурулар қатарына саналады. Семiз атты қинап мiну, жарауы мен бабы дұрыс болмаған атты бәйгеге қосу, саятқа салу жылқыны бұрлығу ауруына шалдықтырады. Ұзақ жүрiске жақсылап оттатып, суарып шық­паудан аттың iшек-қарны босап, екi қазысы бүрiсiп, бiр-бiрiне килiгуден топқазы ауруы өршиді. Аттың iшек қырындысы жұқарып, боқ-жыны азаюдан қартаға жел толса «қартасы түседi». Осы ауру түрлеріне шалдыққан аттың аузы ашылып, көзi алақтап, бұлшық еттерi дiрiлдеп, кежегесi тартып, аунап түседi де, аяқтарын сермеп, қабырғасын тiстей береді. Мұндайда аттың сауырына, жаясына дереу суық су шашып, тiк iшегiне темекi тығады. Бұрлыққан, топқазы болған аттардың жемін бірте-бірте көбейте отырып азықтандырады, сиырдың жапасын немесе жылқының жас бопайын сүтке езiп жұтқызады, жаңа сойылған қойдың жынын, жылы қанын бередi. Ұдайы көкке тойынатын, iшiндегi боқ-жыны алмасып отырған ат мұндай ауруларға шалдықпайды дейді қариялар. Дәстүрлі ортада оны тексерудiң қалыптасқан тәсiлi – жылқының бопайын (құмалағын) ұстап байқаған, арасына жел жүгiрген бопайдың ұмалып, өзiнен-өзi сынып кебiрленiп тұратындығынан айырған.
Құрметті оқырман, тарихшылардың, этнологтардың, тілтанушылардың, фольклортанушылардың көп жыл бойы бірлесе атқарған ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген бұл мәліметтер сіздерге көмегін тигізеді деп ойлаймыз.

Бетті дайындаған Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымының кандидаты