Телетіліміз тілім-тілім болмасын

Телетіліміз тілім-тілім болмасын

Бүгінгі ақпарат ғасырында ақпараттық кеңістігіңді өзгенің қолына беріп қою, ақпаратты өзге тілде тарату – екі тізгін бір шылбырды басқаның қолына ұстату деген сөз. Ақпараттық кеңістігіңе кім ие болса, кімнің айтқаны жалпақ жұрттың санасына сіңіп жатса, қоғамдық сананы да сол қалыптастырып, соның көздегені болады. Өз үйінің билігін өзгеге беріп қойып, аузы аңқиып отыратын жаман үйдің босбелбеу қожайынының күйін кешкіміз келмесе, елімізде қазақтілді ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға міндеттіміз.

Телетіліміз тілім-тілім болмасын

Бүкіл ел аумағына жұмыс істейтін телеарналардың негізгі басым бөлігі қазақ тілінде ақпар тарататын күнге жетпейінше, ұлттық санасы мықты, тілі мен тілегі бір халық болу мақсатына да жете алмаймыз. Ұлттық-мәдени кеңістігімізді қалыптастыру да осы БАҚ-қа ие болуымызға тікелей байланысты. Екіншіден, ақпар деген – өнім. Ғылыми ақпарды да, бұқаралық ақпар мен техникалық ақпарды да сол салалардың мамандары өндіреді.

Өнімнің сапалы не сапасыз болуы өндірушісіне байланысты. Кез келген тұтынушы сапалы өнімді алғысы келеді. Жұрт жақсы киім киіп, дәмді, құнарлы тамақ ішкісі келетіні сияқты жанына азық болатын мәнді, сапасы жоғары ақпар алуға мүдделі. Алдына не қойса, соның бәрін қылғытып жұта беретін талғамсыз, қомағай адам немесе қоғам тас қорытатын асқазаны болса да түбінде ауруға ұшырайды. Сапасыз, жалған ақпармен алданбай, шынайы, пайдалы ақпарды көп алып, жадына жақсыны сіңірген адамның да, қоғамның да дені сау болады. Ақпарларды өндіруге де, таратуға да аса үлкен жауапкершілікпен қараудың маңызы осында жатыр. Ақпардың түрі көп. Соның ішінде жалпы жұртшылыққа тарайтын бұқаралық ақпарлардың маңызы ерекше зор. Ондай ақпарлар бүкіл елдің, қоғамның санасын қалыптастырады. Қазіргі заманда қалың жұртшылық ақпарларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алады. Әсіресе, электронды ақпарат құралдарының дәурені жүріп тұрған заман. Ендеше, сол БАҚ-қа сақ болмаған жұрттар түбінде ұтылады, опық жейді. БАҚ-тары халқына, ел мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне, тіл мен діл, дін мен дәстүр тұтастығына қызмет еткен жұрттардың болашағы үшін алаңдамауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде ойланатын тұстарымыз аз емес. «Отандық БАҚ-тан қандай ақпарлар алып жүрміз? БАҚ арқылы жас ұрпақтың санасына нені сіңіріп жатырмыз? Ол ақпарларды кім, қандай мақсатпен және қалай таратып жүр?» деген сұрақтарға жауап іздейтіндер аз емес.

Ал ақпарларды тарату тіліне тіптен айрықша назар аудару қажет. Телеарна үшін тіл – ақпарларды таратудың негізгі құралы. Өзіне қажетті құралды пайдалана алмайтын кез келген сала маманының сол салаға пайдасынан зияны көп тиеді. Өтпес пышақ қол кесетіні сияқты, тіл-құралды шала меңгерген тележурналис­тер ұлтымыздың ең басты құндылығы тілімізді тілгілейді, тыңдаушысы мен көрерменінің жанын жадыратып, құлақ құрышын қандыру орнына көңілін қалдырып, оларды қазақтілді бағдарламаларды көруден жерітіп, жат тілде ақпарат тарататын арналарға ауысып кетуге ықпал етеді. Ойы орашолақ, сөйлеу мәдениеті төмен мамандар жайлаған телеарнадан тілді жетік білетін, көкірегі ояу телекөруші теріс айналса, ал әлі оң-солын танымаған, теледидардан айтқанның бәрі дұрыс деп қабылдайтын жас буынның тілі бұзылады, шұбарланады. Солай болып та жатыр. Теледидардан екі-үш рет ән айтқан әншіні «жұлдыз», төрт-бес репортаж немесе хабар жүргізген жас маманды телевизия тірегіндей көретін біздің көптеген балакөңіл ересек ағайындар да солардың айтқанының бәрін дұрыс деп ұғып қалады. Олардың сөзіндегі сөлекеттіктерді байқамай, осылай сөйлеген жөн екен деп қабылдайды. Сондықтан телеарна басшылары түрі келіскенмен, тілі келіспей тұрған, өзін әрі әнші, әрі артис, әрі журналист, әрі тележүргізуші санайтын, бар мамандықты қатар меңгердім деп ойлайтын, ал шындығында бір кәсіпті де тізгіндей алмай жүрген «бесаспаптарды», «әмбебаптарды» жұмысқа қабылдап, оларға халық алдында сөйлеу құқын беруге болмайтынын қатаң ескерсе екен дейміз. Әйтпесе, телеөнердің де қазақ тілінің де қадірін қашырып алармыз. Екіншіден, еліміздің телеарналарына журналист, тележурналист мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары да олардың қазақ әдеби тілін, кәсіби тілін тереңірек меңгеруіне көбірек мән беруге тиіс қой деп ойлаймыз.
Әрине, телеарналарымызда білікті мамандар да, солардың қолымен жасалған жақсы бағдарламалар мен хабарлар кеше де болған, бүгін де бар. Мәселен, қазақ қоғамындағы түрлі түйінді мәселелерді уақытында көтеріп, қоғамдық санаға қозғау салған Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасы, Жәнібек Кәрменовтің Ақселеу Сейдімбекпен бірге жүргізген халық әншілері мен әншілік дәстүр жайындағы хабарлары, беріректегі Қасым Аманжоловтың «Шынның жүзі» сияқты көптеген бағдарламалар көпшіліктің бүгінге дейін есінен кетпейді. Ел есінде қалатын осындай жақсы бағдарламалар қатарына көрермендерге бірден жол тапқан «Хабар» телеарнасынан көрсетілген марқұм Әшірбек Сығай жүргізген «Жансарайды» қосуға болады. Қазір де «Қазақстан» телеарнасындағы Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» ток-шоуы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын ойлы бағдарламалардың бірі. Хабар жүргізушісінің үздіксіз ізденісін байқауға болады. «КТК» телеарнасындағы Жадыра Сейдеш жүргізетін «Жүрекжарды» авторлық бағдарламасының да тағылымдық мәні бар, «Астана» телеарнасындағы Әйгерім Сейфолла жүргізетін «Сырласу» бастапқыда тәп-тәуір бағдарлама еді, кейінгі кездері жұртшылыққа айтары аз, әңгімелері біркелкі жердегі «жұлдыздар» көбірек шақырыла бастаған соң, оның да мәні кете бастады. Мұндай тәуір бағдарламалар бұлармен ғана шектелмейді. Дегенмен, қазір тұшынып көретін дүниелер сиреп кеткендіктен, теледидарды көп көрмейтін болдық. Негізінен жаңалықтарды, уақыт болып жатса ғылыми-танымдық, талдамалық хабарларды, спорт жарыстарын көреміз. Теледидарға аз қарағанның өзінде телеарна тіліндегі кемшіліктер көзімізге көп шалынатын болып жүр. Бұл сөз болмай жүрген де мәселе емес. Телеарналар тілі жөнінде үздіксіз, жүйелі түрде жазып жүргендердің бірі қаламгер Мырзан Кенжебай. Ол телеарна тілін арқау еткен «Телеарналар қазақ тілінің берекесін кетіруде» (abai.kz), «Қазақ телевизиясы мазақханаға айналды» («Жас Алаш», 26.02.15), «Телеарналар ұлттығымыздың айнасы болуы керек» («Ана тілі», 04.08.2011), «Тілбұзар телеарналарға қашан тоқтау саламыз?» («Ана тілі», 10.04.2014) деген мақалалар тізбегін жазды. Е.Жұматайдың «Шөпті де, шөңгені де әңгіме еткен тележурналистика кәсіби мамандарға зәру» («Түркістан», 26.06.2014). Басқа да көптеген мақалалар жазылды. Тыңдар құлақ болса, айтылудай-ақ айтылып жатыр. «Нәтиже шықпаған соң, айтқаннан, жазғаннан не пайда?», «Басқалар жазып жатыр ғой» деп қарап отырмай, телетілдің бетін бері қаратуға қолымыздан келгенше атсалысу, мәселе көтеріп жүргендерге үн қосу қазақ тілінің қолданысына немқұрайды қарай алмайтын баршамыздың міндетіміз болғандықтан біз де қолға қалам алып отырмыз.

2015 жылғы 16 қараша күні түс кезінде «Қазақстан» телеарнасынан «Бірге таңдаймыз!» хабарын көрдік. Хабарда әсіп пісіру, байпақ тоқу, түрлі-түсті жұмыртқа қуыру және «тай-бо» биі көрсетілді. Жұртшылыққа керек, пайдалы кеңестер беретін жақсы-ақ бағдарлама. Бұл тележурналды жүргізуші Нұрбигүл Егізованың өз хабарын қызықты, тартымды өткізуге деген жақсы ниеті, ынтасы, ізденімпаздығы да аңғарылып тұр. Алайда бағдарламасының сапасы арта түсу үшін тележурналистің тіліне де біршама мән бергені абзал. Біз қараған жарты сағаттан астам уақыт көлемінде хабар жүргізушісі «ардақты ағайын» сөз тіркесін 9 рет айтты. Ағайын, ел-жұртты ардақтағаны дұрыс қой. Алайда, қаратпа сөзді қайта-қайта айта берген дұрыс емес. Оны хабардың басында не аяғында айтса жеткілікті еді. «Ағуыз», «дәмді ғылып» (Нұргүл ханым дәмді қылып…қуырдақ дайындап жатыр.13.01.16) десе, сөзді анық айтпай қаламын деп ойлай ма, телехабар жүргізушісі «ақуыз» сөзі мен «дәмді қылып» тіркесіндегі «қ» әрпін барынша анық айтуға тырыс­ты. «Осы ретте, тағы бір хабарласқан көрерменіміз бар екен, тыңдап көрейік», «Осы ретте мен бір ақпарат айта кетейін», «Хабарласқан көрерменіміз бар екен, тыңдап көрейік, осы ретте» деп орыс тіліндегі «в этой связи»-дің көшірмесін қайталай беруі де қазақ сөйлемінің әрін қашырып тұр. Оның сөз арасында «Ардақты ағайын, біз тікелей эфирде» дегені «Мы в прямом эфире» деген орыс сөйлемінің айна-қатесіз көшірмесі. Телехабар жүргізушісі «жаңағыдай» сөзін де жиі қайталады. Бұл да көруші мен тыңдаушыға жағымды әсер етпейді. Хабарға қатысқан байпақ тігушіге телехабар жүргізушісі «кетпей ме?» деу орнына «Мына жері сөгітіліп кетпейді ме?» деп, «ді» қосымшасын орынсыз, артық жалғады. Жұмыртқадан жасалған қоспаны бетке жағуға кеңес бере отырып, ол «Қатты көзге жақындатпаңыз» деп, сөздердің орын тәртібін бұзып қолданды.