
«Мемлекеттік тіл» ұғымы жаңадан пайда болған түсінік емес, ол – күллі әлемдегі елдерде ғасырлар бойында қолданылып келе жатқан бұрыннан бар ұғым. Мемлекеттік тіл – кез келген мемлекет үшін қажетті құбылыс. Демек, қандай да бір мемлекеттің өзіне қызмет ететін негізгі тілі болуы заңды құбылыс.
Егемендікке қол жеткен, дамудың жаңа жолына түскен қандай да бір үлкенді-кішілі мемлекет алдымен өзіндік ішкі сыртқы саясатын айқындап алатыны белгілі. Бұл мәселе осы екі саясатта үш түрлі көрініс береді. Біріншіден, мемлекеттің сыртқы саясатында шет елдермен қарым-қатынаста қолданылатын тіл ресми белгіленеді. Екіншіден, көптілділік жағдайында мемлекеттің ішкі саясат жүйесінде тұрақты тіл саясаты белгіленіп, онда тілдердің мәртебелері мен қолданылу аялары айқындалады. Үшіншіден, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаттары сол мемлекет халқының ортақ негізгі тілінде түзіле отырып, жұртшылыққа баянды етіледі. Олай болса, мемлекеттік тіл алдымен «билік тілі» өйткені мемлекет – басқарудың институты мен тетігі (механизмі) десек, мемлекеттік тіл – басқарудың институттанған тілі, биліктің өмір сүру тілі. Сан алуан тілде сөйлейтін адамдардың өз ана тілін және өзге тілдерді меңгеру мүддесін қорғау міндетіне жауап беру үшін билік пен тіл тұтастыққа бірігеді. Біріншісі екіншісіне көмектеседі, екіншінің көмегімен біріншісі қосымша күшке ие болады. Мемлекеттік тілді білудің әлеуметтік қажеттілігі табиғи түрде жүзеге асқанда одан ұтатын тек мемлекет қана емес, сол мемлекеттің әрбір азаматы болмақ.
Мемлекеттік тіл – көптілді, сондай-ақ біртілді қоғамның өзі айналып өте алмайтын аса қажетті құбылыс. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір мемлекеттің саяси құрылымына, өзіндік ұстанған ішкі, сыртқы саяси бағыттарына байланысты әрқалай сипатталады. Мәселен, Франция, Испания, Шри-Ланка, Пакистан, Малайзия, Судан, Қытай сияқты елдерде мемлекеттік тіл – оны жариялаған ел азаматтарының барлығы міндетті түрде білуге тиісті тіл болса, Индонезия, Филиппинда мемлекеттік тіл көпұлтты елдің түрлі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тиімді құралы деп анықталады. Кейбір елдерде мемлекеттік тіл сол елдің лингвистикалық бірлігін білдіреді. Мысалы, Қытайда тіл тұтастығы – ел тұтастығы деп ұғынылады, путунхуа талабынан ауытқу ұлттық бірлікті бұзу болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік тіл кейбір елдерде (Мысалы Пакистанда) қарсы шығуға болмайтын тіл, оған қарсы әрекет ету мемлекетке қарсы шығу деп бағаланады. Енді бір елдерде екінші бір тілді мемлекеттік деп тану ол елдің халқын екіге жаруға әрекет ету деп бағаланады. Сол сияқты бірқатар елдерде мемлекеттік тіл – мәртебесін талқыға салуға Конституция бойынша барлық деңгейде тыйым салынған тіл. (Қараңыз: Хасанұлы «Ана тілі – ата мұра»).
Тағы бір елдерде мемлекеттік тіл ретінде сол мемлекеттегі этностардың біреуінің кейде бірнешеуінің тілдері қолданылуы да ұшырасады. Мысалы, Канаданың Квебек провинциясында мемлекеттік тіл болып тек бір ғана тіл француз тілі жарияланса, Канаданың өзінде мемлекеттік тіл ретінде ағылшын, француз тілдері қолданылады. Ал енді бір елдерде ресми түрде көпұлтты елдегі ешбір этностың тілі мемлекеттік тіл ретінде көрсетілмеуі де кездеседі. Мұндай жағдай Америка Құрама Штаттарында орын алған. Сондай-ақ кешегі Кеңестер Одағында да орыс тілі ешқандай заңдылық актілерінсіз-ақ мемлекеттік тіл, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызмет еткені белгілі.
Сонымен жоғарыда айтылғандарды негізге алар болсақ, «мемлекеттік тіл» ұғымының мәнін былайша түсіндіруге болады:
Қандай да тіл болмасын, егер ол мемлекеттік тіл болып (бір өзі) жарияланса, ол сол елдің негізгі тілі. Сондықтан да ол тіл әкімшілік басқару органдарының қызмет бабында қолданылуы шарт. Сондай-ақ ол ресми құжаттарда, өндіріс, халық ағарту, заң, құқық қорғау органдары сияқты сан алуан қоғамдық өмірдің маңызды салаларында алдымен пайдаланылады.
Мемлекеттік тіл – оның жариялаған ел азаматтарының барлығы міндетті түрде білуге тиісті тіл.
Мемлекеттік тіл – Ту мен Елтаңба сияқты мемлекеттің рәмізі (символы).
Мемлеттік тіл – көпұлтты елдің күллі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тиімді құралы.
Мемлекеттік тіл елдің лингвистикалық тұтастығын, бірлігін көрсетеді.
Мемлекеттік тіл – мемлекет қамқорлығына алынған тіл. Оған қарсы шығу, қарсы әрекет ету мемлекетке қарсы шығу деп бағаланады.
Мемлекеттік тіл екінші бір тілді мемлекеттік тіл деп танумен сыйыспайды және ол елдің халқын екіге жаруға әрекет ету болып табылады.
Мемлекеттік тілдің осы көпшілікке танымал анықтамаларын және түрлі елдердегі осындай көріністерін негізге алғанда алдымен мынадай мәселелердің басын ашып алу қажет:
1.Көптілдік жағдайында барлық тілдерді тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін бе?
Тіл проблемасы – дүниедегі 200-ден астам мемлекетте зерттелетін үлгі. Өйткені мемлекет халқы мейлі бір ұлттан тұрсын, көп ұлттан құралған болсын, бәрібір өзіндік тіл проблемаларынсыз болмайды. Айталық, бір ұлтты мемлекетте тіл мәселесі таза лингвистикалық сипатта, яғни халықтық тілдің жекелеген өмір сүру салалары арасында өрбиді. Мысалы, дүние жүзінде бір ұлтты мемлекет ретінде танылатын Жапонияда мемлекеттік тіл проблемасы жапон диалектілерінің арасында өршіп отырғандығы байқалады. Ал көпұлтты мемлекеттерде тіл мәселесі жекелеген тілдер арасында ұлтаралық деңгейде болып, саяси-лингвистикалық реңкке ие болады. Өйткені көптілділік жағдайында барлық тілдерді әрдайым тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін бола бермейді. Тілдердің заң жүзіндегі теңдігі мен қызмет ету аясындағы теңдігі деген екеуі екі бөлек түсінік. Конституция тілдер теңдігін жариялауы мүмкін, алайда олар қызмет ету ауқымы жағынан ешқашан тең болмайды. Көптілділік жағдайында ылғи да бірді-екілі тіл этносаралық қарым-қатынас құралы болып, бөлектеніп отырады. Сондықтан мұндай көптілділік жағдаятты елде демократиялық бағыттағы тіл саясаты екіжақты мақсатты ұстауды қажет етеді:
әрбір жекелеген тілдердің өмір сүруі мен дамуын қамтамасыз ету;
қандай да бір тілдің бүкіл ел аумағында этносаралық қарым-қатынас құралы ретінде қызметтік мәртебесін бекіту.
1.Тілдерді дамыту ісі осылайша нақтылы жоспарланған түрде жүргізілуі тиіс. Бұл - әлемдік қалыпты жағдай (стандарт) . Ал мұның өзі ең алдымен басқаруға (управление) байланысты. Басқару қандай болса, даму да сол деңгейде болмақ. Білікті басқару ісі қоғамдағы тілдердің өзіндік мәртебесін дұрыс та дәл анықтаудан басталады. Мәртебе белгілеу арқылы заң күшімен тіл дамыту - әлемге кең тараған құбылыс. Мәртебе – әлеуметтік лингвистикалық әрі құқықтық категория, ол тілдердің қоғамдағы құқықтық әлеуметтік жағдайын танытады.
- Қандай тілді ел аумағында міндетті мемлекеттік деп тануға болады?
Тіл мәртебелерінің ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік (ресми) тіл. Қандай да бір тілдің ел аумағында мемлекеттік тіл болып танылуы үшін ол барынша дамыған тіл болуы керек. Тілдің дамығандық деңгейін белгілі социолингвист-ғалым Ч. Фергюссон мынадай үш түрлі белгіге ие болуымен анықтайды:
1.
Графикаланған (графизация), яғни жазу жүйесі жасаған тіл.
2.
Жүйеленген (стандартизация), яғни ауызша және жазбаша формалары нормаланған тіл.
3.
Жаңарып жетілген (модернизация), яғни лексикалық, синтаксистік
және стилистикалық жағынан жетілген, терминологиясы бай, осы заманғы ғылыми-техникалық прогресс пен саяси өмірді қамтамасыз етуге жарамды тіл болуы керек. Осы белгілерге қарасақ, елімізде мұндай деңгейдегі тіл – қазақ тілі. Тек қазақ тілі ғана Қазақстан халқының басын біріктіруші, этносаралық қарым-қатынасты қамтамасыз ететін аралық тіл бола алады. Сондықтан да қазақ тілі – мемлекет қамқорлығына алынған мемлекеттік (ресми) тіл. Қазақ тілі - әлемдегі 5661 тілдің ішінде өзінің сөйлеушілері жағынан жетінші ондықтағы тілдердің бірі. Қазақ тілі – образды да бай тіл. Ол құрылымдық – жүйелік жағының түбегейлі зерттелген, өзіндік әдеби нормасы мен стилдері қалыптасқан ұлттық тіл.
Қазақ тілі – көне түркілік құрылымды сақтап қалған түркі тілдерінің Ата тілі. Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің Түркияға және Әзербайжан елдеріне сапары барысында ресми түрде айтылды. Бұл қазақ тілінің түркі халықтары арасындағы халықаралық тіл қызметінде қолданылуының бір айғағы болмақ. Сондықтан қазақ тілі өзіне жүктелген міндетті толығынан атқара алатын, болашағы баянды, көсегесі көгеретін ұлтымыздың қымбат қазынасы.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра. Алматы, 1992.
2. Вайнрайх У. Языковые контакты. Москва, 1979.
3. Аврорин В.А. Проблемы изучения функциональной стороны языка: К вопросу о предмете социолингвистики. –Л.: Наука, 1975.
4. Қазақстан Ресубликасындағы тіл саясатының тұжырымдамасы. – Алматы, 1996.
5. Қазақстан Ресубликасының Конституциясы. – Алматы, 1997.
Ф.ғ. к. Аман Маделханұлы Абасилов