​Қошке Кемеңгерұлының «жат тілді» оқыту әдісі

​Қошке Кемеңгерұлының «жат тілді» оқыту әдісі

Алаш қалам қайраткері, тілші-ғалым, әдіскер Қошке Кемеңгерұлының редакторлық етуімен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмашта» (1925) әдіс, әдістеме, технология сөздеріне: «Әдіс – 1) тактика, 2) метод, 3) техника. Әдістеме – методика, әдіс ғылымы – технология», – деп [1, 75]анықтама берілген. «Бұл терминнің мән-мағынасының ашылуы, терминдік ұғымды беруі, қызмет атқаруы, ғылыми айналымға түсуі алаш азаматы Қошке есімімен байланысты және ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының үлесіне жатады екен», – дейді профессор Б.Қасым [2, 143]. Бұдан «технология» сөзінің ХХ ғасырдың басында қолданыста болғаны айқын аңғарылады. Кейінгі кездегі педагогикалық әдебиеттерге талдау жасап көрсек, педагогикалық технологияны ғалымдар әрқалай түсіндіреді: М.А.Чошанов:«технология – бұл дидактикалық жүйенің құрамды бөлігі» [3, 5] десе, В.А.Белеева мен Л.К.Гребенкина: «педагогикалық технология дегеніміз оқушыларды оқыту, тәрбиелеу және дамыту мақсатында жетуге бағытталған педагогикалық іс-әрекеттер компонентінің жүйесі мен тізбегі» [4, 9]. Ал В.П.Беспалько: «Педагогикалық технология – оқу үдерісін жүзеге асыратын техника», – дейді [5, 7]. «Технология»– techne – өнер, шеберлік және logos –ғылым, заң, бір сөзбен айтқанда, технология дегеніміз – шеберлік (өнер) туралы ғылым екені анықталды. Байқап отырғанымыздай, кейінгі еңбектердегі «технология» сөзіне берілген дәлелдемелер Қ.Кемеңгерұлы сөздігіндегі анықтамамен үндес.

Жалпы, Қ.Кемеңгерұлының терминдерінің ұтымдыжақтары бар. Ол «өзге аудитория, өзге тілді дәрісхана, шет тілі» деген сөздерді бір буынды сөзбен «жат тіл» деп атаған. Бұл термин қазір қолданылмайды. Шынымен, ана тілі емес, шет тілдердің бәрі адам үшін жат тіл. Қ.Кемеңгерұлы «Жат тілді оқыту әдісі»мақаласында үйлестіру (синтез), талдау (анализ), аудару, көрнекілік, жаратылыс әдістерін түрлерін сөз етеді [6, 174-178]. Сол кезде, ХХ ғасыр басында ең жақсы әдіс туралы мәселенің дұрыс шешілмегендігін айтады. Ғалым «Мектеп қай тілде болу керек?» деген мақаласында: «Қазақ мектебіндегі балалардың орыс тіліне шалағайлықтары, орыс тілінің қазақ балаларына орыстарға арналған әдіспен оқытылуынан», – [7, 119]екенін айтады. Әдіскер өзі жауропалықтарға (орыстарға) қазақ тілін оқытуда тіл үйренушінің өзге ұлт өкілі екенін үнемі назарда ұстап отырған.

Қ.Кемеңгерұлы материалды ана тілінде, яғни аударма арқылы түсіндірмей, ол «дерексізді деректімен түсіндіру», мысалдар келтіру, «дауыс екпінімен», «ыммен», «бет-пішінді құбылту» әдістерімен түсіндірудің пайдасы бар екенін де айтады. Қазақ тілін оқытуда тіл үйренушінің ауызекі сөзге түсіне білуін, ең кемі жат тілдегі кітапты оқып жат тілден үйретілген сөздердің мәнісін түсінуін, тіл құрамының ережелерін ұғынуын, оқу, аудару, ана тілдің тіл құралындағы, сөйлем жүйесіндегі ережелермен жат тілдікін салыстыруын мақсат еткен.

Қ.Кемеңгерұлының «Жауропалықтарға оқу құралы» қазіргі кездегідей, кешенді оқулық түрінде шығарылған: оқулық, оның дидактикалық материалы, әдістемелік құралы, сөздігі бар. Ғалым-әдіскердің тілді оқытуға ұсынған жобалары қазір де өзінің өзектілігін жойған жоқ және оқыту әдістемесінде жиі көрініс табатыны байқалады. «Жауропалықтарға арналған оқу құралын» зерделей отырып, оның қазақ тілін үйретуде әртүрлі әдіс-тәсілдерді өз заманына лайықтап қолданғанын көруге болады. Ғалым-әдісекер жауропалықтарға (орыстарға) қазақ тілін оқытуда өтілетін сабақтың мазмұнына, мақсатына байланысты әңгіме әдісін, сұрақ-жауап әдісін, берілетін білім көзі деңгейіне сәйкес түсіндіру әдісін, салыстыру әдісін, жаттықтыру әдісін,көрнекілік әдістерін шебер пайдаланған. Қазіргі әдістемеде әңгімелесу әдісін кейде сұрақ-жауап әдісі деп те атайды. Бұл осы әдістің ішкі мазмұнына байланысты [8, 66].Алайдаекеуінің (қазіргі оқыту мен Қ.Кемеңгерұлының оқытуы) арасында сәл формалық айырмашылық бар. Қазіргі оқытуда сұрақ қою сұхбат (диалог) негізінде жүзеге асса, Қ.Кемеңгерұлының оқытуында сұраулы сөйлемдерімәтіннен соң беріледі. Берілген сұрақтар күрделі, сөйлем ретімен берілмейді, сұраққа жауап беру үшін, тіл үйренушінің ойлануын талап етеді, логикалық ойлауға жетелеу үшін берілген. Мәселен, «Таң атты ма? Күн шықты ма?» сұрақтарына алғашқы сөйлемдер жауап бермейді. Ол сұрақтың жауабын табу үшін, тіл үйренуші барлық мәтінді оқып шығуы керек.

Мәтін үлгісі төмендегідей: Бүгін бозғырау түсті. Кеше шық қалың болды. Күн батты, кеш болды. Ай туды. Жұлдыз туды. Таң атты, күн шықты. Бүгін күн ашық, бұлт жоқ. Кеше түн қараңғы болды. Алдыңғы түн жарық болды.

Биыл жаңбыр аз, күн ыссы, күн тымық, күн күркіремеді. Найзағай жалтылдамады. Бүгін күн тынық, кеше жел болды. Алдыңғы күн қатты дауыл болды. Биыл қалың шық жоқ. Түнде бозғырау түсті ме? Бозғырау қалың түсті. Кеше күндіз де, түнде де қар жауды. Таңертең тұман қалың түсті. Жазғытұры сағым көп болады. Биыл қыс ауыр болды, былтыр қыс жеңіл болды. Жаз күн ұзақ, түн қысқа. Күн батады, кеш болады, ай туады, жұлдыз шығады, таң атады, күн шығады. Түн қараңғы, күн жарық. Кеше кешке қатты дауыл болды. Күн ашық па? Күн ашық емес, бұлт. Түс болды.

Сұраулар: Таң атты ма? Күн шықты ма? Түн қашан ұзақ болады? Биыл жаз бұршақ болды ма? Ай қашан туады? Сағым қашан болады? Биылжаңбыр көп пе? Аз ба? Қар қалың ба? Жұқа ма? Таңертең күн ашық болды ма? Бұлт болды ма? Түн қараңғы ма? Жарық па? Күн жылы ма? Суық па? Күн жел ме? Тынық па? Бозғырау ерте түсті ме? Күн түс болды ма? Қыс жеңіл болды ма? Ауыр болды ма? Күн күркіреді ме? Найзағай жалтылдады ма? Шық қалың ба? Жаңбыр жауды ма? Қар жауа ма? [9, 57].

Қ.Кемеңгерұлы алдымен қатысым үшін қажетті материалды (табиғат құбылысына арналған мәтінді) беріп, кейін сол мәтінді пайдалана отырып, тіл үйренушінің өз бетінше сұрақтарға жауап беруіне, сөйлем құрауына мүмкіндік береді. Мәтінді негізге ала отырып, тіл үйренуші нақты жағдаятқа байланысты сөйлем құрайды, өз ойын жеткізеді. Бұл тіл дамыту үшін де өте маңызды болып табылады.

Қ.Кемеңгерұлы: «Алғашқы жетілер сабақтың негізі сөйлесу болады. Алғашқы жетілер оқушылардың тілін жаттықтыру мен құлағын үйретумен өткізіледі», – дейді [9, 48]. Қ.Кемеңгерұлының тіл үйренушінің ойын сауатты және емін-еркін жеткізуге дағдыландырудың бірден-бір тиімді жолы әңгіме әдісі деп таниды. Әңгіме әдісі арқылы тіл үйренушінің сөйлеу үдерісінде қандай грамматикалық тұлғаларды пайдалана алмайтынын анықтауға болады, әрі оның сөздік қорын айқындауға болады. Қ.Кемеңгерұлы алғашқы сабақтарында әңгімелесу әдісін түрлі жолдар арқылы іске асырған: сұрақ қою, жауап ретінде баяндау, оқушының назарын пәнге аудару т.б. Әңгіме әдісі оқытуда кең қолданылатын әдістер қатарына жатады. Әңгіме әдісі оқу материалының мазмұнының ашылуына, оқушының түсіну дәрежесінің айқындалуына үлкен сеп. Бұған қоса тіл үйренушіні еркін сөйлеуге қатыстыру арқылы тіл байлығын жетілдіру мақсаты да жүзеге асырылады. Бұл ретте сұрақ қоя білу ерекше рөл атқарады. Қ.Кемеңгерұлы сауалдың қысқа да түсінікті, сөйлеу тіліне жақын болуына ерекше мән берген. Өйткені қазақ тілін енді меңгере бастаған шәкіртке қиындық келтірмеуді мақсат еткен. Сұрақ-жауап әдісі негізінде тіл үйренуші байланыстырып сөйлеуге дағдыланады.

Жалпы оқулықта ұсынылған материалдар мазмұны мен оқыту әдісінің арасында белгілі бір дәрежеде өзара байланыс болуы – оқыту, сауат ашу ісінің тиімді болуының бір шарты. Тек оқытушы оқулықта берілген материалдарды мазмұнына, сипатына қарай меңгертудің қолайлы әдістерін белгілеуі тиіс. Білімді саналы түрде меңгертудің қолайлысы көрнекілік деп түсінген Қ.Кемеңгерұлыоқу үрдісінде фонетиканы, грамматиканы оқыту үшін көрнекіліктің бір түрі – грамматикалық кестелерді мәселен, септік жалғауларының әрқайсысын, жай септеу мен тәуелді септеу үлгісін, есімдіктердің септелу үлгісін, етістіктің шақ, рай категориясын оқытуда қолданған. Жаңа сөз тудыру негіздерін түсіндіргенде оның ішінде сөздің морфологиялық белгілерін,сөз таптарын өтуде әрқайсысының жұрнақтарын, оның мағыналық қызметі мен айырмасын тіл үйренушілерге саналы меңгерту үшін көрнекілік әдісін көбірек пайдаланған. Оқулық басындағы дәйектемеде өзі айтқандай, нақты мысалдарды кестемен көрсетіп талдату арқылы оқушының өзіне ереже шығартып, ережені мұғалім өзі қорытуы көзделген [9, 49].

Қазіргі таңда әдістемеде кеңінен қолдылып жүрген қатысымдық әдіспен оқытуды Қ.Кемеңгерұлы да іске асырып отырған. Қ.Кемеңгерұлының ұстанымы бойынша, оқыту әрекеті мүлде басқаша құрылуы тиіс, яғни оқыту әрекетінде барлық оқушы толық қатыса алатындай, оқи алатындай болып құрылуы керек. Оны әдіскер «сөйлеу жолы» деп атаған. Осындай әдіспен үйрету барысында әдіскер төмендегі жобаларды ұсынады:

жат тілді оқытқанда, аса қиын жерлерді ғана ана тілімен түсіндіру керек;

жат тілді оқыту әдісі ана тіліндегідей болмауы керек;

сыртқы тұлғасы қиын орындарда жат тілден ғана тілге аудару керек;

тіл құралының ережелерін сабақта түсіндіріп отыру керек;

сыныпта кітап оқыту сабақтың негізі болу керек;

жат тілдің әдебиет тарихын толық оқытудың керегі жоқ;

жат тілде өлең-тақпақ айтуға үйрету керек;

кейінгі жылдарда жазуға жаттықтыру керек.

Өзге тілді аудиторияға қазақ тілін оқытушы ұстаз өзге ұлт өкілдерінің сөйлеу тілдерін қазақшаға бейімдеу үшін, кітап оқыту және өлең-тақпақ жаттаттыру тәсілдерін жиі қолданады. Мұндай талаптарды орындатқызу қазақ тілінің ерекше дыбыстарын дұрыс айтып үйренуге, оқушылардың артикуляциялық базасының қазақ тіліне біршама тез бейімделуіне септігін тигізетіні анық. Өзге ұлт өкілдеріне тіл үйретуде жиі қолданылатын әдіс түрі – жаттықтыру әдісі. Қ.Кемеңгерұлының тілдің теориясын оқытқанда жаттықтыру әдісін жиі қолданғаны байқалады. Бұл әдісті ғалым жаттығуларды орындатқызу барысында жүзеге асырған. Мәселен, тіл үйренушілерге № 27 мәтін тапсырмасын орындатуда жаттықтыру әдісін қолданады. Әдіскер «Етістік түбірлеріне өткеншақтың бар түрлерін жалғаңдар» деп шақыр, демал, кірле, терле, киін, қал, жет, сат, домбыра, тарт» етістіктерін береді. Қ.Кемеңгерұлы бірыңғай тапсырмалар арқылы жаттықтыру тіл үйренушілерді жалықтырып жіберетінін ескеріп, жаттығулардың тапсырмаларын түрлендіріп отырған: тіл үйренушілерге оқылған, тексерілген мақаланы көшірту, сөйлем құрастырту, жаңылтпаш айтқыздырып тілді жаттықтыру сияқты жұмыстар арқылы іске асырған.

Қ.Кемеңгерұлының жоғарыдағы ұстанған жобаларының ішіндегі аударма тілін сирек қолдану әдісі де бүгінгі оқытудың ең басты әдістерінің бірі болып табылады. «Жат тілді оқыту әдісі ана тіліндегідей болмау керек» дегенжобасы да Қ.Кемеңгерұлының екі түрлі аудитория (қазақ тілін қазақ мектептерде оқыту және қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту) әдістемесін жетік білетіндігінің айғағы.

Қ.Кемеңгерұлының «Жат тілді оқыту әдісі» мақаласында талдаған шетел әдіскерлері: Фриденберг, Ганчина, Кестернелердің тиімді әдістерін өзі де тіл оқытуда қолданып отырғандығы байқалады. Мәселен, Фриденбергтің «Еңбек мектебіндегі әдісіндегі» жат тілді үйреткенде көз, құлақ, қозғалыс әдістерін қолдану керек деген пікірін қуаттаған. Сондай-ақ, Мамунаның «Алғашқы жылдарда оқыту әдісі және программ» еңбегіндегі: «Көз, құлақ сезімдерін, қозғалыс орындарын күшейту үшін әр түрлі нәрселер, суреттер, ойындар, өлеңдермен пайдалану керек. Әуелі класқа, одан кейін үйге, қораға, бақшаға, көшеге, қалаға, ауылға, мемлекетке, жер жүзіне тиісті нәрселер болуы керек. Суреттер сол жат елдің тұрмыстарын айқын көрсетерліктей болу керек. Өлеңдер ырғақты болғандықтан, әр сөзді дұрыс айтуға жаттықтырады. Өлеңнің арқасында оқушының құлағы жат елдердің тіліне, дыбысына жаттығады. Әртүрлі ойынды ойнағанда, ойнаушылар жаңадан сөз қосады», – деген пікірлерін басшылыққа алып отырған [7, 177]. Бұны психолингвистикада «оқушының сезім мүшелеріне әсер ете отырып оқыту әдісіне» жатқызады. Қазіргі оқытуда бұл әдіс біршама жақсы нәтижелер беретін әдістердің қатарына жатады. Әсіресе, тілді жедел түрде үйренгісі келетіндер үшін пайдалы. Бұл әдіс арқылы тілді үйрету барысында сөздерді, сөйлем үлгілерін, грамматикалық материалдарды оқушылардың естеріне тез сақтатуға болады. Демек, Қ.Кемеңгерұлы тілді оқытуда шетел әдіскерлерінің көзқарастарына сүйеніп, дәстүрлі емес әдістерді де сабақ барысында қолданып отырған.

Қ.Кемеңгерұлы қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту әдістемесінде жоғарыда айтылған белсенді оқыту әдісін тура осылайша атамаса да, оқушылардың өз бетінше жұмыс істеулерінеерекше көңіл бөлген. Мысалы, ол оқушыларға мақаланы (мәтін) үйлерінен дайындап әкелуге, тілмаштарға (сөздік) қарап өз беттерімен түсінуге мүмкіндік туғызатын тапсырмалар береді. Әрі қарай мақалалық тілмашта кездескен сөздерден әліппелі тілмаш жасатып отырады. Содан соң оқыған мақалаға желі жасату, меңзес (синонимдер) сөздерді, түрлі мағынада келетін сөздерді (омонимдер) жинатқызу, сөйлем құрастыру [9, 138] сияқты оқушылардың белсенділігін арттыратын, өз беттерінше белгілі бір білім жүйесімен танысатын шығармашылық тапсырмаларды орындатқызып отырған.

Қ.Кемеңгерұлы оқыту әдісінің тиімділігі мынада:

өзге ұлт өкілінің меңгерілетін материалға деген қызығушылығы артады;

тіл үйренушінің материалды меңгеру деңгейі жоғарылайды;

тіл үйренушінің ауызша сөйлеу қабілеті дами бастайды;

тіл үйренушінің жұмыс жасау іскерлігі дамиды;

тіл үйренушінің қатысымдық іскерлігі мен дағдысы шыңдала түседі;

өз ойын еркін жеткізуге ұмтылады;

өзіне-өзі бақылау жасайды.

Қ.Кемеңгерұлының өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесі бойынша айтқан ой-тұжырымдары мен пікір-көзқарасы, оның оқыту әдістемесінде қолданған әдіс-тәсілдері өзінің маңыздылығын жойған жоқ, керісінше, әдіскердің өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде қолданған әдіс-тәсілдері бүгінгі әдістемеде жалғасымын тапты.

Әдебиеттер

Кемеңгерұлы Қ.Үштомдықшығармаларжинағы.Оқулық,сөздік.– Алматы: Алаш, 2006. 3 т. – 240 б.

Қасым Б. Қ. Кемеңгерұлы рухы биік алаштың азаматы // Қ.Кемеңгеров тағылымы: халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2006. – 364 б.

Чошанов М.А. Гибкая технология. Проблемно-модульного обучения. – М: Народное образования, 1996. – 160 с.

Педагогические технологии в высшей школы // Тезисы докладов межвузовской конференции. – Рязань: РГПУ, 1995. – 160 с.

Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. – М.: Педагогика, 1989. – 192 с.

Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2005. 1 т. – 320 б.

Қошке (Қошмұхаммед) Кемеңгерұлы. Шығармалар. – Алматы: Тұлға, 1995.– 184 б.

Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 208 б.

Кемеңгерұлы Қ.Үштомдықшығармаларжинағы.Оқуқұралы.

– Алматы: Алаш, 2005. 2 т. – 336 б.