Ауропа сөздері

Ауропа сөздеріне келгенде де жоғарыда көрсетілген өзгеру заңдарынан пайдалану керек. Жалпы құрылысына қарағанда араб-парсы сөздеріне пішкен заңдарымыз ауропа сөздеріне де жарайды десек, үлкен жаңылыс болмайды.
Ауропа сөздеріне келгенде де жоғарыда көрсетілген өзгеру заңдарынан пайдалану керек. Жалпы құрылысына қарағанда араб-парсы сөздеріне пішкен заңдарымыз ауропа сөздеріне де жарайды десек, үлкен жаңылыс болмайды. Ауропа сөздерін алғанда, қазақ тілінің ыңғайына қарай заң қою керек қой! Жат сөздің қайдан, қайсы елден, қайсы тілден келген болса да, меселенің алай-былай шешілуіне тәсірі жоқ. Меселенің тамыры қазақ тілінде. Меселенің ең қиын жері де қазақ тілінің қисынын табу. Жат сөздердің тексерілуі қазақ тілінің қисынын табуға жәрдем береді. Жат сөздер бұл іске үлкен пайда беретін материал. Бұл себептен біз мұнда жат сөздер меселесіне үлкен мән беріп көп қарастырдық. Темемізге келіп, ауропа сөздеріне де араб-парсыға қойылған принсіптерді қоймақ боламыз. Ауропа сөздері де араб-парсы сөздеріндей өзгеруге тиіс. Бұл да жалғыз қазақшаға қарай қойылған принсіп емес, барлық тілдерде бар жалпы заң. Пырансоздың «la station» деген сөзін түрік «стасион» деп, орыс станция деп, қазақ ыстанса деп алып отыр.
Осылай болған соң ауропа сөздері де белгілі бір жобамен өзгертіліп алынуы тиіс. Ауропа сөздерінің өзгеруі турасында сөз айтудан бұрын ауропа сөздерінің керек-керек еместігі турасында екі ауыз сөз айтып өту пайдалы болар. Ауропа сөздерінің керек болуы шамалы деген бір сыпыра жұрт бар. Бұлар өздері аз болса да ойлары залалды болған соң олардың жолын тексеру керек. Олардың сөзінің қорытындысы (1924 жылдың жазында Орынборда болған білім иелерінің жалпы жиылысында Міржақыптың айтқан тезістеріне қарағанда мынау болады: «Біз сөз іздегенде ең алдын қазақшаның өзінен іздейміз. Қазақшада керек мәнге сөз табылмаса бізге жақын тілдес түрік елдерінен іздейміз. Оларда табылмаса, ауропа сөзін аламыз»). Бұл тезіске қарсы біз мынау тезісті қоямыз: «Біз термин іздегенде ең әуелі қазақшадан іздейміз. Қазақшада бізге керекті термин табылмаса, бізге жақын тілдес түрік елдерінен (араб-парсы емес), түрікше сөз іздейміз. Онан соң барып ауропасын аламыз».
Оқушы: «Мыналарың не? Тезістеріңде не айырма бар?» деп таң қалар. Түйінді шешу үшін ашып айтайық: әзіргі заманда бізге керек болатын сөздерді тілдес түрік тілдерінен тауып болмайды. Мысал үшін бір-екі сөзді жазып көрсетеміз. Міржақыптар қалайша шешер екен?
Татарша | Түрікше | Орысша |
Айыроплан (ау) | طياره (арабша) | Аэроплан |
Промишлинност (аур) | صناعت (арабша) | Промышленность |
Бомба (аур) | Бомба (аур) | Бомба |
Командуйуши (аур) | Қомандат (аур) | Командующий |
Диктатура (аур) | حاكميت(ар) Диктатор (ау) | Диктатура |
Тиатр (аур) | Тиатр (аур) | Театр |
Драма (аур) | Драм (аур) | Драма |
Мода (аур) | Мода (аур) | Мода |
Афтомобил (аур) | Аутомобил (аур) | Автомобиль |
Пидагогике (аур) | Педақозы (аур) | Педагогика |
Тихнике (аур) | Техниқ (аур) | Техника |
Тимір иол | شمندوفر (аур) | Железная дорога |
Істанса (аур) | Стансион | Станция |
Міржақыптар айтар: «Ау, сен мұнда ауропа медениетіне тиісті нәрселердің аттарын келтіргенсің; мұндай нәрселердің аттары, әрине, ауропаша болады. Мысал келтірсең, жалпы сөздерден мысал көрсет», - деп. Бұл сөздің алдын алу үшін мынау мысалдарды көрсетеміз:
Қазақша | Татарша | Түрікше | Орысша |
Сағым (қазақ) | Сераб (араб) | (араб) سراب | Мираж |
Өлең | Шиғр | شعر | Стих |
ән | ? | (парсы) اهنك | Напев |
Тілші | Мұхпир (араб) | (араб) مخبر | Корреспондент |
Үстірт | Плато (ауропа) | Плато (ауропа) | Плато |
Қорытынды | Хұлласе | خلاصه (араб) | Резюме |
Балапан | Құш баласы | (парыс) مرغ ﺒﭽه | Птенец |
Желкен | Парұс | يلكن (түрік) | Парус |
Сана, ой | ФКР, ой | (араб) فكر نوى | Мысль |
Сезім | Хис | (араб) حس | Чувство |
Қара сөз | Неср | (араб) نثر | Проза |
Көсем | Башлық (татар) Иол басшы | (араб) رئيس | Вождь |
Шешен | Сөзге ұста | ناطق خطيب (араб) | Оратор |
Келеке | Күлу | (араб) مزاح | Издевательство |
Ұран | Шиғар | (араб) شعار | Боевой клич |
Ойға келген мысалдарды жаздық. Осылардың өзінен оқушы Міржақыптың тезісіне үкімін берсін. Былтырғы білім иелері жиылысында да, әзірде де айтамыз: қазақ тілі жетпеген сөзін Ыстанбол мен Қазаннан іздемей-ақ ауропадан алады. Үйткені қазақ тілі кедей болса, көбінше әзіргі мәдениет, текнике терминдеріне кедей. Осылай болған соң тілдес елдердің өздері жетпеген терминдерін ауропадан алып отырған шақта «далделсіз» тура ауропадан алсақ не болады?!
Тілдес елдерге барғанда да дәнеме табалмауын біліп, бізде Міржақыптардың тезісін біраз өзгертіп, тілдес елден түрікше сөз табылғанда, алсақ алайық деген сөзді қыстырып қойдық. Бірақ біздің білім ордасының тұтқан саясаты тура емес. Тілдес елдерге барамыз – деп, Орынбордың көшесінде татардан есіткен араб-парыс сөздерін қазақшаға кіргізіп барады. Қай шақта ауропадан қашып «қазақша! Сөз тапқан болады (бибауырмалдық... дегендей ентернатсионалды!).
Осыларды көріп отырып орыстың баяғыдағы ыслауианшылдарының жолына түсіп кетпелік деп қорқамыз. Оларда «тиатр»-ды позоришші, калошты «макростоп» деп айттырғысы келмеді ме?
Біздің де «бибауырмалдық» сықылды сөздеріміз іске аспай, қайта сол сөзді ойлау үшін жұмсалған уақыт, шығару үшін жұмсалған қағаз ортада бекер кетеді. «Бибауырмалдық» сықылды сөздер ауропадан қашу саясатын келеке қылудан басқа іске жарамайды. Педагогике, аутаномыйа, математике, пормұл, текнике, бомба, террор, секретер, декебір, пебірел сықылды барлық медениет дүниесінде жұмсалып жүрген сөздердің орнына علم – ғылым, تعليم– тғлим,وتربيه – отр бие, اداره– адаре, مختاريه – мхтарие, هيئت علم– ғылым хит, علم رياضيات– ғылым риасиат, دستور– дәстүр... сөздерін қазақшаға алам деу тіпті жаңылыс.
Жаңылыс болуына екі себеп бар: біздің медениет кеңес медениетімен бірге кетпек. Біздің алдымыздағы 50-60 жыл ішінде қазақ баласы орыс мектебін көрмей, жоғарғы білімді ала алмайды. Қазақ ауропаның өнер, білімін Мәскеу, Берлінсіз үйрене алмайды. Сондықтан «математикенің» риасиат رياضيات деп үйренуінен математике деп ұғуы еңбегіне жеңілдік береді. Көбінше араб-парсы сөздері жаңа тума сөзін қазақшаның ыңғайына келетүн пормада бермейді. Меселен, историе – тариқ, историе оқытушыны مورخ (موارريخ) дейді. Тарих деген сөзді историе деп алсақ, историе оқытушыны историк деу жеп-жеңіл. رياضيات – математике, رياضيات شناس– математик;هيئت علم – астрономыйа, هيئت شناس– астроном,علم لسان – пилологие, لسان شناس– пилоло ғлм,حيوانات – зоологие, حيوانات شناس– зоолог, بين الملل– ентернатсионал,بين الملل خى – ентернатсионалис, علم نباتات– ботанике, نباتات شناس – ботаник,مضحكه – комедие, مضحك مضحكه خى– комик, فلسفه حكمت– пилосопиа, حكيم فلسوف (فلاسفه) – филосов, пилосоп (пилосоптар). Арабта тума сөз жасау заңы қазақшаға еш жақын келмейді. Сондықтан бізде араб сөзінің көбеюінен қазақ тілі байымайды. Жаңа келген араб сөзінен жаңа сөз жасау қазақ тіліне өте қиын. Ауропа сөзін тілегенімізше бұзып, жаңа сөз жасау жеп-жеңіл. Оның үстіне тілдес елдерге барғанда араб-парсы сөзінен басқа сөз табалмауымызға көзіміз жеткеннен осы жолды, осы принсіпті ұсұнұп отырмыз. Сөздің қысқасы: білім ордасы ауропа терміндеріне араб-парсыға қарағанда кеңірек жол ашсын. Ауропаның терміндеріне жол ашылсын дегенде барлық ауропа елдеріне ортақ терміндерді ойлап айтамыз. Әйтпесе Абайдың өлеңдерінде ұшырайтын каталашка, здрау, мслешші сықылдыларына қазақшаның өзінде де әдемі сөз табылар. Біздің ойлағанымыз: ентернасионал терміндер, ауропаның ортақ сөздері.
Бөтен елдердің историесінде мұндай тәжірибелер қылынған болса да, біз мәдениетті жас қазақ сол тәжірибеден үлгі алмай жүрміз. Бұл мәселеде ой, сана бір жерге келіп біріккен жоқ. Жат сөздің өзгеру заңын ойлау – қарастыру былай тұрсын, сол өзгерудің өзін керектігін осы күнге шейін білмеген «білім иелері» бар, былтырғы білім иелері жиылысының төрағаларынан Ешен Әлі (Ешан Ғалі деп жазбай неге атымды бұзұп жазыпсың деп тағы бір лапылдар жөні бар ғой!) қырғызша әліббесіне берген менің сыныма: сен неге қырғыздың (?) «декебір» дейтін сөзін декебір, «сентәбірін» сентебір, деп жаңылыстырасың? деп дау салған еді. Ал білім иелерінде төраға сайланған кісілерден мұндай жауап алған соң не дерің бар? Қайда барады дейсің! Бәрібір Ешен-Әлі ағай өзі «жастардың» (жастардың дегенде тағы бір от болады ғой! 20 тиын беріп миық сақалын қидырып алып, жас атануға болса, мен де жас болмаймын ба? деп бір мұқатқан еді мені) жолын түбінде қабұл алмай шарасы жоқ қой. Бір-ақ мұндай әңгімелер тіл мәселесінің ең айқын жерлерінде бірлік жоғын бізге білдіреді; Палестінде жүрген заманына жараспаса, 20-жүздің «білім иесіне» жараспайды ғой!
Ал енді ауропа сөздерін де өзгерту керек дедік. Өзгерткенде араб-парсы сөздерін өзгерту жолы бұған да жол болады.
Әрине, ع غ ق ض ذ ظ ط ث ص حсықылды арабшадан басқа тілде жоқ таңбалардың өзгерту заңы ауропа сөздеріне жарамайды, араб сөзіне ғана жарайды.
Бірақ ف ھ گ خ چ сықылдылары ортақ барлық ауропа тілдеріне ұшырайды. Жоғарыда көрсетілген ереже бұларға да жарай береді. Айырмасы аз. Сонда да өзгеруін анықтап, белгілеп өту пайдасыз болмас.
Рһ – ф – п (б жарамайды, өйткені биологике деген де сөз бар!) Физика-физике-пизике; физик-физик-пизик; фильма-фильме-пильме; флот-флот-пылот; фамилия-фамилие-памилие.
Сөз басында не согласная алдында келген г-к болады. Сөз басында қай уақытта ж болады. Газета-газете-гезіт, генерал-женерал-жандарал (түре); Германия-Германие-Кермен елі, (Жермен елі деп айтуда дұрыс болар еді).
СҺ-х-қ, к.
Михаил-Мекейіл (ميكائل); Макар-мақар; химия-кимие; химик-кимик; техника-текнике; карандаш-қарандаш.
һ-х-мүлде жоғалып кетеді де орнына алдындағы дыбыс жазылады.هوس) – әуес болғандай) hegemonie – хегомоны-егемоние (орысша гегемония); Herbert-ерберт (орысша герберт дейді ғой).
Орысшадағы дыбыстардан:
Е қазақшада сөз басында е,ж болып кетеді. Егорды елдегі қазақ Жегор дейді, Елена-Елен.
В әзіргі заманда п болып жүр. Көбінше памилиеде жазылады. П-ның тегі ф деп едік. Мұның орнына мүмкін болған жерде шолақ у алынғаны жақсы. Сөз ішінде, екі арасында б болады. Қазақтың да құнанып, құланып – жазуды тезірек тастауына көмек болар еді (құланау- құлан-ау! деп жазуға көнбес еді) базар байу деп жазуға да орын қалмайды. Орыстың памилиесі келгенде Ыстепан Зайсеу (Степан Зайцев) дегенде ешбір залал жоқ.
Автомобиль – аутамабіл, автономия-аутономыйа, автор-аутыр; Аврора – аурор; Иван-Ыйбан.
Ц-с (сөз ішінде, памилиеде тс болып та жазылады).
Станция-ыстанса, Крецер-Крейсер, офицер-апійсер, рецепт-ресеп, Потоцкий-Пототскій; Царицын-Сарытсын, Цезарь-Сезер; центр-сентір, глицерин-кілисерин.
Я сөз басында келгенде жа болады: январь – жануар, Япония – Жапон елі.
Мұнда баян етілмеген бір түрлі орыс не ауропа сөздері келгенде, сөздің қысқасы екі принсіпті ойлап өзгерту керек: бірі қазақ тілінің жалпы қисынына келтіру, жалғыз-ақ таңба ауыстырумен қанағаттанбай, сол сөздің түбін, затын тексеріп барып өзгерту аномалиялар жасаудан мүмкін дәрежеде қашу; екінші: сөздің жеңілірек, әдемірек айтылуын да ойлау. Бұл жерде қайта айтып өту керек: жіңішке сөздердің аяғында әліп болмайды. Памилие де, адам атында, жер, өлке, ел аты да жат сөзде осы заңға қарайды. Бұл сөзді анықтап түсіндіру үшін азғантай мысал көрсетем:
комитет – камитет
комиссариат – камисерит
комиссар – камисер
коммунист. партия – камүніс партиясы
коммунист – камүніс
Финляндия – Пинленд
Шотландия – Шотланд
Ленинград – Ленінгред
Океан بحر محيط – ауқианос – окиен
Швейцария – Suisse – Сүйіс
Америка – Әмерике
Европа – Europe – Ауропа
Азия – Asie – Асиа – Азиа
Нью Йорк – Нұйо иорк
Тегеран – طهران – Тайран
Ангора – انقره – Анғара
Египет – مصر – Мысыр
Алжир –الجزائر – Жазаир
Тунис –تونس – Түніс
Марокка – المراكشى– Марекеш
Сахара – صحراى كبير – Ұлы сақара
Гибралтар – جبل الطارق – жебел – тарық
Вавилония – Бабыл
Сирия – Сорие – Сорие
Палестина – فلسطين – Палестин
Румыния – Roumanie – Романие
Румели – Рүм елі
Феодосия – Кепе
Антиохия – Антекие
Мерв – Мароу
Эрзерум – Арзирум
Алеппо – Әлеп
Перекопский перешеек – ор жолы
Аббас – Абад – عباس اباد
Азербайжан –اذربيجان – Азарбайжан
Грузия – Күржі елі
Елизаветград – Елизабитгред
Армения – Ермен елі
Персия – Иран – فارس ايران парсы, иран
Туркменская республика – Түрікпен республикесі
Соңғы заманда тілде жаман жасама ауру шығып отыр. Бұл тәржіме қылғанда жат тілдің заңына қарай жүру әдеті «Аймақ кәмитеті», «Гүбірне кәмитеті» деу орнына аймақтық кәмитеті, күбірнелік кәмитеті деп бірсыпыра жолдастар жазып жүр. Голова лошади дегенде де ат басы, аттың басы дейміз. Конская голова дегенде де ат басы, аттың басы дейміз. Аттық бас деу жаңылыс болар еді. Бұл жаңа мінезді де тастау керек. Төңкеріс үшін де өткір, түсінікті әдемі тіл керек. Бұл кітепше қазақтың жалпақ тіліне пайда берер деген үмітпен жазылды. Осы үміттің мыңнан бірі іске асса да жазғанның көңілі тынады.
«Сен де бір кірпіш дүниеге – кетігін тап та бар қалан»...