Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам

Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам

Қазір елімізде тарихи маңызы бар мәселе - латын графикасына көшудің мақсатын түсіндіріп, ұсынылған нұсқаларды талқылау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Тілдерді оқыту орталығы Елбасының бағдарламалық мақаласында айрықша айтылған әліпби ауыстыру тақырыбына орай аймақта семинарлар мен дөңгелек үстелдер, түрлі форматта басқосулар өткізіп келеді.

Жуырда ғана Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында оқытушылардың қатысуымен «Тіл мәртебесі – ел мерейі» атты дөңгелек үстел өткізсе, Алға ауданының В.И.Пацаев атындағы №2 орта мектеп базасында «Үкілі үмітіміз – сәтті шешім» тақырыбында өткен ақпараттық-түсіндіру сағатына мұрындық болды. Шараға тіл мамандарымен қатар мұғалімдер, жоғарғы сынып оқушылары қатысып, әліпби жобаларының ұтымды және осал тұстарын талқылады.

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Тілдерді оқыту орталығының директоры К.Серғазина мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің қазақ тілі және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Т.Тоқсанбаева мектеп ұжымына алфавит ауыстырудың артықшылықтарын түсіндірумен қатар, көп көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Жастар латын таңбасын қысқа мерзімде үйрену қиынға түспейтіндігін тілге тиек ете отырып, әліпби нұсқасының мінсіз болу керектігін қаперге салды.