Өркениеттен орын алу тұтқасы

Өркениеттен  орын алу тұтқасы

Әліпбиді өзгерту мәселесінің атқаратын рөлі жоғары. Оның ауқымды аясын бір қаріпті екінші қаріпке ауыстыра қоюмен шектей салуға болмайды. Әліпбидің ауысуы ең біріншіден халықтың сана-сезіміне айта қаларлықтай өзгерістер әкеледі. Әрі ой-өрісі мен дүниетанымының тереңдей түсуіне алғышарттар қалайды.

Сондықтан мұндай жауапты іске жеті рет өлшеп, бір рет кесу тұрғысынан келе білсек, алға қойған мақсатымыз соғұрлым нәтижелі болмақ.

Елімізде әліпбиді өзгерту жөніндегі шешім тектен-тек алынбағаны анық. Мұның үлкен қоғамдық мәні мен мемлекеттік маңызы бар. Айталық кеңестік кезеңде қазақ әліпбиі кирилл қарпіне көшірілді. КСРО саясатшылары бұл арада бір ғана мақсатты алға ұстағаны белгілі. Бұл бір ғана орыс тілінде сөйлейтін кеңес халқын қалыптастыру еді десек – ақиқаттан ауытқи қоймаспыз. Осындай зымиян саясат тоталитарлық дәуірде белгілі бір нәтижесін берді де.

Ал бүгінгі заман басқа, қоғам өзге. Егемен ел атанғанымызға ширек ғасырдан асып барады. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру ісі де қазақстандық қоғамның бүгінгі өскелең талаптарынан бастау алады. Бұл бір сәтте «жер астынан шыға қалған жік емес». Аталған мәселе біраз жылдардан бері айтылып келеді. Сондықтан бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, реті де жоқ. Біздің ойымызша, латыншаға ауысуымыздың арқалайтын жүгі салмақты. Қисыны терең. Өйткені қазіргі технологиялық ортаны латын тілінсіз көзге елестету еш мүмкін емес. Коммуникацияның жай-күйін де мұнсыз жүйеге келтіре алмайсыз. Оның үстіне қазіргі кезде ғылым мен білім беру үдерістерінде латын тілінің алатын үлесі артық, ауқымы кеңейіп келеді.

Егер осы айтылған ой-түйіндерімізді нақты деректермен шегелер болсақ, бүгінде кирилл қарпін әлемде 250 миллион халық қолданса, латын қарпін жер бетінде 5 миллиардқа жуық адам пайдаланатынын көреміз. Біздің елімізде әліпбиді латынға көшіру ісі екі кезең арқылы жүргізілетіні белгіленген. Яғни алғашқы кезеңде жаңа графиканың бірыңғай стандартты жобасын қабылдау қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, мұның өзі бір үлгіге тоқтам жасау деген ұғым болып шығады.

Бүгінгі күні ұсынылған нұсқаларға қатысты отандастарымыз өз ой-пікірлерін білдіруде. Бұл заңды да қажетті құбылыс. Сірә дана халқымыз «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп осындайда айтса керек. Ал екінші кезең жаңа әліпби қабылданғаннан кейінгі уақытқа есептелген. Бұған арналған бөлек іс-шаралар шоғыры бар. Кезегі келгенде бұл мәселелер жөнінде де нақты міндеттер қойылып, оны жүзеге асырудың тиімді тетіктері таразыланбақ. Дегенмен қамданған қапы қалмайды дегендей, осы кезеңге орай атқарылатын істерді де ой сүзгісінен бір өткізіп алуды қажет деп санаймыз.

Бүгінгі күні әліпбидің реформалануына қатысты көпшіліктің көкейінде әр түрлі пікірлер орын алып жүргені де жасырын емес. Соның бірі кирилл қарпінде жазылған мәдени мұраларымыздың мәтінін жоғалтып алмаймыз ба деген түйінді мәселеден туындайды. Біздің ойымызша, бұлайша алаңдаушылық білдіруге ешқандай негіз жоқ. Өйткені бүгінгі уақыт – технологиялардың жан-жақты, кеңінен дамыған уақыты. Мұндай жағдайда кез келген мәтінді бір әліпбиден екіншісіне автоматты түрде аудара салудың ешқандай қиындығы жоқ. Әрі бұған мүмкіндіктер де жеткілікті.

Қазіргі кезде жаңа әліпбиге көшу мәселесіне орай алғашқы әзірлік жұмыстарын жан-жақты өрістету қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты өңірде арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері тиісті талдаулар мен зерттеулер жүргізу ісін қолға алды. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Айталық бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі латын әліпбиіне көшу болса, бұл орайда С.Бәйішев атындағы кітапханада жобалық кеңсе құрылған. Мұндағы басты мақсат латын әліпбиіне көшуді жан-жақты насихаттау болып отыр. Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығымен тиісті байланыстар орнатылды. Сонымен бірге халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, латын әліпбиі жүйесіне көшудің негізгі идеологиясының дұрыс қабылдануына ықпал ету тетіктерін ойластырдық. Қазіргі күні әдістемелік-семинар кеңестер, әлеуметтік акциялар, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізу үстіндеміз. Әлеуметтік желілерде арнайы аккаунт және сұрақ-жауап айдарлары ұйымдастырылды. Ахуалға қатысты мониторингтік талдаулар мен сараптамалар жасалды. Қазір облыстың 12 ауданында тиісті түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының 67,2 пайызы латын графикасына көшуге қолдау көрсетті.