Ұлттық музейде «Ұлттық диктант» іс-шарасы өтті
6 қарашада Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлттық диктант» іс-шарасы өтті. Іс-шараға Ұлттық музей қызметкерлері белсенді қатысып, қазақ тілінде диктант жазу арқылы өздерінің тілдік сауаттылығы мен жазу мәдениетін сынақтан өткізді.
Шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директоры Абылай Сайлаухан, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Жобаларды басқару орталығының басшысы Сандуғаш Кенжебаева мен ӘдістемеLab бөлімінің жетекшісі Жазира Искакова қатысып, қатысушыларды диктанттың басталуымен құттықтады.
«Ұлттық диктант» іс-шарасы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бірлесуімен ұйымдастырылды. Диктант барысында қатысушылар қазақ тілінің қоғам өміріндегі, әсіресе өндіріс пен еңбек ұжымдарындағы маңызына ерекше тоқталды.
Айта кетейік, «Ұлттық диктант» іс-шарасы биыл 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында бастау алған болатын.
Басты мақсат — жазу мәдениетін жетілдіру, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту.
Диктант офлайн және онлайн форматта өтуде. Онлайн нұсқасын кез келген азамат www.til.kz сайтындағы арнайы парақша арқылы қалаған уақытта орындай алады. Қатысушыларға электронды алғыс хатпен қатар KITAP платформасына тегін жазылым ұсынылады. «Ұлттық диктант» жобасының нәтижелері жыл соңына дейін жарияланады.