Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында «Ұлттық диктант» іс-шарасы өтті
Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында «Ұлттық диктант» іс-шарасы ұйымдастырылды. Әуежайдың әкімшілік және қызмет көрсету бөлімдерінің мамандары диктант жазып, өз білім деңгейін сынап көрді.
«Ұлттық диктант» іс-шарасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесе ұйымдастыруда.
Жоба биыл 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында бастау алған. Оның басты мақсаты — жазу мәдениетін жетілдіру, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту.
Диктант офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Онлайн нұсқасы www.til.kz сайтындағы арнайы парақшада қолжетімді.
Қатысушыларға электронды алғысхатпен қатар KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.