
Бас директор
Әлібек Асылбайұлы Асқаров
1951 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында туған. Алматы Көркем сурет училищесінің кітап безендіру бөлімшесін, ҚазҰУдың журналистика факультетін бітірген.
Ол еңбек жолын 1968 жылы өзі туып-өскен Ақмарал ауылында киномеханик болып бастаған. 1975 жылдан «Білім және еңбек» журналы редакциясында көркемдеуші редактор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы-бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1986 жылы мемлекеттік «Өнер» баспасына бас редактор болып тағайындалды. 1982 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратында жауапты қызметтерде, 1993 жылдан – Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, 1998 жылдан – Қазақстан Республикасы Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі департамент директоры, 2006 жылдан – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде Мәдениет секторының меңгерушісі, бас инспектор, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2012-2019 жылдары – Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың бас директоры, Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры қызметін атқаруда.
Әлібек Асылбайұлы «Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл елге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1997), «Родники рождаются в горах» (2000), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2004), «Социализм әңгімелері», «Скрип соленого сердца» (2005), «Стон дикой долины» (2008), «И смех, и слезы, и любовь» (2009), «Алтай – алтын бесік, атажұрт» (2010), «Әйел парасаты» (2011), «Бұғы қуып, аю алған» (2020) т.б. елуден астам прозалық әдеби кітаптардың авторы.
Ә. Асқар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері.