Тілдер мерекесі өтті

Тілдер мерекесі өтті

Қазақстан халқы тілдерінің XIX республикалық фестиваліне орай Павлодарда тілдер айлығы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында тіл жанашырлары мен этномәдени орталық өкілдері, атап айтқанда, неміс, татар-башқұрт, шешен-ингуш, поляк және басқа да этномәдени бірлестіктердің және жастардың қатысуымен ауқымды шара ұйымдастырылды.

«Тіл – достық құралы» атты фестиваль тіл саясаты туралы түсірілген фильммен басталып, тіл саясатын насихаттау мен дамытуға үлес қосып жүрген тұлғаларды марапаттаумен жалғасты. Мерекелік басқосу барысында Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова аталған мерекеде құттықтау сөз сөйлеп, тіл – халықтың тарихы, мәдениеті мен өркениетке қол жеткізудің кілті, халықтар арасындағы достық, бірлік және келісім тірегі екенін атап өтті.

Осылайша әр ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау, жастардың тілге деген қызығушылығын арттыру және біздің елімізде тұратын әр ұлттың ерекшелігі мен құндылығын көрсету мақсатында ұйымдасытырлыған шара өз межесіне жетті.

Жалпы аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ге жуық іс-шара, сондай-ақ тілдерді меңгеруге арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар өткізілді.