Емле ережелерін де ескерейік

Емле ережелерін де ескерейік

– Әлем елдерінде латын әліпбиі негізінде жазудың бірнеше нұсқалары бар екені белгілі. Оның ішінде ағылшын, француз және неміс халықтары қолданып жүргендері де бар. Яғни бірнеше әріп бір дыбысты белгілейді және кей жерлерде оқылуы да түрлі болады. Бұл ретте біз үшін бір әріпке бір дыбыс ұстанымы дұрыс. Стандартты 26 әріппен шектелуге болмайды. Әліппені ұсынатындар да, қабылдайтындар да осыны ескеретін шығар деп ойлаймын. Өйткені оқып, жазуға байланысты кейін туындайтын мәселелерді де алдын ала болжау керек. Сондай-ақ арнайы бағдарламалар арқылы дайын мәтінді бір мезетте латын қарпіне аударуға болатынын да ескеру міндетті. Ол үшін, әрине, бір әріпке бір таңба болуы тиіс. Ал басқаша нұсқаларда оқу-оқыту мәселелерінен бөлек тек мәтін көшірудің өзі орасан зор уақыт пен қаржы шығынын талап етеді.

Маман ретінде ұсынылып отырған латын әліпбиі нұсқасының кемшіліктері бар екенін айта кеткім келеді. Мұндағы ең бастысы – көптаңбалылық. Жалпы формасы бойынша латын әріптері кириллицаға қарағанда жұқа келеді. Оны мәтін транслитін жасаған кезде де байқауға болады. Көп орын ықшамдалады.

Жаңа әліпбиді қабылдау кезінде орфог­рафия, емле ережелерін де ескеру қажет. Әріптерді жазғандағы көрінісіне де назар аудару маңызды. Мәселен, ұсынылған нұсқа бойынша «жағыңның» деген сөз «zhaghyngnyng» деп жазылады, мұнда әріптердің жиі қайталануы сөздің ұсқынын бұзып тұр. Әліпбидегі қосымша таңбалардан қашудың реті жоқ. Еуропаның көп халқы асты-үстінде белгілері бар түрлі таңбаларды қолданады. Бұл қиындық туғызбайды деп санаймын. Жалпы жаңа әліпбиді қабылдау алдында ұлт және тіл мүдделерін естен шығармауға тиіспіз. Қабылданған нұсқа латыншаға көшеміз деп қуанған халықтың көңілінен шығуына мән беру керек. Сонда қазақ тілінің мәртебесі де көтерілетін болады.