Ұлттық бірегейлікті бекіту

Ұлттық бірегейлікті бекіту

​Қазақ жазуының тарихында сындарлы белес тұр. Жаңа, өз таңдауымызбен болатын әліпбиге көшу белесі. Қазақ даласында әліпби алмастыру әлеуметтік саяси дәуірлердің ауысуына сай келетін немесе соны бекітетін, саяси-экономикалық мәні бар, ұлт саясатының құрамдас бір бөлігі болып саналды. Бұған қазіргі жазуымызға дейінгі дәуірлік әліпбилерімізге қарап көз жеткізуге болады. Бір қуанарлық жайт – бұл мәселе бүгінде асығыс, бұрынғыдай бір құрылтай мүшелерінің қатысуымен ғана шешіле салмай, көпшілік назарына ұсынылып, халықтық мәселеге айналып отыр. Міне, сондықтан жаңа жазу – латын графикасына көшуде әліпби ауыстыру мәселесінің экстралингвистикалық та, лингвистикалық та шарттарын өзара үйлестіре отырып қарастыру қажет.

Қатардағы көпшіліктің ішінде латынға не себептен ауысамыз, бұл таңдаудың маңызы не деген қарапайым сұрақ тұр. Ол сұраққа «қазақ тілінің өміршеңдігі күшейеді», «қазақ ұлтының санасы өзгереді», «ағылшын тілін тез үйренеміз», «қазақ тілін қолданушылар саны артады» деп жауап берсек, дәл қазір бұған ешкім сене қоймайды. Күмәнмен қарайды. Себебі бұлыңғыр, күмәнді, ұзақ жылдарға ұласатын, соңы не болатынына көз жеткізе алмайтын мақсат болып танылады. Тарихқа көз жүгіртсек те, 1939 жылы тамызда орыс-кирилл графикасын қабылдарда «орыс тілін тез үйренеміз», «термин сөздерді тез меңгереміз» деген стратегиялық мақсат қойылғанда көбі сенімсіздікпен қараған еді. Жазудың тілді меңгеруге қандай байланысы бар екендігіне таңғалды. Ал нәтиже қандай болды? Нәтижесінде – 30 жылдан кейін орыс тілін екінші ана тілі санаған ұрпақ, орыс тілін жатырқамайтын ұрпақ, ана тіліне қатысты санасы өзгерген екітілді ұрпақ пайда болды. Кирилл-қазақ әліпбиін қабылдаудағы стратегиялық мақсат орындалды. Санамыз өзгерген, ұлттық кодымыздан айырылайық деп отырған ұрпақ – біз қалып едік. Сондықтан қазіргі маңызды таңдауды үстірт ұғынбау қажет. Нәтижесі келер ұрпақтың тағдырына жазылатын стратегиялық мақсатты Елбасымыз 1990 жылдардағы жалпытүркілік лекпен емес, одан кейінгі экономикамыздың тұрақтанған кезінде емес, дәл осы уақытқа қойып отырғаны көрегендік. 1991 жылғы латынға көшудің себебі басқа еді. Ол себептер әлсіреді. Енді мемлекеттің стратегиялық мақсатынан туындаған себеп қалды. Ендігі себеп – ұлттық бірегейлікті бекіту. Жазу – бұл ойдың соңғы қорытындысы, ойдың жазба тұрпаты, тілдің жүйесі. Жазба тілді білмей, тілді білемін деу құр сөз екені енді білінетін болады. Сондықтан қазақ мектептері мен балабақшаларының мәртебесі асып, сұраныс артатын болашақ жақын деп біліңіз. Халықаралық терминдерді тілдің айтылу нормасына сай жазамын деп сеніңіз. Мәшине, пошта деп жазуға жүрексініп, орыс тіліне қастандық жасағандай болатын ойымыздан айырыламыз. Mäshine, poshta деп, қасқайып жазатын ұрпақ өсіреміз. Ол үшін жаңа жазу – ұлтымыздың өз еркімен таңдаған ұлттық жазуы болуына қызмет етуіміз керек.

Бүгінде әліпби жобасын таңдауда бағдарламашылар мен тілшілер ұсынатын, ұстанатын екі түрлі көзқарас бар екенін жасырмайық. Бағдар­ла­машылар үкіметтің, елдің жанды жерінен ұстап алған: латын графикасына ауысуда шығынға ұшырамау, тілдегі бар дыбыстарды ағылшын-латын стандартындағы 26 әріппен ғана таңбалау, ағылшын тілін тез үйренудің жолы – стандарттан шықпау дейді. Стандарттан шықпау – қазақ жазуының тарихында болып көрмеген, қазақтың графикалық санасы қабылдай алмайтын қосар әріптерді, екіншіден, латын әліпбиіндегі кейбір әріптердің мәнінен ауытқуға әкеледі. Ағылшынтілді бағдарламашылар бағдарлама тілін жазба тіл деп, ағылшын жазуын барлық тілдің жазуына, оның ішінде қазақ тілінің жазуына теліп, шатасып жүр. Қазақ жазуы тегі де, ұстанымы да фонематикалық, кеңестік ғылым тілімен айтқанда, морфологиялық, дыбыстың негізгі реңкі таңбаланатын жазу. Қазақ ана деп жазып, ана деп оқитын жазба дәстүрді 20 ғасырдың басынан қалыптастырды, осы дәстүрмен 100 пайыз сауаттылық деңгейінде отыр. Түркі халықтарының графикалық санасы 1 дыбысқа – 1 әріп ұстанымымен жұмыс істейді. 1 дыбысқа – 1 әріп ұстанымы төте жазудан басталып, 1926 жылғы Баку құрылтайында әліпби таңдаудағы түркілердің ­басты ұстанымына айналған. Өйткені түркі тілдері – флективті емес, түбірге қосымша жалғану арқылы сөз жасалатын, сөз түрленетін, сөз байланысатын жалғамалы тіл, яғни сөз тұрқы онсыз да «ұзын» тіл. Ал роман, герман, славян тілдері сөз мағынасы дауыстының өзгеруіне байланған флективті тіл, яғни сөз тұрқы «қысқа» тіл. Сондықтан бұл тілдер қосар әріпті пайдалана алады. Mother деп жазып, (мәзә) деп оқитын жазу дәстүрін, яғни идеографиялық жазу дәстүрін бірнеше ғасыр бойы қалыптастырған, әліпбидегі әріптің негізгі мәні мен қолданыстағы мәнін екі басқа түрінде қабылдайтын графикалық санасы бар халықтар. Егер біз осы сананы сол әліпбиімен бірге қабылдасақ, 1939 жылғы орыс тілінің 33 әрпін шашауын шығармай қабылдап алған кирилл-қазақ жазуынан қай себептен бас тартқанымыз болады? Тағы да сол иесі бөлек, туыстығы жоқ тілдің дыбыстық құрамын тілімізге сіңдіріп алған, ағылшын тілін ана тілі көретін, ағылшын тілінде акцентсіз сөйлейтін ұрпақ өсіру үшін бе? Қазақ жазуының тарихындағы әліпбилердің нашар болғанын сыртқы факторлардың кесірі дедік: араб әліпбиін ислам дінімен, латын әліпбиін Ленин-Сталиннің пролетар табының жазуын таңдаған ­саясатымен, орыс әліпбиін орыстандыру саясатымен байланыстырдық. Енді ­компьютер, ағылшын-латын стандартының билігінен көреміз бе?
Ұлттық жазу – ұлттың біржола толыққанды қалыптасқан кезінде пайда болады. Ешкімге жалтақтамай, ешкімнің билігіне бас ұрмай, кейін ешкімнің кесірінен көрмей, өз қалауымызбен таңдалған ұлттық әліпбиге көшу үшін қазақ жазуының фонологиялық негізін, фонемографиялық тегін, фонематикалық ұстанымын сақтау қажет. Ол сөз мағынасын ажырататын бір дыбыс бір ғана таңбамен беріледі деген сөз. 1 дыбысқа – 1 әріп принципін барынша сақтауға тырысқан жөн. Әліпби жобаларының негізгі ұсынысында түркі-латын стандарты басшылыққа алынды. Оның бірнеше себебі болды: біріншіден түркі тілдері бір-біріне өте жақын, бір тілдің диалектісі іспетті тілдер. ХХ ғасыр басында Н.Төреқұлов «Түркі жазуларына унификация керек. Өйткені бәрі бірдей сөйлейді, бірақ әртүрлі жазады» деген екен. Қазір әртүрлі сөйлейтін тілдерге айналдық, бірақ ортақ ақпараттармен қиындықсыз қарулану үшін, бір-біріміздің жазба тілімізді кедергісіз түсіну үшін әріптердің бірмәнді болғаны жөн еді. Бірақ қазіргі латын негізді түркі жазулары ортақ әліпбиден ауытқыды, әр жазуда 2-ден 8-ге дейін әріп алшақтығы бар.
Екіншіден, түркі-латын стандартында қосар әріп жоқ. Бұл түркілік қабылдауға сәйкес. Бірақ әріпасты, әріпүсті диакритика бар. Ғалымдар әріп диакритикасына барынша сақтықпен қарауға да тырысты. Профессорлар Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, К.Хұсайын <ә> фонемасын ä/ă таңбаларының, <ө> фонемасын ö/ŏ әріптерінің бірімен, <ұ> дыбысын ŭ, <ү> дыбысын ü әрпімен, <ы> дыбысын ı, <і> дыбысын і әрпімен берген әліпби жобаларын ­жасады. Дауыс­сыздардан <қ> фонемасын Qq, <ң> фонемасын ŋ әрпімен, <ш> өзге түркі әліпбилеріне сай ş әрпімен таңбалау ұсынылды. Бірақ қазіргі жас буын ғаламтор тілінде дауыссыздар zh, gh, sh, ch қосарларымен жазылу орныға бастағанын және әріп диакритикасын барынша азайтуды көздеп, дауыссыздарды қосармен таңбалауға болатынын айтып жүр.
Ал дауыстыларды қосар әріппен жазу ағылшын транскрипциясында болғанмен, жазу дәстүрінде жоқ. Түркі жазуларында автономды республика, автономды облыс болған ноғай, құмық, қарашай жазуында болды. Ноғай мен құмық әліпбилерінде [ä], [ü], [ö] дыбыстары аь, оь, уь әріп тіркестерімен беріледі, балқар, қарашай, құмық тілдерінде: къ, гъ диграфтары бар. Мұндағы ъ, ь таңбаларының әріптік мәні жоқ болғандықтан басқаша оқылу қаупі тумайды. Бүгінгі қазақ бағдарламашыларының ә – ае, ө – ое, ү – ue тіркесімен ұсынуы екі әріптің де әліпбиде жеке-жеке әріптік мәні болғанын ескермеуінен туып отыр. Болашақта бұл таңбаларды өз мәнінде ажыратып оқу қаупі төнетінін аңғармай отыр. Және сөз тұрқы өзгеретіні оларға бәрібір сияқты.
Сондықтан өз таңдауымызбен қабылданатын әліпбиді бірнеше рет реформаға ұшыратпайық десек, тәуелсіз ойлайтын, тәуелсіз жаңа сана қалыптастырайық десек, жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесу қажет.