​«Еншіңді» ал!

​«Еншіңді» ал!

Жуырда «Енші» зияткерлік-танымдық телевизиялық жобасы көрерменге жол тартады. Жобаға 10-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері қатыса алады.

Білім бәйгесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының бастамасымен қолға алынды. Төрт кезеңді қамтитын сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 48 қатысушы іріктеліп алынады. Білгірлер бәсекесінде қойылатын сұрақтардың дені тарих, мәдениет, әдебиет пен салт-дәстүрге негізделген. Сондай-ақ, жеңімпазға интеллект, логика және мықты эрудиция да өз септігін тигізеді.

Жобаға іріктеу 18 қыркүйекте Ақтау қаласынан бастау алса, Өскеменде 19-ы, Ақтөбе мен Алматыда 21-і, Шымкентте 25-сі, Астанада 29-ы өтеді. Екі кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар үш блогқа бөлінген тапсырманы орындайды. Алғашқы блогта берілген 10 сауалдың бір ғана нұсқасы дұрыс болса, екінші блокта сұрақтардың бірнеше жауабы болады. Ал үшінші блокта ұзын-саны жиырма сауалдың ешбір нұсқасы ұсынылмастан, жазбаша түрде алынады. Тестілеуден жоғары ұпай жинағандар екінші кезеңде бақтарын сынайды. Бұл айналымда қатысушыларға ауызша түрлі сауалдар қойылады. Аймақтық кезеңге қатыса алмағандар бағдарлама сайты арқылы (www.yenshi.kz-авт.) өтініш қалдыруларына болады. Тіркеу үшін де үміткерлердің білімі тексеріледі. Яғни, өтініш қалдырмас бұрын қатысушы 50 секунд ішінде 10 сауалға жауап беруі тиіс. Қойылған сұрақтардың 9-ына дұрыс жауап берген қатысушыға іріктеу комиссиясы 29-30 қыркүйек аралығында «Skype» арқылы байланысқа шығып, екінші кезеңнің сұрақтарын жолдайды. Сыннан сүрінбей өткендер ғана жобаның телевизиялық кезеңіне жолдама алады. Ұйымдастырушылар сауалдардың үздіксіз өзгеріп отыратынын айтады.

Аймақтық кезеңге барлығы 1500 үміткер қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ, бағдарламада 1400 сұрақ оқылады деп күтілуде. Бағдарламада көрермендер де белсенділік танытып, сауалдарын жолдауына болады.

- Бағдарламада қазақтың байырғы салт-дәстүрі мен ұлттық құндылығын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жобаның бұрынғы зияткерлік-сайыстардан өзгешелігі осында. Яғни, жеңімпаз тек білімді ғана емес, салт-дәстүрімізбен сусындаған, қазақ тілінің қадір-қасиетін сезіне алатын жас болады,- деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы М.Бақытқызы.

Додада үздіктерден іріктелген 48 ойыншы жобаның алғашқы айналымында 15 сұраққа жауап береді. Екінші «Тоғыз торап» кезеңінде, аты айтып тұрғандай 9 түрлі тақырып төңірегінде білімдерін байқатады. Ал «Жамбы ату» кезеңінде ойыншылар өздері қалаған ұяшыққа жамбыны орналастыру арқылы сұрақты таңдауға құқылы. Соңғы айналымдағы сұрақтар тұтастай қазақтың шоқтығы биік шығармалары мен олардың авторлары, салт-дәстүрлер, фольклордан келеді.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қомақты сыйақы күтеді.