«Отырық», «жатырық» сөздері құлаққа түрпідей тиеді

«Отырық», «жатырық» сөздері құлаққа түрпідей тиеді

«Қазақстан» арнасынан Бейсен Құранбек, Ләйлә Сұлтанқызы тәрізді жүргізушілердің бағдар­ламаларынан басқа толып жатқан көңіл көтеруге бағытталған хабар­лардың ішінде көңілден шыға бермейтіні бар екенін көріп жүрміз. Жүргізушілер мен қатысушылардың сөйлеу мәдениетінің талапқа сай бола бермейтіні бар. Әсіре­се жастар көбірек қарайтын бағ­дарлама жүргізушілері болып жүрген әншілердің өздерінің де, қонақтарының да сөйлеу мәдениеті мен тіл тазалығына қатысты ойландыратын жайттар аз емес. Өздерін барша қазақтармен қатар басқа ұлт өкілдері және біздің тілді меңгеріп жүрген шетелдіктер көріп отырғанын ұмытып, қазақ тілін насихаттап отырғандарын мүлдем түсінбейтіні қынжылтады.

Мысалы: «отырық», «жатырық», тіпті «жүрік» деген сөздері құлаққа түрпідей тиеді. Негізі «ойланып отырмыз», «дайындалып жатырмыз» немесе «ел аралап жүрміз» дегілері келгенде – ойланып отырық, дайындалып жатырық, ел аралап жүрік, – деп қарап отырады. Бұл қай лингвистердің енгізген жаңалығы? Анда-санда болса да кітап, газет-журнал оқитын болса бұл сөздердің қалай дұрыс жазылып, дұрыс айтылатынын есте сақтар еді ғой деген ой келеді. Тағы бір жиі кездесетін бұрмаланған сөздер – «отқан», «отпайық», «атырған», «жатырған» және т.б. Бұл қазақ тіліндегі отырған, отырмайық, жатқан деген сөздердің бұрмаланған түрлері.
Осылайша кете беретін болса тіліміздің мәртебесін көтереміз деп шырылдап жүрген тіл жана­шырларының еңбектері еш болмай ма? Кез келген оқулықта немесе әдеби туындыда жоғарыда келтірілген сөздер осылай жазыла ма? Әлде кейінгі кездері жазылып та жүр ме деген күмәнді ой келеді.
Осындай келеңсіз жайттардың жиі көрініс беруі телеарналарда тіл тазалығын қадағалайтын, эфирден не көрсетіліп, не айтылып жатқанын бақылайтын қызметтің жоқ болғанынан деп ойлаймын.