​Мектеп–қазақша. Ал дәптер қай тілде?

​Мектеп–қазақша. Ал дәптер қай тілде?

Ғаламтор заманы ғой. Әлеуметтік желілерде қоғамның өзекті мәселелері де кеңінен талқыланып жататыны заңдылық. Ой бөлісу, пікір алмасу, толғандырған дүниелерді көпшіліктің талқысына салу… Жуырда «Фейсбукте» Үкілі Бестай есімді желі қолданушы қазақ тілінде шығарылған дәптер таппағанын күйіне жазыпты.

«Масқара болғанда, көп жерде қазақша жазылған дәптер жоқ. Ұстанымыма салып, «Тетрадь» дегенді алмадым. Барған жерімде қазақша неге жоқ деп, тапсырыс беріп, сұраныс тудыруға тырыстым. Өкінішке қарай, қанша қазақ еш мән берместен балаларына «тетрадь» алып, қазақ мектебіне беріп жатыр. Іздеген табады демекші, торкөздің қымбат дәптерін таптым. Ең бастысы, қазақша екен. Бір қызығы, мен тапқан қазақша дәптер Ресейде шығарылыпты…» - дейді.

Ойланатын, ойландыратын-ақ мәселе. Білім және ғылым министрлігі неге бұл жағына мән бермейді? Шынымен де, кеңсе тауарларын сатумен айналысатын орындарда заты да, аты да қазақша дәптер, т.б. дүниелерді табу қиынның қиыны. Оқушылар қазақ тілінде сапалы білім алу үшін олардың оқу құралдары да сақадай сай болғаны жөн емес пе? Бәлкім, дәптердің маңыздылығы дұрыс еленбей де жүрген болар. Бірақ ол да тіл мәселесіндегі түйткілдің бірі емес пе? Демек, осы бағытта жүйелі жұмыстардың атқарылмай отырғанын байқауға болады. Қазір, құдайға шүкір, елімізде қазақ мектептерінің саны жыл санап артып келеді. Осыны ескере отырып, қазақша оқу құралдарын, оның ішінде оқушының сабақта күнделікті пайдаланатын дәптер, күнделіктерін, т.б. заттрын көп таралыммен, жеткілікті болатындай, негізінен әлеуметтің сұранысын қанағаттандыратындай неге шығармасқа? Нарық заманында ол пәлендей қиын шаруа да емес.

Қазір базарға немесе кеңсе дүкендеріне бара қалсаңыз, шетелдің бізге жат құндылықтарын насихаттайтын дәптерлерден көз тұнады. Дәптерлердің бірінші бетінде неше түрлі мультфильм кейіпкерлері, батыстық әншілер мен актерлер дейсіз бе, қаптап тұр. Неліктен төл дәптерлерімізді шығарып, олардың мұқабасына Абайдың, Шоқанның, Ыбырайдың, Құрманғазының, т.б. ұлт мақтаныштарының суреттерін орналастырмасқа. Тіпті бала талғамына сай келетін ұлттық ертегі кейіпкерлерін таңдап алуға да болар еді. Өз жауһарларымыздың қадірін білмей отырғанымыз өкінішті.

Сонымен… Кеңсе тауарларының нарығына дұрыстап назар аударатын кез келді. Балалар қандай кеңселік заттарды тұтынып жүр? Олардың арасында ұлттық нақышпен өрнектелгендері бар ма екен? Болмаса, неліктен жоқ? Бұған кім жауапты? Бізде тағы бір қызығы ұлттық нақышпен жасалған дүниелердің бағасы өзгелерден бірнеше есе қымбат. О несі екен? Бағасы ақылға қонымды, қалтаға салмақ түсірмейтіндей, сапасы да өзіне лайықты болса, оны алатын тұтынушы да көбеймес пе еді? Қорыта айтқанда, ұлттық нақыштағы дәптері бар оқушы халқының мәдениетіне, дәстүр-салтына да жақын болып өсері хақ.