Қостанайдағы өзекті ойды ортаға салған жиын

Қостанайдағы өзекті ойды ортаға салған жиын

Қазақстан Республикасы Мәдениет және  спорт министрлігі Тілдерді дамыту және  қоғамдық-саяси жұмыс комитеті  Қазақстан Республикасында тілдерді  дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қостанай облысында "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" атты мемлекеттік тілді орыстілді азаматтарға насихаттауға арналған шарасы өз жұмысын бастады.

«Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың» - деп дауылпаз ақын М.Жұмабаев жырлағандай, қазақ тілі – ата-бабамыздың ұрпағына аманаттаған асылы, халқымыздың небір жаухар мұраларын қалыптастырушы, әдебиетіміз бен мәдениетімізді сақтап қалушы әрі болашаққа жол сілтейтін құнды жәдігеріміз.

Шараның негізгі мақсаты – орыстілді азаматтар арасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін асқақтату, Қазақстанда тұратын этностардың бірлігі мен ынтымағының кепілі екенін ұғындыру. Сонымен қатар қоғамдық орындарда, жас ұрпақ тәрбиесінде, патриоттық тұрғыда, ғылым-білім, технология саласында мемлекеттік тілдің атқарар рөлін айшықтау. Сондай-ақ шара барысында қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен жер-су, көшелердің тарихи атауын қайтару турасында әңгіме қозғалып, түрлі пікірлер айтылды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап өткендей, мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында Қостанай өңірінің таңдалуының да өзіндік сыры бар.

Халықтың орналасу тығыздығына байланысты алып қарайтын болсақ, өзге аймақтарға қарағанда Қостанай облысында өзге ұлт өкілдерінің саны басымдау. Қазіргі таңда бұл өңірде жергілікті ұлт өкілдерінің, яғни қазақтардың үлес салмағы 38 пайызды құраса, славяндық этнос өкілдері 50 пайыздан асып жығылады.

Әрине, облыста мемлекеттік тілдің ахуалын жақсарту бағытында әлі де көптеген жұмыстарды жүзеге асыру талап етіп отырғаны байқалады. Демек мемлекеттік тіл мәселесі де өзекті күйде қалып отырғаны жасырын емес. Дегенмен бұл бағыттағы істер әлі де болса, нәтижелі жұмыстарды қажет ететіні байқалады.


Осындай түйткілді олқылықтарды толтыру мақсатында жергілікті өзге ұлт өкілдерінің, сондай-ақ ана тілін білмейтін қазақтардың мемлекеттік тілге деген ықыластарын оятып, талпыныстарын күшейту жолында кешенді шараларды жүзеге асыру қажет-ақ. Аймақтағы тілдік ахуалды қазіргіден де жетілдіре түсуі керектігі айтпаса да түсінікті.

Қостанай өңіріндегі бүгінгі басқосу қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруға, тілдің қажеттілігін арттыруға, талапты күшейтуге, тілдік ахуалды үнемі назарда ұстауға, кемшіліктерді түзеуге, жетістіктерді толықтыруға, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілдің жағдайына мән беріп, келелі істерді жүзеге асыруға бағытталды.

Шара барысында Қостанай облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қазымбек Жармағамбетұлынан сыр суыртпақтаған едік: «Қазақ тілі – ұлт тілі, халық тілі. Бұл айнымас шындық. Кешегі орыстандыру саясаты тіл өркениетінің кең қанат жаюына кері әсерін, салқынын тигізгені жақсы білеміз. Әсіресе, солтүстік өңір халқы ана тілін ұмытып қалғаны ащы да болса шындық. Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мұрындық болған «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» шарасы төрт жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан игі бастама десе де болады. Шараның берері мол. Біздің өңірде орыстілділер көп болғанымен, қазақ тілін меңгеруге деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласы басым. Соның бір айқын көрінісі славян халқы өкілінің 780 баласы қазақ мектептерінде дәріс алып жатса, «Тілдарын» орталығында қазақ тілін үйренушілердің қатары күннен-күнге артып келеді» деп ағынан жарылды.

Келесі кезекте бізбен пікір бөліскен Қостанай қаласының тұрғыны Юрий Ивлев ақсақал: «Мен қазақ тілін екінші ана тілім деп санаймын. Қазақ тілінде жетік сөйлеймін. Әрбір елін, жерін шексіз сүйетін адам тілге ерекше құрметпен қарап, тіл жанашыры болу керек. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері осыны түсінсе екен деймін. Балаларының болашағын ойлайтын әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді үйренуге ықыласты болуы қажет. Өйткені «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деуіміз бұлжымас қағида. Мемлекеттік тілге немкетті қарау, балалар болашағына мән бермеу деп санаймын»,- дейді.

Ендеше, мемлекеттік тілді дамытуда пәрменді іс күтеміз. Мемлекеттік тіл мәселесі тек тіл фестивальдарымен, байқаулар өткізумен, мемлекеттік қызметкерлерді оқытумен шешілмейтіні анық. Ең бастысы, барлық ұлт өкілдерін мемлекеттік тіл аясының төңірегіне топтастыра алып, ортақ мақсатқа ұйыстыра білу керек. Қостанай облысында басталған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» шарасы да осы мақсатты көздейді.

Шараға қоғам қайраткері Дос Көшім қатысып, халық арасында мемлекеттік тіл мәселесін ақпараттандыру жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пікір алмасып, ойын ортаға салды.