Әжелер де тіл үйреніп жүр

Әжелер де тіл үйреніп жүр

​«Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» деп дана халқымыз тілдің маңыздылығын әрқашан ерекше бағалаған. Қай ғасырда, қай кезеңде болмасын бірнеше тілді меңгерген халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейте отырып, ел іргесінің тыныштығы мен бейбітшілігін басты назарда ұстаған. Бүгінгі таңда, үшінші мыңжылдықтың есігін ашып, ХХІ ғасыр табалдырығын аттап кірген шағымызда өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін басқа тілдерді де меңгеру міндеті алдымызда тұр.

2007 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын қолға алуды ұсынған болатын. Еліміз үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші қадамы деп айтсақ болады. Себебі бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Үш тілді қатар меңгеру — әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды жеделдете түсетіні сөзсіз.

Осыған орай, Семей қаласында тілдерді оқыту орталықтары ашылып, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді оқыту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ағымдағы жылдың наурыз айында ағылшын тілін оқыту үйірмесі ашылған болатын. Бір ерекшелігі аталмыш үйірмеге келушілер 58-80 жас аралығындағы зейнеткерлер. Ашылған күні 5 оқушысы болған үйірменің бүгінгі күні 15 тұрақты қатысушысы бар. Кітапхана директоры Гүлниса Молжігітованың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын зейнеткерлерге компьютер сауаттылығын оқыту үйірмесі ашылған еді, зейнеткерлердің уақытында келу тәртібі, іздемпаздықтары, қызығушылықтары кімді болсын қайран қалдырады. Ұжыммен келісе келе және зейнеткер оқырмандардың ұсынысы бойынша ағылшын тілін оқыту үйірмесі ашылған болатын.
Үйірмеге қатысушы атақты теміржолшы Мойынбаевтар әулетінің өкілі, ұзақ жыл Семей вокзалының басшысы болған, қазіргі зейнеткер, Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Абдуайтқызы: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мына жаһандану заманында ұлтымыз бәсекеге қабілетті болу үшін, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылған. Біздің ағылшын тілін оқып, үйренгеніміз мына өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі болсын, қай жаста болмасын білім алуға кеш емес деген оймен оқып жүрген жайымыз бар.
Ал қырық жыл ән-күй пәнінен сабақ берген Рыскүл Құдысова: «Қазіргі заманда қайда барсаң да, ағылшынша білу қажет. Қазір не көп, компания көп. Біз де қартайдық демей, табыс тапқымыз келеді, бала, немере, шөбере бар. Көмектескіміз келеді. Біз сияқты олар да талаптанып, ниеттенсін дейміз. Әрине, біздің жасымызға келгенде шет тілін үйрену қиын ғой, алайда талаптанып оқып жүрміз. Қазіргі таңда, өмірге ең қажетті осы ғаламтор мен ағылшын тілі болып тұр» дейді қарт әжей.
Тілге тиек етсек, дәрістер тегін жүргізіледі, аптасына екі рет өткізіледі. Оқыту курсы аяқталған соң түлектерге арнайы куәлік салтанатты түрде табысталады.
Қазіргі заманда үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты болып отыр. Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасының нысаналық индикаторларына көз жүгіртсек – 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 95 пайызға дейін, ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайыз болуы тиіс.