Біздің мақсат - тілдерді оқыту

Біздің мақсат - тілдерді оқыту

«…Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. ... Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс....» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында келтірген: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Соңғы жылдың өзінде қазақ тілін ана тілім деп санайтындардың саны 10 пайызға көбейді. Ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ол қазақ тілі Мәңгілік Елдің - Мәңгілік тіліне айналды.Тіл мәселесін біз даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек»,- деген зерделі ойы бүгінгі таңда баршамызды біріктіретін қуатты сөзге, біртұтас идеяологияға айналып отыр. Ал Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттар бірлігін, мемлекеттік тіл мәртебесін, заманауи даму көшіндегі ұлттық рухани жаңғыру мәселесін қолдайтын, оны іске асыруға үлес қосатын азаматтарға рухани күш, айқын бағыт белгілеп берді десек, артық болмас.

Облысымыздың ересек тұрғындарына тілдерді оқытуды жүзеге асыратын «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК-ның да еңбегі елеулі. Қосымша білім беру нарығында он жылдай қызмет етіп келетін орталықтың Ақтөбе қаласындағы тілдерді оқытатын көптеген басқа да орталықтардан басты ерекшелігі – мемлекеттік, орыс тілдерін тегін оқытуы, облыстың бір кездері өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған 6 ауданында (Хромтау, Алға, Мәртөк, Қарғалы, Қобда, Мұғалжарда аудандары) жабдықталған оқыту кабинеттері, жеткілікті оқу - әдістемелік қоры, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралары, өзінің баспа өнімдері, ақпараттық кеңістікті игерудегі ашықтығы.

Осыдан он жыл бұрын, нақты айтсақ, 2007 жылғы 12 - қаңтарда құрылған орталықтың негізгі міндеті – ҚР Конституциясын, «ҚР тіл туралы» заңын, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, қосымша білім беру, яғни мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді үйрету, оқу үдерісін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету.

«Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК оқыту үдерісін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК енгізген Ұлттық стандарттына сәйкес «Қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі бағдарлама» (қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі) негізінде 5 деңгей бойынша жүзеге асырады. Тіл үйренушілердің білімі «КазТест» жүйесі бойынша бағаланып, көрсеткен деңгейіне сай сертификаттар табысталады.

«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК-ның ұжымы.

Тілдерді оқыту орталығы күні бүгінге дейін 2007-2017 (7 ай) жылдар аралығында:

- 12 771 адамды тіл оқыту курстарымен қамтыды, оның ішінде мемлекеттік тіл бойынша - 11 519 адам. Ал өзге ұлт өкілдерінің үлесі 27% құрайды, яғни 3 393 адам;

- облыстың 1 065 мекеме мен кәсіпорындары өз қызметшілерін осы орталықта оқыған

Әлемдік экономикаға кірігу тілі – ағылшын тілін, ресми тіл – орыс тілін білу бүгінгі заманауи талаптарға сәйкес болуды қажет етеді. Көптілді тұлға – қазір уақыттың қарқынды дамуына бейім тұлға. Сондықтан бізге келуші тіл үйренушілердің үш тілді меңгеруге деген сұранысы айқын байқалады, бұл уақыт талабының бедері. Бүгінгі күнге дейін 1103 адам ағылшын тілі, 149 оралман бауырларымыз орыс тілі курстарымен қамтылып отыр және бұндай курстар өз жалғасын табатыны анық.

Әдістемелік жұмыс – бұл ғылым мен педагогикалық озат тәжірибе жетістіктеріне және оқу үдерісі жұмысының нақтылы жағдайына сүйене жүргізілген, өзара байланысты іс-әрекеттер мен шаралар жүйесі. Сонымен қатар ол әрбір оқытушының біліктілігін, кәсіби шеберлігін жан - жақты арттыруға бағытталған шаралар, педагогикалық ұжымның ілімдік мүмкіндік шамасын дамыту және арттыру, жетілдіру ортасы десек, артық айтқандық болмас. Әдістемелік жұмыстарды дамыту, қолдау – орталықты дамыту, сайып келгенде заманауи білім көшіне лайық қарқында жұмыс жасау, өзекті мәселелермен айналысу, педагогикалық ұжымның іс-тәжірибесін мақсатты шоғырландыру, жинақтау және тарату болып табылады.

Тілдерді оқыту орталығының педагогикалық ұжымы орталық құрылған сәттен әдістемелік жұмыстарға ерекше назар аударып келеді. Әр жылдары орталық оқытушыларының құрастыруымен 40-тан астам өнім жарық көрді. Атап айтсақ:

- 2 салалық оқу кешендері (салық саласы, медицина саласы);

- 25 оқу құралы (ересектерге, жеке тұлғаларға арналған);

- 6 суреттелген тілашар мен ертегілер (мектепке дейiнгi және кiшi мектеп жасындағы балаларға арналған);

- 1 мақалалар жинағы;

-«Күншуақ» кішкентай оқырмандарға арналған үштілді журналдың 6 саны.

-«Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» тіл оқытушыларына арналған ақпараттық-әдістемелік журналдың 8 саны.


Тілдерді оқыту орталығы облыстың мекемелері мен жеке тұлғаларын түрлі сөздіктермен, тіл үйренуге қажетті оқулықтар және компьютерлік бағдарламалармен қамтамасыз етіп келеді. Жалпы мекеме мен кәсіорындарға, меншік түріне қарамастан, 17 520дана оқу құралдары тегін таратылды.

Тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамыту мен тілді үйретудің әдістемелік мәселелеріне қатысты 150 астам іс-шара (дөңгелек үстелдер, көшпелі әдістемелік семинарлар, байқаулар, шеберлік-кластар), атап айтсақ, шешендік өнерге туралы, іскери қазақ тілі бойынша, мемлекеттік тіл оқытушыларының, аудармашылардың және іс жүргізу мамандарының біліктілігін арттыру жөніндегі «Мемлекеттік тілде ісқағаздар жүргізу» арнаулы курсын және «Ресми іскери қазақ тілі» оқыту семинарын, «Көпшіліктің алдында сөз сөйлеу құпиялары»семинар-тренингтерін, «Қазақша-орысша және орысша-қазақша ілеспе аударма жасауды үйретуге» арналған шеберлік класын, «Көптілділік – білім беру дамуының жаңаша беталысы» әдістемелік семинарын, «Мемлекеттік тіл – менің мақтанышым» тіл үйренушілер арасындағы тіл байқауын, «Үздік оқытушы» мемлкеттік тіл оқытушылары байқауын, «Мемлекеттік тіл – Мәңгілік ел» тақырыбында дөңгелек үстелдер және т.б. түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп келеді.

Кәсіби ілеспе аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісова және шеберлік-кластан тәлім алған облыстың алғашқы ілеспе -аудармашылары.

Сондай-ақ, Тілдерді оқыту орталығы облыс тұрғындарының мемлекеттік және басқа да тілдерді меңгеруін анықтауға бағытталған әлеуметтік және әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулер мен мониторингтер жүргізеді, тіл үйренушілердің тілдік ортаға араласуын қадағалайды, аударма қызметімен айналысады, қазіргі кездегі тестілеудің мемлекеттік стандартына сәйкес тілдік білімді бағалаудың отандық жүйесі «Казтест» жүйесін насихаттауға бағытталған түсіндірме және ұйымдастыру шараларына, облыста өткізілуіне белсене араласады.

Тілдерді оқыту орталығы заман сұранысына сай болуды үнемі қолдап отырады. Орталықтың ақпараттық кеңістікті игерудегі ашықтығы – кез келген мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматқа қолжетімді болуы. Дәлерек айтсақ, әлеуметтік желідегі «Til – Aktobe.kz» ақпараттық сайтында, ВКонтактедегі «Центр по обучению языкам г.Актобе», «Дистанционное обучение», Фейсбуктегі «Центр по обучению языкам г.Актобе» және Инстаграмдағы «Centeriazika» парақшаларына енгізілген оқу-әдістемелік материалдар циклы қашықтан оқу арқылы қазақ тілін өз бетінше үйренуге ниетті тұлға үшін өте қолайлы.

Әлеуметтік желідегі біздің парақшалар:

Бұл парақшаларда мемлекеттік тілді тегін әрі өзіне ыңғайлы уақытта үйренгісі келетін әрбір тіл үйренуші үшін қазақ тілін меңгертудің қарапайым –А1, базалық – А2, орта – В1 деңгейлеріне арналған сабақтар циклы енгізілген. Материалдардың қатысым тақырыптары күнделікті өмірдің негізгі салаларын қамтиды, ал лексика-грамматика, оқылым блоктарында жинақталған 205 тест тапсырмалары алған білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Сайттың «Тағылым», «Шежіре» блоктарында тіл үйренуші қазақ халқыың кең таралған салт-дәстүрімен таныса алады. Сондай-ақ парақшаларда орталықтың күнделікті тыныс-тіршілігі туралы ақпараттар легі үздіксіз жарияланып отырады.

Орталықтың мемлекеттік тіл оқытушыларының құрастыруымен баспасөз беттерінде де сабақтар әзірлемесі жарияланып келеді. Мәселен, қазақ тілін үйренуге ниетті тұлғалар үшін жергілікті «Диапазон» газетінде қазақ тіліні меңгертудің А1 қарапайым деңгей бойынша 25 сабақтар циклы жарық көрсе, жергілікті «Рика» телеарнасы көрермендерінің назарына қазақ тілін меңгертудің орта – В1 деңгейіне арналған «Тіл ордасы» бейнесабақтар циклы ұсынылды. 22 лексикалық тақырыпқа жинақталған бейнесабақтар тіл үйренушілерге тілді қашықтан үйреніп, коммуникативтік дағдыларын дамытып, лексикалық қорларын байытуға септігін тигізеді.

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы мен «Орынбор қазақтары қауымдастығы» облыстық қоғамдық ұйымы арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған. Соңғы екі жылда Орынбор қаласында қазақ диаспорасы өкілдерімен орталық ұжымы «Орынбор облысындағы Ақтөбе облысы күндері» аясында кездесуі – көршілес елдердің ынтымақтастығының белгісі, достық қарым-қатынасының көрінісі. Ағымдағы жылғы сәуірде өткен «Орынбор облысындағы Ақтөбе облысы күндерінде» орталық әдіскерлері мен оқытушыларының қазақ тілінен ашық сабақтарына 100-ге тарта оқушылар, студенттер, әдістемелік шеберлік-класқа 20-дан астам мұғалімдер белсене қатысып, атамекен, қазақ тілі, қазақ халқының салт-дәстүрі туралы білімдерін толықтырып, Қазақстанға деген қызығушылықтарын арттырып, ана тіліне, өз ұлтына деген патриоттық сезімдерін одан әрі асқақтатты.

«Орынбор облысындағы Ақтөбе облысы күндері» сәтінен көріністер.

Қазіргі таңда мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сойдай- ақ ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Бұл - біз мақтанышпен айта алатын ана тіліміздің орасан зор мерейі.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін әрқашан биікте ұстап, басқа да тілдердің дамуына қолдау көрсету қажет. Осы мақсатты жүзеге асыруда өз қызметін абыройлы атқарып келетін «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК-ның алдағы атқарар оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстары, бағындырар белестері биік екендігіне орталық ұжымы кәміл сенімді.