​Мәдени-тілдік бой үйрету сабақтары

​Мәдени-тілдік бой үйрету сабақтары

Елімізде ұлттар мен ұлыстар татулығы мен ынтымағын, тұрақтылығын сақтауға ерекше көңіл бөлінген. Ол – жан-жақты бағыт-бағдарды талап ететін үлкен жұмыстың нәтижесі. Соның бір бөлігі, жаңа буынды тәрбиелеу, қарым-қатынас мәдениетін дамыту мәселесі, себебі даналарымыз «тәрбиелі болу, ел болу бесік түзеуден басталады» дейді. Сондықтан бүгінгідей жаһандану заманында жаңа белестерге, жаңа өмірге даярлауға қойылатын талаптар нақты болуы тиіс.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, үстіміздегі жылда республикалық және аймақтық ұлттық-этномәдени бірлестіктердің жанындағы жексенбілік мектептерінде қазақ және ана тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Бұл мектептерде мыңдаған өзге ұлт өкілдерінің балалары дәріс алуда. Биыл 96 топ құрылып 26 ұлт өкілдері дәріс алуда.

Ең бастысы, мұндай институционалды емес оқу орындарында сабақ барысы, сабақтардың тақырыптық-күнтізбелік жоспары тілді оқытудың тың бағдарламасы «мәдени-тілдік бой үйрету» халықаралық тәжірибесінің нәтижелері ескеріле отырып құрылу керек. Сондықтан барлық қатысушылардың мәдени және тілдік ортаға толығымен ұйысуына мүмкіндік берілер еді.

Бұл жобаның негізгі мақсаттарының бірі тілдерді оқытудың озық әдістемелері бойынша және басқа да озық тіл үйрету құралдарының көмегімен түрлі этностық топтардың тыңдаушыларына мемлекеттік тілді және ұлттық (ана) тілдерін үйрету болып табылғандықтан бұл жобаның міндеттері де зор:

- қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту факторы ретінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру;

- тіл, мәдениет, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар арқылы тыңдаушылардың бойында толеранттылық қарым-қатынас әдебін қалыптастыру.

Бұл шараларды ұйымдастыру, дайындау, өткізу барысы практикалық тұрғыда мұғалімдерге жүктеледі.

Сондықтан, қазақ тілі мен ұлттық (ана) тілдердің мәдени ортасына бой үйретіп, тілдерді меңгеруіне, тарих пен мәдениетті, бай салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды әрбір тыңдаушылардың жас ерекшелігіне қарай бойына сіңірту үшін, ең алдымен, кадрлар дайындауымыз керек.

Әр тыңдаушының бойындағы дарындылық, шығармашылық, қабілеттілік ерекшеліктерін айқындау, ұлттық сана-сезімін, азаматтық көзқарасын, қазақстандық патриотизмін, бір сөзбен айтқанда, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығару білім саласына, яғни мұғалімге жүктелген. Ел болам десең, бесігіңді түзе, дейді даналар. Мектебім алтын ұям болса, ұяңда не көрсе, ұшқанда соны іледі шәкіртің. Бұл – ақиқат қағида.

Ұстаздың білімді, өнерлі болғанына не жетсін? Білімсіз, өнерсіз ұстаз шәкіртін несімен еліктіре алады.

Өзге ұлт өкілдерінен тұратын мыңдаған тыңдаушының қазақ тіліне ықыласын арттыру үшін ұстаздарымыз ата-бабамыздан қалған өз мәдениетімізді дәріптеп жеткізе білу керек, адамдардың негізгі қарым-қатынас құралы тілді әдеби-мәдени құндылық ретінде сақтап, пайдаланып, соны насихаттауы қажет.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады», дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді.

Бала да ұстазына еліктеп, бой түзеп, ой түзеуі керек. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдары академиясының академигі Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы тіл сабағын «өмір сабағы, өнер сабағы, ой сабағы, ойлану сабағы» деп білді. Сондықтан да қазақ тілінің де ұлттық (ана) тілі мұғалімдері өздерінің әрбір сабағын өзегінен жарып шыққан өнер туындысы дәрежесіне көтеруді мұрат ету керек.

Әр баланың, оқушының, тыңдаушының қадамына гүл бітіретін ұстаз болу керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді қазақ. Тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін насихаттайтын сабақ – жан сабағы, сол жаныңды тербететін ән сабағы, асыл сөз сабағы, сезім мен сұлулықтың сырға толы сазды мекені болу қажет. Достарымен табысып, жүрек қылын шертер жан сабағы тілді дамытатын, сөздік қорды байытатын, өз ойыңды еркін айтатын сабақ болу керек.

Айтушысы ақылды болса, тыңдаушысы дана болады. Сол себепті жексенбілік мектептерінің ұстаздары «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясын пайдаланғаны абзал.