Ілеспе аударманың әлеуеті жоғары

Ілеспе аударманың әлеуеті жоғары

Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастырумен ілеспе аудармадан шеберлік сабақтары өтті. Шеберлік сабақтары шеңберінде ілеспе аударманың теориялық мәселелері, негізгі бағыттары және теориялық білімді тәжірибе барысында нәтижелі қолданылуына баса назар аударылды.

Шеберлік сабақтарының басты мақсаты-аудармашылардың техникалық құралдарды дұрыс пайдалануы арқылы шеберліктерін қалыптастыру және біліктілігін арттыру. Шеберлік сабағына республикамыздың түкпір-түкпірінен ғалымдар, сала мамандары, министрліктер мен әкімдіктің, тілдерді дамыту басқармаларының, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың аудармашы мамандары қатысып дәріс алды.

Жалпы ілеспе аударма дегеніміз-ауызша аударманың бір тармағы. Ілеспе аударма тұңғыш рет Германияның Нюрнберг қаласында іс жүзіне асып, содан бері ірі халықаралық саяси жиындар мен келіссөздерде, ғылыми конференция, форумдарда уақыт үнемдеу үшін қолданылып келе жатқан аударманың аса қиын әрі күрделі түрі десе де болады. Ілеспе аударманың ерекшелігі – тыңдай, есте сақтай отырып, сөз сөйлеушінің тек бірнеше сөздерін ой елегінен өткізе отырып, әр адамға түсінікті тілде жеткізе білу.

Бірақ ілеспе аударма - Қазақстанда кенже дамып келе жатқан сала. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір жәйтті тілге тиек ете кеткен жөн. Елордаға V Астана экономикалық форумына келген Түркияның сол кездегі премьер-министрі Реджеп Ердоған өз ана тілінде сөйлеп, аудармашысы оны әдеттегідей қазақ тіліне аударды. Сол кезде залда қазақ тілінен ілеспе аударма жасайтын маманның жоқ­тығынан, бірнеше уақыт бойы оның сөзін қатысушылардың басым көпшілігі түсіне алмай абдырап қалғаны бар-тын. Ұйымдастырушылар зыр жүгіріп іздеп, заты қазақ біреуді микрофонға отырғызғанымен, мемлекеттік тілді шала-шарпы ғана білетін адам саяси сөздің мағынасын дәл аударып бере алмаған еді.

Болашақта осындай олқылықтарға жол бермеу үшін ілеспе аудармашылар сабағын өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді. Сабақ барысында дәріс алушылардың ана тілінде және орыс тілінде еркін сөйлеуімен қатар барлық салаға қатысты терминдерді сөз орамдарын білуі қажеттілігі аса маңызды.

Бір қуантатыны –ілеспе аударма тілімізді дамытудың қуатты құрал екенін ұғынғандықтан, осындай шеберлік сабағын өткізу аса маңызды. Басты мақсат-қазақша-орысша ілеспе аударманы дамыту, қазақ тілінен тікелей шет тіл­де­ріне аударма жасайтын маман дайындау болмақ. Сондай-ақ ілеспе аударма арқылы мемлекеттік тілдің арнасын кеңейтіп, «Қазақ тілі – тұрмыстық тіл» деген сыңаржақты пікірді жоюға септігін тигізіп, қазақ тілінің халықаралық мінберлерде үстем болуына жол ашу.

Камал Әлпейісова, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аудармадан дәріс беруші ұстаз

«Тіл – сенің есігіңді күзеткен арыстаның, қарасаң – сені бағады, қарамасаң – өзіңе шабады» деген Жүсіп Баласағұн бабамыз.

Шынымды айтсам, қазақша-орысша ілеспе аударманы дамыту – бұл бастапқы саты ғана, түпкі мақсат – қазақ тілінен тікелей шет елдер тілдеріне аударма жасайтын мамандарды дайындау. Бірақ, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, саланы дамытудағы қиындықтар қолбайлау болып жүрген еді. Енді, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комиетінің қолдауымен шеберлік сабағын өткізуді қолға алып жатқанына қуаныштымын. Егер осы қарқыннан айнымасақ, алдағы 3-4 жылда еліміздің бар өңірін өз ілеспе аудармашыларымен қамтамасыз етуге болады деген ойдамын.


Клара Серғазина, Тілдерді оқыту орталығының директоры, Ақтөбе қаласы.

Ілеспе аударма саласының мамандарын даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білемін. Мінеки, Астана төрінде жан-жақтан жиналған ілеспе аудармашылар қауымы сабақ барысында көптеген жайтқа қанығып, пікір алмасып, көп тәжірибе жинақтадық. Енді шеберлік сабағын облыс орталықтарында да жүзеге асырса жақсы болар еді. Сабақты ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз. Ілеспе аудар­маның ана тіліміздің абыройын асқақтатудағы, қазақ тілдің мемлекеттік мәртебесін берік орнықтырудағы әлеуетін уысымыздан шығарып алмауымыз керек.