​Салалық терминдерді аудару мен біріздендіру мәселелері

​Салалық терминдерді аудару мен біріздендіру мәселелері

Кез келген тілдің қанат жайып, өрістеуі үшін оның бірнеше шарттары бар. Солардың бірі – ұлттық терминологиялық жүйесінің мықты болуы. Осы мәселеге терең мән берген елдер ғылым мен білім, техника, технология және т.б. салалардағы тілдің тұғырын биіктетіп, іргетасын нығайтары анық.

Өзіміздің еліміз туралы айтатын болсақ, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ұлттық терми­нологияға ерекше мән беріле бастады. Көптомдық терминологиялық сөздіктер, әртүрлі жинақтар жарық көрді. Терминолог ғалымдарымыздың бұл саладағы ізденістері мен еңбектері айтарлықтай қомақты болды. Ізденістер бүгінгі таңда да жалғасып жатқаны белгілі. Әрине, мұндай жұмыстар ауқымды, кешенді сипатқа ие болғаннан кейін оның өзіне тән қиыншылықтары да, күрделі мәселелері де болады. Бір терминді ойдағыдай аудару үшін қаншама ұсыныстар мен талқылаулар өтеді. Әртүрлі нұсқалар қаралып, байыпты шешімдер қабылданады. Бұл енді жұмыстың ғылыми-шығармашылық тұстарына қатысты болғандықтан ол жағына көп тоқталмай негізгі мәселеге көшсем деймін.

Айтайын дегенім, терминологиялық бағытта дайындалған сөздіктер жарық көріп, мыңдаған оқырмандарға, аудармашыларға, өзге де сала мамандарына жол тартқаннан кейін жалпы ортақ игілікке айналып, тілімізге қызмет жасай бастайды. Дегенмен, терминологиялық сөздіктер жасау тәжірибесі, ондағы сөздерді аудару мәселесін біз араға уақыт салып, талдап, талқылап тұруымыз керек сияқты. Өйткені уақытқа сай келетін немесе бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмай қалатын терминдерді елеп-екшеп, мұндай сауалдарды алдағы уақытта ескеріп отырсақ деген ниет жоқ емес. Мұндағы негізгі мақсат терминдердің жасалу жолдары қалай болады, қандай ұстанымдарға, қағидаларға сүйенеді, бірнеше балама атаулардың арасынан оңтайлысы қалай іріктеледі деген сауалдар қарапайым оқырман үшін қызықты болар деген оймен қолға қалам алған едік.

Жалпыға белгілі, осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясы әзірлеген 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер жарық көрген болатын. Осы жинақтың бір томын дайындауға атсалысқан авторының бірі ретінде «Орысша-қазақша, қазақша-орысша «Дене тәрбиесі және спорт» аударма сөздігіне (30-том) шолу жасай отырып, сол кездегі терминжасамның кейбір мәселелеріне назар аударсам деймін. Бәрімізге белгілі, терминге қойылатын талап: ықшамдылық (сөздің қысқа да нұсқа болуы), дәлдік, ұғымды нақты белгілеу, яғни бір зат жайында дәл ақпарат беру, сөздің қарапайым халыққа мейлінше түсінікті болуы.

Аталған сөздік жасау барысында сөздікте берілетін сөздер жалпы сөздік жасаушылар, сала мамандары талқысынан, терминком мүшесінің сарабынан өтті. Сөздік түзу барысында енгізілген бірнеше сөздерден тұратын сөздерге келсек, спорт мамандары ондай сөздердің күнделікті жаттығу барысында жастар да, ересектер де осы сөздерді жиі қолданатындығын, оларды енгізбесек, сөздіктің сапасы төмендейтіндігін айтты.

Әрине, сала мамандарын да түсінуге болады, өйткені дене тәрбиесі пәнінің әр саласында жиі әрі күнделікті қолданып жүрген сөздерді сөздікке енгізбеу де зор қателік болар еді. Олардың айтуынша, мұндай сөздер (көбінесе гимнастика саласындағы командалар мен жаттығу түрлерінің атаулары) орыс тілінде де дәл солай, бірнеше сөздер байланысында қолданылады екен. Сөздік бұқара халыққа арналғанмен, спортпен күнделікті шұғылданатын жұртшылық та терминдерді түсінуі шарт емес пе. Сондықтан мұндай күнделікті жаттығу барысында қолданылатын сөздерді бірнеше сөзден тұрса да, мүмкін болса, сөздікке енгізудің қажеттілігі зор.

Бірнеше сөздерден тұратын атаулардың тағы бір тобы – отандық және халықаралық спорт федерацияларының, спорт түрлері ұйымдарының, қауымдастықтарының атаулары. Оларды сөздікке кіргізбей тастау біздің тарапымыздан моральдық та, азаматтық та қателігіміз болар еді деп білемін. Ондай сөздер сөздік сапасын арттырмаса, кемітпейтіні хақ.

Сөздікке қойылған басты талаптардың бірі ондағы сөздерді жалпы халық түсінетіндей етіп беру, кей тұстарда ұлттық ерекшеліктерді, ұлттық құндылықтарды көрсету болды. Осыған орай, балуанға байланысты (мысалы, төзімді балуан, шымыр балуан, арыс балуан, опырғыш балуан, зор балуан, т.б.) сөздер, жебе түрлері (мысалы, сарнама жебе, сырлы жебе, әндіген жебе, қу жебе, істік жебе, т.б.), ұлттық ойын атаулары (мысалы, «Дүмпілдек», «Түйе мен бота», «Соқыртеке», «Етек-етек», «Салма ілу», т.б.) енгізілді.

Сөздікке бұрынғы сөздікте берілген ұғымдармен қатар, соңғы жылдары жасалған немесе авторлар ұжымы ақылдаса отырып бекіткен сөздер көптеп енгізілді. Ондай сөздердің бір парасы мынадай: байдарка-қылқайық, батут – кермесеріппе, каната – кермеарқан, аптечка – дәріқобдиша, брусья – қоссырық, жердь – сырғауыл, клюшка – сырғытпатаяқ, коньки – сырғы, конькобежец – сырғыменжүгіруші, кольцо – шығыршық, сақина, перекладина – аспа, рюкзак – арқақоржын, гантель – батпантас, гирь – кіртас, гриф – белтемір, штанга – зілтемір, штангист – зілтемірші, король – хан, конь – ат, ферзь – уәзір, слон – піл, пешка – сарбаз, ладья – кеме, акватория – суайдын, беседка – сұхбатхана, бомбардир – сұрмерген, бухта – айлақ, гонщик – шабандоз, дебют – ойынбасы, парашют – желкерме, пъедестал – мәретұғыр, бита – соққытаяқ, фанат – әсірежанкүйер, тонус – межеқуат, экскурсия – топсеруен, молот – шарбалға, ядро – шарболат, параметр – мөлшеркөрсеткі және т.б.

Ал енді спорт саласында соңғы кездері ғана қолданыла бастаған, аталған сөздікке енген жаңа сөздер жайына біраз тоқталайын. Біраз сөздер сыртқы пішініне, жасалу ­материалына, атқарар қызметіне байланысты аталды. Ондай сөздерге байдарка-қылқайық, батут – кермесеріппе, каната – кермеарқан, аптечка – дәріқобдиша, брусья – қоссырық, жердь – сырғауыл, клюшка – сырғытпатаяқ, коньки – сырғы, кольцо – шығыршық, сақина, перекладина – аспа, рюкзак – арқақоржын, жолқоржын және т.б. жатады. Бұлардың ішінде коньки сөзін алғаш мұзсырғы деп қабылдаған едік, алайда мамандармен келісе келе, қазіргі кезде конькидің бірнеше түрі пайда болғандығын әрі сырғы сөзі шаңғы сөзімен бірізді болатынын ескеріп, сырғы сөзін қабылдадық. Сонда коньки – сырғы, конькобежец – сырғыменжүгіруші болады.

Халқымыз заттың ауырлығын білдіру үшін зілдей екен, батпандай екен десе, ауызекі тілде және көркем әдебиеттерде кір тасы деген сөз де қолданылады. Осыған орай, гантель – батпантас, гирь – кіртас, гриф – белтемір, штанга – зілтемір, штангист – зілтемірші ретінде берілді. Бұлардың ішіндегі белтемір сөзі біресе турник, біресе перекладина және т.б. сөздердің аудармасы ретінде қолданылып жүрді. Жалпы гриф сөзінің мағынасы «екі затты қосатын, екі зат арасындағы темір» мағынасын беретіндіктен, оны белтемір деп беруді жөн көрдік. Спорттық снарядтың (гантель, штанга, гирь) екі арасындағы темірі, шынында да, белтемір болса керек. Ал турник – турник, перекладина – аспа ретінде берілді. Перекладина сөзінің қазақша баған, маңдайша деген нұсқасы да бар.

Шахмат тастарының (фигурала­рының) біразын бұрыннан қазақша атап жүргеніміз белгілі. Енді шахмат тастары атауларының король – хан, конь – ат, ферзь – уәзір, слон – піл нұсқаларымен қатар, пешка – сарбаз, ладья – кеме нұсқаларын да атауды жөн көрдік. Сондай-ақ жаңадан қолданысқа ене бастаған ажиотаж – дүрлігіс, акватория – суайдын, беседка – сұхбатхана, бомбардир – сұрмерген, бухта – айлақ, гонщик – шабандоз, дебют – ойынбасы, парашют – желкерме, пьедестал – мәретұғыр, клюшка – сырғытпатаяқ, бита – соққытаяқ, фанат – әсірежанкүйер, тонус – межеқуат, экскурсия – топсеруен, ядро – шарболат және т.б. сөздер берілді.

Сөздікте «трасса» сөзін алғаш күрежол деп қабылдаған едік. Автокөлікке арналған жолды осылай (күрежол) атап жүргеніміз де белгілі. Алайда салалық ғалымдар, терминком мүшелері тарапынан жарыс өткізетін, әсіресе шаңғы жарысжолын трасса деп қалдыру ұсынылды. Сонда «трасса» сөзі трасса күйінде қалып қойды. Бұл сөзден туындаған трасса қоршауы (ограждение трассы), шаңғы трассасы (лыжная трасса), трасса инспекторы (испектор трассы) тіркестері алынды.

Ядро сөзінің екі нұсқасы берілді. Ядро І – ядро. Ядро ІІ – шарболат. Екінші нұсқасы спорттың тікелей төл термині деуге болады. Бұл сөзді заттың басқа затқа ұқсастығына қарап алдық. Ядро – спорт снаряды, ал ол шарға ұқсайды әрі болаттан құйылған қатты зат. Бұл сөзбен қоса шарболат лақтыру (толкание ядра), шарболат лақтыру қолғабы (перчатка для толкания ядра) сынды тіркестер де берілді. Бұрын балға аталып келген спорттық снаряд енді шарбалға аталды. Оған қоса шарбалға лақтыру (метание молота), шарбалға лақтыру қолғабы (перчатка для толкания ядра) сынды тіркестер енгізілді. Бұл сөз де бір заттың басқа затқа ұқсас белгілері арқылы алынды.

База сөзінің тілімізде негіз, база сынды баламалары бары рас. Алайда «бір жерге орналасу», «бір орынға заттарды қою, орналастыру» мағыналарын еске ала отырып, сөздікке орынжай сөзін енгізуді ұйғардық. Бұл сөзбен қатар есу орынжайы (база гребная), атспорт орынжайы (база конноспортивная), шаңғы орынжайы (база лыжная), спорттық орынжай (база спортивная), туристік орынжай (база туристическая) тіркестері берілді. Осыған ұқсас лагерь сөзі шатыржай болып енгізілді. Мұнымен қатар жаттығу шатыржайы (лагерь тренировочный), сауықтыру шатыржайы (лагерь оздоровительный), серуен шатыржай (лагерь походный), спорттық шатыржай (лагерь спортивный), туристік шатыржай (лагерь туристический), оқу шатыржайы (лагерь учебный) сөз тіркестері де алынды.

Кезінде Терминком «атрибут» сөзін төлсипат ретінді бекіткен екен. Алайда ғалымдар «төлсипат» сөзін орыстың «спе­цифика» сөзінің баламасы ретінде беруді ұсынды. Ал атрибут қазақша да атрибут сөзі ретінде алынды.

Заманауи терминжасам үдерісінің өз ерекшеліктері, даму жолы, қағидаттары мен қиындықтары бар. Бір сөзді екінші тілге аудару барысында оның бірнеше нұсқасы пайда болады. Кейбір жағдайда бұл жарыспалыққа да алып келеді. «Халық — сыншы» демекші, көзіқарақты оқырман тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, ұтымды жасалған, үндесімді, әуезді терминдерді өзі таңдап алары, жатсынбай қабылдары хақ.

«Цикл» сөзін алғаш айналым деп алу ұсынылған еді. Кейін келе қайтадан цикл ретінде қалдыруға ұйғарым жасалды. Өйткені «айналым» сөзі орыстың круг, оборот, т.б. сөздерінің қазақша баламалары болып шықты. Осыған байланысты, цикл гребка, цикл движений, цикл лыжного хода, цикл тренировочный, цикличное движение, цикличные упражнения, цикличный метод, цикличность, циклограмма сөздері тиісінше, есу циклы, қимыл циклы, шаңғы жүріс циклы, жаттығу циклы, циклдық қимылдар, циклдық жаттығулар, циклдық әдіс, циклдылық, цикл­жазба түрінде берілді.

Терминком отырысында кірме сөздерді беруде олардың түбірін сақтап қалу жайлы ұсыныстар ортаға салынды. Осыған орай, «олимпиадалық» тұлғасында қалыптасып келген сөз тіркестері олимпиялық болып берілді. Өйткені «олимп» деген сөздің мағынасының өзі ойын дегенді білдіреді екен. Мысалы, олимпиадалық ойындар – олимпиялық ойындар, олимпиадалық алау – олимпиялық алау, т.б.

Сөздікте канат сөзі арқан, каната сөзі кермеарқан, батут сөзі кермесеріппе, тросс сөзі сымарқан ретінде берілді.

Біз сөздікте берілген жаңа сөздердің кейбіреулеріне ғана тоқталдық. Ондай сөздер мыңдап саналады. Ал оларды халық қалай қабылдайды, ол – басқа мәселе. Болашақта бұл сөздікті жалпы оқырман қауым іздеп жүріп оқитын, әрбір оқырманның үстелінде жатар қажетті оқу құралы болатынына сенеміз.

Әрине, кез келген еңбек тәрізді бұл сөздіктің де жетілдіретін тұстары немесе бұрынғыларына қарағанда артықшылықтары болатыны анық. Өйткені тіл – үнемі дамып отыратын құбылыс. Олай болса, тілдік қорымыздың жаңа терминдермен толығып отыруы заңды нәрсе. Алдағы уақытта бұл сөздік жаңаша қырынан, толыққан нұсқада қайта шығарылары сөзсіз. Бірақ әр еңбекте қаншама адамдардың маңдай тері, қалдырған қолтаңбалары жатыр. Сөздік қазақ терминологиясына қосылған алтын қазына, қомақты үлес екені хақ. Бұл келелі іс халық игілігіне айналатын, келер, өскелең ұрпақ үшін мирас болып қалатын маңызды еңбек болатыны рас.

Сөзімнің соңында болашақта ескерілер ұсыныс ретінде айтарым, сөздіктің атауын орыс тілінде «Физическая культура и спорт» ретінде беретін болсақ, қазақша атауын 2000 жылғы сөздіктегідей «Дене тәрбиесі және спорт» емес, «Дене мәдениеті және спорт» түрінде алғанымыз дұрыс деп санаймын. Алайда халық арасында дене шынықтыру, дене тәрбиесі тіркестері қалыптасып кеткені де белгілі. Десек те, сөздерді дұрыс аударуымыз қажет секілді. Сонда физическая культура – дене мәдениеті, физическое воспитание – дене тәрбиесі болар еді. Ал біз жиі айтып, қолданып жүрген «дене шынықтырудың» дұрыс аудармасы «физическая закалка» болып шығады.

Қорыта айтқанда, заманауи терминжасам үдерісінің өз ерекшеліктері, даму жолы, қағидаттары мен қиындықтары бар. Бір сөзді екінші тілге аудару барысында оның бірнеше нұсқасы пайда болады. Кейбір жағдайда бұл жарыспалыққа да алып келеді. «Халық – сыншы» демекші, көзіқарақты оқырман тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, ұтымды жасалған, үндесімді, әуезді терминдерді өзі таңдап алары, жатсынбай қабылдары хақ. Терминдерді талқылауға жалпы қоғам болып атсалысқанның еш артықтығы жоқ. Олардың термин талабына нақ келетінін ­тауып, реттеп, біріздендіріп, жүйелеп, нормалап, тілге жолдама беру сала мамандары мен тілшілердің бірлесе, ынтымақтаса отырып істейтін азаматтық та абыройлы борышы дер едім.