​Ұлттың танымдық сөздігі

​Ұлттың танымдық сөздігі

Кеше қазақ этногра­фия­сының қысқаша сөздігі жарық көріп, Ұлт­тық академиялық кітапханада тұсау­кесер рәсімі өтті. Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне тарту ретінде шыққан сөздік қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, араб тілдерінде басылған.

Сөздікте салт-дәс­түр ұстаным­дары­мыз, тұрмыс-тірші­­лігіміз, киім үлгі­леріміз, құрал-сайман­дары­мыз, үй жиһаз­дарымыз, той-думан кезін­­дегі әдет-ғұрыптарымыз, тағы да бас­қа халықтық қалыптарымыз жинақталыпты.

Алғашқы сөзді академик Ғарифолла Есім алып, Елбасы Н.Назарбаевтың халық­аралық көрмені өткізудегі мақсаты елордаға ел жинау еді. Ол ниеті орындалды. Қазір Астанамызға жүз­де­ген мемлекеттер, ондаған ұйым­дар келді, деп атап, соларға тарту ретін­де ұсы­ны­­лып отырған сөздік туралы қыс­қаша баян етті. Авторларға сөз тигенде, Қазақстан Педагогика ғылым­дары ака­де­миясының президенті Асқар­бек Құсайынов, бұл сөздікті құрас­тыру қысқа мерзімде жүзеге асқанын, 1100 сөздің жинақталғанын, 500-ге тарта кітапты ЭКСПО-ны ұйым­дас­тыру­шыларға тегін бергенін айтса, Әлімхан Жүсіпбек ұлт бейнесін танытатын сөздердің таңдаулылары ғана жинақталды десе, Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов, халықты таныстырып, табыс­тыруда сөздіктің рөлі қашанда жоғары екеніне мысалдар келтірді. Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі идеясын ЭКСПО-ға келіп жатқан шетелдіктерге осы сөздіктегі ұғымдар арқылы Отаны­мыздың тіл байлығын танытамыз, сонымен бірге, бұл сөздік мамандар мен студенттерге де таптырмайтын құрал, деді.

Оразгүл Асанғазы сөздік, өзге ұлт­тарды қойып, өзіміздің қандас­тары­мызға да септігі тиетінін тілге тиек етті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қазір жастарға кітап бояуының «иісін» сездіру қиын болып бара жатқан заманда, бұл сөздік ұлтты танып-білем дегендер үшін таптырмас жәдігер екенін жеткізді. Белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев сөздіктің жарық көруі рухани өмірдегі елеулі оқиға екенін атап, «Біз кімбіз?» десек, осындағы сөздер арқылы тек-тамырымызды айтатынымызды, бар болған соң осындай дүние жарық көріп отырғанын, ендеше Қазақ елін ЭКСПО арқылы тануға келген жұрттарға осы кітапты беруге болатынын еске салды.

Академик Болат Көмеков жаһан­дану заманы елді бір қалыпқа салуға ұмтыл­ған тұста, ұлтты сақтап қалу жолын­дағы талпынысқа мұндай сөздік­тің қосары мол екенін, Еуропаны мекен еткен мажарлықтар 1986 жылы ұлт тілінің 6 томдық этнографиясының энци­клопедиялық сөздігін шығару арқы­лы ұлт болмысын сақтап қалуға талпын­ғанын үлгі етіп, келешекте қазақ сондай этнографиясының энциклопедиялық сөздігін шығару керектігін еске салып, мұндай рухани құндылықтар 2000 данамен емес, көп таралыммен жарыққа шығып, әр отбасының төрінде тұру керектігін атады.

Алты тілде жарық көрген сөздіктегі ұлтымыздың бет бейнесі саналатын аталы ұғымдарды оқып отырғанда ойымызға Әлихан Бөкейхановтың: «Қазақ надан, қазақ көшпелі, қазақ мәдениетсіз, қазақ жоғалып кетеді, бұған жер неге керек», – деп оттаған дұшпандар бар», – деген сөзі ойға орал­ды. Шынында, қазақтың бай тілі­нің бағы тәуелсіздіктен кейін жар­қырай түсті. Соның бір дәлелі қазақ этно­графиясының сөздігі дер едік.