​Тіл үйретудің тиімді тәсілдері талданды

​Тіл үйретудің тиімді тәсілдері талданды

Тіл үйретуде ең бастысы тиімді тәсіл таңдай білу қажет. Яғни нәтижелі, қолданбалы әдіс қана оқушының тілді тез меңгеруіне ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Мемлекеттiк тiлдi үйрету элиталық курсы» мәдени мекемесімен бірлесе отырып, Өскемен қаласында «Жексенбілік мектептерде қазақ тілі мен ұлттық (ана) тілдерді жеделдете оқытудағы әдіс, тәжірибе, инновация» тақырыбында республикалық семинар-тренинг ұйымдастырды. Шараға ел аймағындағы тіл оқыту орталықтарынан 70-тен аса әдіскерлер мен оқытушылар қатысты.

Семинар Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз кезегінде пленарлық отырыстың өзектілігі мен мақсатын да айшықтап айтып өтті.

Басқосу барысында «Мемлекеттік тілді үйрету элиталық курсы» мәдени мекемесінің директоры Сәуле Бақтыбаева оқыту курстарында мәдени-тілдік бой үйрету сабақтарының құрылымы мен мазмұнын талдап, жоба ерекшеліктеріне тоқталды.

- Бұл жобаның негізгі мақсаты - тілдерді оқытудың озық әдістемелері бойынша және басқа да озық тіл үйрету құралдарының көмегімен түрлі этностық топтардың тыңдаушыларына мемлекеттік тіл мен ана тілдерін үйрету. Сондықтан қазақ тілі мен ұлттық (ана) тілдері мәдени ортасына бой үйретіп, тілдерді меңгеруіне, тарих пен мәдениетті, бай салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды әрбір тыңдаушылардың жас ерекшелігіне қарай бойына сіңірту үшін, біз ең алдымен кадрлар дайындауымыз керек,- деді ол.

Бағдарлама бойынша семинар Көптілді білім беруді дамыту орталығының директоры, ф.ғ.к., доцент Сәуле Асанбаеваның қазіргі тіл үйрету жүйесінде көптілді полимәдениетті тұлғаны қалыптастыру туралы баяндамасымен жалғасты. Мазмұнды баяндамадан кейін семинарға қатысушыларға арналған тіл үйретудің психологиялық аспектілері туралы тренинг ұйымдастырылды. Тренингті «EDTECH» халықаралық білім орталығының бас директоры, Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бейсембаев жүргізді. Ол тіл үйретудің психологиялық тұрғыдан әсерін практика арқылы түсіндірді.

Семинардың екінші бөлімінде үздік сабақ үлгілері көрсетілді. Г.Жұмағалиева, А.Түктібаева, Н.Доспанбетова, Қ.Еспаева, Г.Нұрғазина, Н.Жұбанышева, Ш.Садуова, Н.Мейрманова, А.Әубәкіровалардың жұмыстары қаралып, талданды.

Шарада мемлекеттік тілді оқытумен қатар этнос тілдерін үйретудің де әдістері айтылды. Е.Литвинова, Д.Абдувахапова, Х.Санху, С.Аргиропуло, З.Алиева, М.Байрамкулова өзге тілдерді оқытудағы инновациялық әдістерге тоқталып, тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар соңында сала мамандары еркін пікір алмасып, басқосуда бірқатар мәселелер шешімін тапқандығын тілге тиек етті.

- Семинар-тренинг барысында мемлекеттік тіл мен этнос тілдерін оқытуда тиімді әдіс-тәсіл дайындап, қолданысқа енгізген сала мамандарымен тікелей жүздесіп, тәжірибеде кететін қателіктер мен артықшылықтары ашық талқыланды. Тіл үйретудің тиімді, бірізді технологияларын қолданысқа енгізу жайы қарастырылды. Әдіскерлер мен оқытушылар үшін бірқатар түйінді мәселелер шешімін тапты деп айта аламын, - деді «Haileyburu Astana» британдық мектебінің оқытушысы Г. Жұмағалиева.

- Мемлекеттік және ана тілдерін меңгертудің ортақ жүйесін жасау өзекті мәселе. Өйткені курстарды ұйымдастыруда болсын, оларды қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуде болсын қажетті жүйе әлі де тек қалыптасу деңгейінде ғана. Сондықтан бүгінгідей ауқымды шаралар бұл саладағы түйінді тарқатуға ықпал етеді, - деп семинар-тренингті қорытындылаған Е. Тілешов қатысушыларға сертификат табыстады.