Ұрпағымыздың тілі жойылып бара жатыр

Ұрпағымыздың тілі жойылып бара жатыр

Әлемдегі қазақтардың ортақ үлкен бір проблемасы – тіл. Ұрпағымыздың тілі жойылып бара жатыр. Мәселені шешудің бір жолы – шетелде қазақ телеарналарын көрсету. Бұл шетелдегі қазақтардың өз ана тілін үйренуіне септігін тигізер еді. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы аясында өткізілген «Шетелдегі қазақ диаспорасына мәдениет, спорт, ақпарат құралдары жөнінен қолдау көрсету және дін мәселесі» атты дөңгелек үстел отырысында Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті қоғамының төрағасы Кесижи Ысмайыл айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өкінішке қарай, әлемдегі қазақтардың ортақ үлкен проблемасы – тіл. Осында жиналған қазақтардың шешілмеген мәселесі тіл болып отыр. Ұрпағымыздың тілі жойылып бара жатыр. Ұлыбритания қазақ мәдениеті қоғамының төрағалығына биыл келдім. 15 жыл болды. Тіл мәселесін көтеруден шаршадым. Талғат аға да (Талғат Мамашев – дүниежүзі қазақтары құрылтайының бұрынғы төрағасы) біледі. Олар бізге түрлі кітап берді. Көмектерін аяған жоқ», - деді ол.

Осы орайда Кесижи Ысмайыл Ұлыбританиядағы қазақтардың өз тілін үйренгенімен оның қолдану аясы өте тар екендігін айтты.

«Аптасына бір рет, сенбі күні 2 сағаттан артық қазақ тілін үйрете алмаймыз екен. Олай болмайды екен. Бізге «Болашақ» бағдарламасымен оқуға келген балалар көп. Олар арасында келіп, қазақ тілін үйретіп жүр. Бірақ баланы алып келіп, аптасына 2 сағат оқытады. Алайда ол ендігі аптада келгенде тілді білмейді. Білесіздер, тілді үйрену деген өзеннің ағысына қарсы жүзу сияқты. Тоқтап қалса, кейін кетіп қалады. Ешқашан орнында тұрмайды», - деді ол.

Сонымен қатар Ұлыбританиядағы қазақ мәдениеті қоғамының төрағасы шетелде қазақ тілін дамыту үшін не істеу қажеттігін ұзақ ойланғанын тілге тиек етті.

«Бұл мәселені қалай шешеміз деп мен ұзақ ойландым. Сөйтсем, Еуропада туып өскен қазақтың балалары түрік тілінде сайрайды. Бәрі түрік тілінде сөйлейді. Мен мәселені шешудің бір жолын таптым. Ол медиа, теледидар. Олар (шетелдегі қазақ отбасылары – автор) баласы ойнап отырсын деп түрік телеарналарын қосып қояды. Түркияның Еуропаға шығатын 250-ден астам каналы бар. Олар әртүрлі тақырыпты қамтиды», - деді ол.

Кесижи Ысмайыл аталмыш мәселені шешу үшін шетелде тек қазақ тілінде хабар тарататын арналарды көрсетуді ұсынды.

«Әрине, біз Қазақстан Еуропаға каналын шығарсын деп айта алмаймыз. Құдайға шүкір, мемлекетіміз дамып келе жатыр. Ширек ғасырда Астананы салу, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізіп, 1 ғасырдың жұмысын істеген мемлекет болды. Кешегі Сирия мәселесін шешуде Астана платформа ұсынып отыр. Айтпағым, шетелдегі және әлемдегі жалпы қазаққа 2-3 қазақ каналдары болса. Әке-шешесімен теледидар көріп отырған бала 2-3 сөзді осы арналардан үйренсе, бұл тіл мәселесін шешуге септігін тигізер еді деп ойлаймын. Менің ұсынысым осы. Мысалы, бізде «Хабар» телеарнасы бар. Бірақ бұл арна бүкіл әлемге арналып отыр. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпарат таратады», - деп түйіндеді сөзін төраға.