​Сөз жүйесін сақтамау спорт комментаторына – сын

​Сөз жүйесін сақтамау спорт комментаторына – сын

Қазақ тілінің байлығын, сөз әдебін, тіл мәдениетін барынша танытатын бірден-бір сала – комментаторлық мамандық дер едік. Себебі комментатор тілді қолданып, сол тіл арқылы мыңдаған, миллиондаған аудиторияны өзіне қаратып, назарда ұстап тұрушы. Көркем де, жатық сөйлеу, әрбір сөзді өз орнымен қолдану, тілдің стилистикалық, грамматикалық заңдылықтарына нұқсан келтірмеу – комментаторлар үшін жауапты міндет.

Біле білсек, комментаторлық қызмет – үлкен өнер. Бұл саланың тіз­гінін ұстаған маман жан-жақты әрі терең білімді болумен қатар сөзді тауып айту, қиыннан қиыстыру, көрерменді жетелеп отыру тәрізді шешендік қасиеттерге ие адам болуы керек. Бірақ бұл талап қаншалықты сақталып жүр деген мәселеге келсек, ойланып қалатынымыз рас.

Мысaлы, қaзipгi спорттық oйын­дapды қызықты eтiп жүpгiзу үшiн тeк қaнa көрсетеліп жатқан бeйнe бoйыншa сөйлeп oтыpу aздық eтeдi. Aқпapaттың бapлығын бағамдап отыратын көpepмeн комментаторлардан әртүрлі стaтистикaлық мәлiмeттep де күтeдi. Сөйлeу мeн дaуыс ыpғaғын­дaғы epeкшeлiктi, тaмaшa лoгикaлық жүйe мeн шaпшaңдықты қажет ететін мaмaндықтың үдeсiнeн шығу eкiнiң бipiнiң қoлынaн кeлe бepмeсi aнық.

Қазіргі спорт комментаторлары жөнінде қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, Қазақстан спортының құрметті қайраткері Сұлтанғали Қаратаев ағамыз баспа­сөз құралдарына берген бір сұхбатын­да өз ойын былайша жеткізген еді: «Қазақ тілді комментаторлар орыс тіліндегі сөздерді (калька сөздерді) қолдануға машықтанбауы керек. Авария, катастрофа дегенді көп қолданады. Мұның бәрі апат болмай ма?! Комментаторларға ізденіс керек. Сөздерді дұрыс, орынды қолдануға тырысуы тиіс және кірме сөздерді азайтып, өзіміздің қазақша терминдерді қолдануға көшу керек. Екіншіден, коментаторлардың себепсіз айқайы көп. Гол сөзін қырық секунд созып айтудың қажеті жоқ. Одан кейін, кірме сөздерді қолдануға ынтық болмаған дұрыс. Оларды ұқсас сөзбен алмастырып отыру керек. Бірде футбол десең, бірде аяқдоп де. Қазақ комментаторлары І раунд, І тайм, І сет дегенді көп қолданады. Неге мұның орнына қазақтың бір ғана «кезең» деген сөзін қолданбасқа?!» дейді спорт журналистикасының ардагері.

Елімізде жанкүйерлердің ілти­патына бөленіп жүрегін ком­ментаторлар аз емес. Көрермендері оны дауысынан-ақ танып жатады. Танымал комментаторлардың қа­тарында Амангелді Сейітхан, Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен сынды азаматтар бар. Бұл орайда Амангелді Сейітханның өзіне тән сөз саптау ерекшелігін атап өтуге болады. Есей Жеңісұлының тіл мәдениетін жақсы меңгергенін, ­сауатты сөйлейтінін айтуға болады. Жастардың сүйікті комментаторына айналған Ермұхамед Мәуленнің ойынды еркін форматта жүргізуі, ойын кезінде әзілімен, тапқырлығы­мен көрерменнің көңілінен шыға білуі қуантады. Асхат Сағынаевтың қоңыр дауысы футболды тамашалап отырған көрерменге ерекше әсер сыйлайды.

«Бес саусақ бірдей емес» демекші, комментаторлардың арасында да жүрісінен жаңылатын сәттер аз болмайды. Тікелей эфир болғаннан кейін жауапкершіліктің салмағы ауырлай түседі ме, әйтеуір, бірі алаңдағы футболшыларды шатас­тырса, бірі ойын кезінде бейтарап болмай, өзінің эмоциясын да көрсетіп қоятын сәттері аз емес.

Осы тақырыпты зерттеу барысында «Спортқа қызығатын, спорттық жарыс-тарды тамашалайтын көрермендердің көбі өзіміздің комментаторларға көңілдері толмай жатады. Себебі неде?» деген сауалымызды Фараби Әбдіхалық есімді спорт журналисіне қойған едік. Ол өз ойын былай жеткізді:

– Ең басты мәселе, тікелей эфир алдында дайындықтың пысықталмауы, сонымен қатар көзі қарақты көрермендерге айтар ақпараттың аздығы деп ойлаймын. Мысалы, футбол жүргізіп отырған маман команда жайлы, әр футболшы жайлы мәліметті ойын барысында ғаламтордан іздеп отырады. Сондықтан тартысты бәсеке кезінде алаңдағы жағдай айтылмай, назардан тыс қалады. Ал көрермен үшін әрбір голдың сарапталуы немесе тәртіп бұзылғанда кімнің, не себептен кінәлі болғанын біліп отыру маңызды. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдегі спортсүйер қауым комментатордың біліктілігін біліміне және ең бастысы спорттық ойынды сараптай алуына қарай бағалайды. Алаңдағы кез келген жағдайды назардан тыс қалдырмайтын Константин Геничті, ағылшын футболын бес саусағындай білетін Александр Елагинді орыс көрермендері құрмет тұтады. Егер ойынға тыңғылықты дайындығың болса, әр спортшы, бапкер, спорт өтіп отырған орын жайлы мәліметтерің болса, қағазға қарап немесе ғаламтор ақтарып отырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ондай жағдайда матчтың атмосферасына кіру де аса қиындық тудырмайды.

Орталыққа зәрулік бар

Бізге шынындa дa, қaзaқтілді спopт кoммeнтaтopлapын дaяpлaйтын бip opтaлық кepeк-ақ. Oндa тeк peпopтaж жүpгiзудiң тeтiктepiн ғaнa eмeс, сөйлeу мәдeниeтiн меңгертіп, жүpгiзiп oтыpғaн спopт түpiнiң мән-мaғынaсын, кәсiби тepминдepiн дe қoсa үйpeткeн жөн. Бұл peттe бiздiң спopт жуpнaлистикaсының мaйтaлмaн мaмaндapы Бepдiқұлoвтың кeйiпкepлepiмeн дe жиi «тiлдeсiп», aуыз әдeбиeтiн көп oқу кepeк дeп кeңeс бepeдi. Сoндa ғaнa «болып табылады», «өткір шабуыл», «жауапты кездесу», «рекашеть», «теңбіл сфера», «дөңгелек снаряд», «доппен Криштиану Роналду» сeкiлдi қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес келе бермейтін сөздер мен сөз тіркестері көп айтылмас еді.

Жасыратын несі бар, еліміздегі спорт жанкүйерлері футбол немесе басқа да спорттық ойындарды теледидардан тама­ша­лаған кезде комментаторларға көңілдері тола бермейтіндіктерін айтады. Тіпті өзіміздің жанкүйерлер арасында футболды дыбыссыз көретіндер де бар екен. Себеп – жүргізушінің сөйлеу мәдениеті ойдағыдай емес.

Тағы бір айта кетерлік жайт, біздің елде футбол ойынын жүргізетін комментатор өзге де спорт түрлерін, мәселен хоккейді де, үлкен теннисті де, баскетбол мен волейбол және т.б. ойындарды да жүргізе береді. Олар кейбір спорттағы терминдерді білмеген соң жарысты жалпылама, жалпақ тілмен суреттеп, өрнектейді. Осыдан келіп, білместікке жол беріледі. Ең дұрысы – комментаторлардың бір спорт түріне маманданғаны емес пе? Әйтпесе, «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді». Әр саладан хабары бар бесаспап комментатор болу үшін өмір бойы ізденіп өту керек.

«Шайқап жүр қазір Жақсыдан үйрене білейік

Жақында (12.04.2017 ж.) отандық «Қаз­спорт» арнасынан шымкенттік «Ордабасы» мен қызылордалық «Қайсар» командалары арасындағы ойынды тамашалаудың сәті түсті. Сол ойыннан кейін футболды көруге деген ынта-ықыласымыз онша болмай қалды. Ойынды қазақ тілінде Ерсін Ерік есімді комментатор жүргізді. Сөйлеу тіліне назар аударып көрсек көптеген қателіктерге жол берілді. Оның ішінде сөзге жауапсыз қарау, қалай болса солай қолдану. Атап айтар болсақ: «Ордабасы өз алаңдарында жақсы ойнап жүр», «Тобыл қақпасын бағындыра алмады», «Көмек тамаша бере білді», «Шайқап жүр қазір екі ойыншыны», «Қазақстан кубогының 8/1-ші финалында», «Көсіле ойнауларына мүмкіндік бар», «Сәл тығылып өнер көрсетіп жүр», «Алматтың алға асырылған добы», «Командасының оң қапталында жүр», «Соққысы айдалаға ұшты», «Гол соғуға тырысып көріп бақты»… Осындай сөз қолданыстары қазақтың шұрайлы тілін әйгілеп тұр деп қалай айтамыз?

Биыл қыс айларында өткен ­Бүкіл­ә­ем­­дік қысқы «Универсиада – 2017» ойын­дарын­да қазақ тілінде спорт сайысын жүргізген комментаторлар озық ойлы, орақ тілді екендіктерін көрсете білді. Алайда, кей сәттерде сөз саптаудан шатасып, асыра сілтеп, кейбір сөздерге аса көп бояу беріп, лексика-семантикалық, стилистикалық жағынан да бірқатар олқылықтарға жол берілді. Эфир барысында тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдерді ойдан құраған сәттерге де куә болдық. Спорт комментаторларына сай талаптардан ауытқып, қажетсіз мағлұматтарды айтып, көрермендерді жалықтырған тұстары да баршылық. Сөйленіп жатқан сөздердің арасында мағынасы екіұшты, дүдәмал, орашолақтары да кездесті, мәселен: «Қыл үстіндегі ойын», «Жігіттеріміз қазір барларын салуы керек» (Ж.Әзберген. Хоккей), «Қарсыластардың жұлдыздай аққанын көріп отырсыздар», «Қарсыластарға тыным алдырмауымыз керек» (Ж.Айтбайұлы, Шайбалы хоккей), «Қанаттарын кең жайып ойнаса…», «Ал атап айтсақ, Алматы Аренаға жиналған жұртшылық әрбір спортшыны ыстық ықыласпен қарсылауда», «Мұндай суықтық біздің спортшыларға кедергі келтірмейді» (Е.Көшкінбай, Хоккей. Ресей-Қазақстан, финалдық ойын. Шаңғы жарысы), «Ары қарай психологиялық оңай болады» (А.Аймағамбетов, Коньки)…

Сондай-ақ хоккей ойынын тікелей эфирде жүргізген Жігер Әзберген жарыс барысында «Кескілескен шайқастың салдарынан осы мұз айдынынан қамшының іздері байқалып жатыр» деді. Бұл да сөз қолданысындағы өрескел қателіктердің бірі. Өйткені кескілескен шайқас деп айтатындай соғыс болып жатқан жоқ қой. Бұл екі команда арасында өтіп жатқан жай ғана тартысты ойын еді.

Мақаланы жазудағы мақсатымыз – комментаторлардың кемшіліктерін тізбелеу емес. Артық-кем кеткен тұстарға ой көзімен қарап, алдағы уақытта сөз қолданыстарына жауаптырақ қарасақ деген тілек бар. Спорттық ойындар тікелей эфирде көрсетілетіндіктен азды-көпті кемшіліктер кетіп жататыны мәлім. Бірақ жауапкершілік деген мәселені комментаторларымыз естен шығармаса екен дейсің. Әрине, «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді. Дегенмен, қазақ тілінің тазалығын сақтау жолында көбірек ізденіп, тіл мәдениетін арттыруға басымдық беруіміз керек.

Ресей елінің комментаторларының тәжір­биесі мол екені бірден байқалып тұрады. Өйткені олар жоғарыда айт­қанымыздай, белгілі бір салаға ғана маманданып, соның қыр-сырын жетік меңгереді. Тікелей эфирді жүргізіп отырғанда көрер­мендер аудиториясына сапалы қызмет көрсетеді. Толыққанды ақпарат беру, ойынға болжам жасап отыру тәрізді қызық­ты дүниелерді алға тартып тыңдарманын жалықтырмайды. Ойынның көркін қыздырып, сөздерді майдан қыл суырғандай етіп қолданады. Асыра мақтау жоқ, орынсыз теңеулерді кездестіру де қиын. Мұның бәрі комментаторлардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін аңғартады. Бұл салыстыру кезіндегі байқалатын жайттар. Әлемдік, халықаралық деңгейдегі комментаторлардың шеберлігіне назар аударсақ, сүйініш танытарың анық.

Тіл сауаттылығы – басты талап

Қазақ комментаторларының мектебі бүгін ғана пайда болып, қалыптасып жатқан мектеп емес. Оның өз дәстүрі бар. Шешен сөйлеуді, ұтымды теңеулер тауып, ойды дәйекті етіп жеткізуді қалайтын көрермен қауым кеше де болған, бүгін де бар. Демек, бүгінгі комментаторларға қойылар талап жоғары әрі жауапты. Ең бастысы, қай комментатор болса да, көрермен қауымды қазақ тілінен алшақтатуға емес, қазақ тілінің ғажаптығына қайран қалдыруға септігін тигізуі керек қой.

Спорт – өнер дейміз. Осы өнердің бір қыры – комментаторлық кәсіппен тікелей байланысты. Шынтуайтына келгенде, комментатор тек спорттық жарысты көркем сөзбен кестелеуші ғана емес, ол сайыс барысындағы ең басты тұлғалардың бірі. Комментатор арқылы қарапайым көрермен көп мағлұмат алып қана қоймай, тіл сауаттылығын да арттырып отырса, қандай ғанибет. Бұл орайда қазақтың ұлттық ойындарға қатысты байырғы сөздерін де ретін тауып қолданып отырудың маңыздылығы ерекше екені сөзсіз.

Қорыта келгенде тақырыпқа байланысты бірнеше ұсынысты ортаға салсақ дейміз. Біріншіден, еліміздегі журналис­тика факультеттерінің жанынан комментаторлар даярлайтын орталықтар ашу қажет. Бұл орталықтарға тәжірибесі мол мамандарды тартып, жастарды тәрбиелеуге көңіл бөлгеніміз жөн. Екіншіден, кoммeнтaтopлap apaсындa олардың шеберліктерін шыңдауға бағыт­талған байқаулар, түрлі сайыстар ұйымдастырылса; спорт журналистикасына маманданып жүрген жастар үшін білік­тіліктерін арттыратын семинарлар өткізілсе; қазақтілді комментаторларға арналған оқу құралдары мен оқулықтар жазылса; комментаторлық өнерге және спорт терминдерін жинақтап, бір ізге түсіруге байланысты жұмыстар жүйелі атқарылса нұр үстіне нұр болар еді. Әpинe, бұл aйтылғaндapдың бapлығы уaқыттың eншiсiндeгi дүниe. Дегенмен, осы мәселеге Мәдениет және спорт министрлігі мен облыстық спорт басқармалары тарапынан назар аударылып, ғылыми жиындар, конференциялар мен алқалы басқосулар ұйымдастыру – күн тәртібіндегі мәселе деп білеміз.